Дипломдық жұмыс: Биология | ТҮЛКІБАС АУДАНЫНА ФЛОРАСЫНА ҚЫСҚАША СИПАТТАМА

Мазмұны
КІРІСПЕ.
1. ТҮЛКІБАС АУДАНЫНА ФЛОРАСЫНА ҚЫСҚАША ФИЗИКАЛЫҚ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ СИПАТТАМА.
2. ТҮЛКІБАС АУДАНЫ ФЛОРАСЫНЫҢ ЗЕРТТЕУ ТАРИХЫ.
3. ТҮЛКІБАС АУДАНЫНЫҢ ФЛОРАСЫ.
3.1. Таксономиялық талдау.
3.2. Тіршілік формалары.
3.3. Түлкібас ауданы флорасының конспектісі.
4. ТҮЛКІБАС АУДАНЫНЫҢ ӨСІМДІК ҚОРЛАРЫ, ОЛАРДЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ САҚТАУ.
ҚОРЫТЫНДЫ.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР.
ҚОСЫМША
КІРІСПЕ
Қаратау мен Батыс Тянь-Шанның қиылысында, тоғысында орналасқан Түлкібас (Түркібас) ауданы Қазақстандағы, тіпті бүкіл Орта Азиядағы флорасы бай өлкелердің бірі. Ауданның жер ауқымында 2000 - ға жуық өсімдік түрлері өседі. Түлкібас ауданындағы мұндай бай алуан-түрліліктің болуын оның табиғи жағдайларының байлығымен түсіндіруге болады. Өйткені осы ауданның жер ауқымында биік таулық, альпілік шалғындар мен мұздықтарға дейінгі (Ақсу-Жабағылыдағы биік тау, Иірсу) дүние жүзіндегі барлық табиғи аймақтардың үзінділерін кездестіруге болады (субтропикалық) саваналардан бастап Пістелі мен Дәубабадағы тау пістелі бадалшіліктер.
Түлкібас ауданының жасыл жамылғысы мен флорасын өткен уақыттарға, дәуірлерге тән флоралардың өкілдері құрайды.
Ежелден келе жатқан әр түрлі эволюциялық, табиғи-тарихи қатпарлардың осы өкілдері - Түлкібас жерінің флорасы мен өсімдіктер дүниесінің негізін қалаушылар. Одан бергі уақыттағы табиғи даму, түр құрылу өсімдік түрлерінің таралуы осы негізде жүрген. Тек осы өңірге ғана тән даму үрдісінің белгісі болып табылатын эндемик түрлер. Батыс Тәңіртау (Аспан тау) мен Қаратаудың тоғысындағы Түлкібас (Түркібасы) жері біздің еліміздегі өте маңызды эндемизм орталығы болып табылады. Жердің бетінде тек ғана Қазақстанда өсетін 850 эндемик түрлердің 41%-ы Оңтүстік Қазақстанда кездеседі. Тек Оңтүстік Қазақстан облысында кездесетін эндемиктердің 45%-ға жуығы осы Түлкібас өңірінде. Түлкібастың табиғи байлығы ежелгі уақыттан бері осы өңірді мекендеген ел-жұртың тұтыну қоры, тіршілік көзі болып келеді. Оның себебі - өсімдіктер дүниесі шаруашылыққа пайдалы өсімдіктердің 100-ге жуық түрін осы өңірдегі ел-жұрт кеңінен тұтынады, ал кейбір түрлердің тіпті елеулі өндірістік қорлары да бар. Кеңінен тұтынылатын түрлер мыналар:
Сары долана - жемісі өте дәмді витаминге бай, жергілікті халық көп мөлшерде тосап қайнатып алады, соңғы жылдары үлкен қалаларға көптеп шығарылып сатылып жүр;
Жабайы алма - Сиверс алмасы - жемісі дәмді, витамин мен пектинге бай, қоры тым азайып кеткен;
Жабайы жүзім;
Тay пісте;
Жаңғақ;
Рауғаш - қымыздық.
Сонымен қатар, Түлкібас ауданында долананың, итмұрынның, шайгүлдің, жұпаргүлдің, солмасгүлдің немесе шөпшайдың, мыңжапырақтың, қызыл мияның, қылшаның, теміртікеннің, киікотының, тасшүйгіннің және т.б. бірқатар дәрілік және басқалай пайдалы өсімдіктердің жеткілікті қоры бар. Ал кейбір өсімдіктер үшін Түлкібас жері Бүкіл Қазақстан бойынша жалғыз өндірістік база болып табылады. Мысалы, сары долана, қызыл долана, алша, тау пісте. Бұл өңірдің флорасы хош иісті эфирмайлы өсімдіктерге де, бал беретін омарталық өсімдіктерге де бай. Осы пайдалы өсімдіктердің ішіндегі аса маңыздылардың бірі мен бірегейі.
Мәдени өсімдіктерді жабайы туыстарының елеулі массивтері де осы Түлкібас жерінде. Олардың ішіндегі бағалы нәсілдік қасиеттері барлары -жабайы алма, жабайы алмұрт жабайы жүзім, алша, шырғанақ, жиде, бүлдірген, жаңғақ тау пісте, дәнді дақылдардан - жабайы арпа, көкөністерден - жабайы сарымсақтар. Түлкібас жері декоративті - әсемдік өсімдіктерге бай болып табылады. Олардың ішінде ерекше атап өтетіндері әсемдік декоративті ағаштар мен бұталар: бадон парсы шетені жауқазынның өте бағалы түрлері Грейг жауқазыны, кауфманн жауқазыны, Альберт жауқазыны әсем гүлді жабайы жаулар қаратау пиязы, Северцов пиязы, Іле пиязы және шырыш етікші сияқты т.б. көптеген әсем гүлді өсімдіктер.
Ежелгі уақыттан бері тұрақты пайдалану көптеген өсімдік түрлерінің табиғи қорының кемуіне әкеліп соқты. Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген 300-ге жуық түрдің 40%-ы Оңтүстік Қазақстан облысында. Түлкібас ауданындағы 45-50 өсімдік түрі Қазақстанның қызыл кітабында. Оның ішіндегі 30 түрі Ақсу – Жабағылы қорығында. Соңғы уақыттарда парықсыз тұтынудан көп зардап шеккен өсімдік - сабынтамыр мен сары долана.
Соңғы 5-10 жыл ішінде бойында отырғызылған жасыл желекті құрайтын ағаш-бұталарға балта шабылды. Жергілікті халық құрметпен қарайтын өрік, жаңғақ, долана, алша, тау пісте кәтреңкі және т.б. ағаштар мен бұталар қиылып, олардың Түлкібастағы генофондына (нәсілдік қорына) айтарлықтай нұқсан келтірілді. Түлкібастың табиғатына зиянды әсер етіп жатқан тек осы жерге ғана тән өсімдіктердің генофондының азып-кемуінің себебі - тек қана жергілікті жердегі тұрғындардың оны тиімсіз, парықсыз тұтынуында ғана жатқан жоқ.
Қазақстанның экологиялық мәселелердің де нысандары көрініс беріп қалды. Мысалы, жалпылай шөлдену үдерісі (процесі) жүріп жатқандықтан, бұрын бұл жерде кездеспейтін көптеген шөлдік өсімдік түрлері көптеп кездесетін болды. Ауыл селолардың айналасындағы тұтасып тұрған ақтікенмен қоса, Түлкібас ауданында ебелектің, ақ мияның, адыраспанның, ақ сұр алаботаның, арамшөптік көкпектің, қарашағырдың алып жатқан жер ауқымының көлемі жылдан-жылға ұлғайып келе жатқан жер (ауқымының көлемі) Аралдың экологиясының ықпалы ретінде Арыстың бойын жағалап жыңғыл жылжып келеді - қазіргі уақытта жыңғыл тіпті Арыс өзеніне құятын Көкбұлақ, Құлан, Жыланды сияқты өзен салаларының бойында сирек болса да кездесе бастады. Бұл дегеніңіз Түлкібасқа тұз келіп, сортаңдану үдерісі жүріп жатыр деген сөз. Бұл шөлдену процесін тереңдете түсетін тағы бір себеп - бір ағаш кессең, он ағаш ек принципінің (қағидасының) бұзылуы. Соңғы он жыл ішінде аудан көлеміндегі бау-бақша жасыл желекке аяусыз балта шабылып, көп мөлшерде ағаш қиылды. Жығылғанға жұдырық дегендей 2000 жылы Қаратаудың баурайындағы тау пісте, доланадан тұратын бадал шіліктер, алшалы - алмалы тоғайлар өртеніп кетті. Егер, бір кісідей жұмылып, осы шығынды қолдан қалпына келтіру жұмыстарды іске асырмаса, ол орман-шіліктердің табиғи жолмен қалпына келуі үшін бірнеше ондаған жылдар керек болады.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері: Түлкібас ауданы флорасының түрлік құрылымын жинақтау және ауданның өзіндік ерекшелігі бар өсімдіктердің маңыздылығын анықтау және оларды қорғау.
Осы қойылған мақсаттарға жету үшін келесі тапсырмалар жоспарланды:
1. Ауданның флоралық түр құрылымын анықтау.
2. Таксономиялық талдау жасау, тіршілік формаларын анықтау.
3. Түлкібас ауданы флорасының маңызды өсімдіктеріне сипаттама беру.
4. Сирек кездесетін өсімдік түрлерін айқындау және оларды қорғау.
Жұмыстың жаңашылдығы: Алғаш рет Түлкібас ауданы флорасының түрлік құрамы анықталып 86 тұқымдасқа 395 туысқа бірігетін 956 жоғары сатыдағы өсімдіктер түрлері көрсетілген. Түрлердің тіршілік формалары анықталды. Өзіндік ерекшелігі бар өсімдіктердің шаруашылық маңызы, оларды пайдалану және қорғау шаралары көрсетілген.
1. Түлкібас ауданына қысқаша физикалық географиялық сипаттама
География және орография. Талас Алатауы Тянь-Шаньның солтүстік доғасының жоталары жүйесіне жатады (Костенко, 1971ж). Ол Қырғыз Алатауынан оңтүстікке шамамен Чоң-Қайыңды және Қарабалта өзендерінің бастаулары деңгейінде, бірден теңіз деңгейінен биіктігі 4000 м асатын биік жота түрінде бөлініп шығады. Оңтүстік бағыттың осы қысқа аралығында ол Сусамыр мен Талас (олардың бастауларында) өзендерінің арсындағы су айырықтың рөлін атқарады. Одан соң жота оңтүстік-батысқа бұрылып, осы бағытта Тараз қаласына дейін жетеді; бұдан соң ол өз бағытын батысқа, тіпті аздап солтүстік-батысқа өзгертеді.
Талас Алатауының жалпы ұзақтығы - 300 км жуық. Оның ұзынырақ келген шығыс бөлігі Қырғыз Республикасында, ал ұзындығы 100 км жуық батыс шеті - Қазақстанда орналасқан. Бұл аумақ Оңтүстік Қазақстан және ішінара Жамбыл облысының биік таулы аймағын құрайды.
Талас Алатауы Қазақстанның Қырғызстанмен шекарасында айтарлықтай мұздықтары бар биік тау торабын түзеді, одан әр түрлі бағытта ағатын көптеген өзендер мен жылғалар өз бастауын алады. Олардың бастылары: оңтүстік - батысқа ағатын Майдантал және Ойқайың, Күркіреу су, Көксай мен Ақсай - солтүстікке, Жабағылы мен Ақсу - батысқа қарай ағады. Жотаның осындағы қырғыз жағында Талас Алатауының ең биік нүктесі - Манас шыңы (4488 м) орналасқан. Осы тораптан батысқа қарай жота Талас Алатауының Батыс сілемдері деген атпен белгілі екі қырат түрінде Қазақстан аумағына кіреді. Солтүстік - батыс бағыттың қыраты – Жабағылы, ал Оңтүстік - батыстікі - Өгем - Қаржантау таулары. Өгем жотасының батыс шеті мен Қаржантаудың оңтүстік баурайын геологтар Талас Алатауының батыс сілемдері емес, Батыс Тянь-Шяньның өзі ретінде қарастырады.
Жабағылы таулары бір-біріне параллель орналасқан төрт жотадан тұрады: Жабағылы және Арыс өзендерінің арасындағы су айрықтың рөлін атқарып тұрған солтүстіктегі Жабағылытау онша биік емес (2900 м), ал Жабағылы өзенінің оңтүстігінде орналасқан Бұғылытөр, Жусалы және Алатау жоталары (4000 м) биік келген. Алғашқы екеуі (ұзындығы 10-12 км шамасында) осы аттас өзендер Үлкен Ақсу өзенін бөліп тұр. Екі жотада (әсіресе Жусалы) өте жартасты.
Алатау жотасы - Жабағылы және Жусалы өзендері арасындағы су айырығы - батысқа 80-90 км-ге созылып жатыр. Ол 30 км бойы биік (3200-4000 м) қалпын сақтайды, алайды Талдыбұлақ өзенінің шатқалына жеткенде бірден 1500 м-ге дейін төмендеп, Бораншы асуына дейін жайпақ келген аласа тасты қарат (1400 м-ге дейін) күйінде болады. Бораншы асуынан батысқа қарай Алатау 1760 м-ге дейін күрт көтеріледі. Жотаның осы бөлігі енді Алатау емес, Дәубаба деп аталады. Бұл таулардың ең биік шыңы (Дуан) Түлкібас темір жол станциясына төніп тұрады.
Дәубабадан батысқа қарай Алатау одан әрі төмендей береді, кейде бір-біріне ұқсас күмбез тәрізді шыңдары бар таулар түзеді. Бұл Қарақұс, Келте-машат, Састөбе және басқа таулар. Қызылқұм шөліне сұғынып жатқан Қарақтау төбешігін осы жүйесінің соңғысы деп айтуға болады.
Алатау жотасы Жусалы мен Бұғылы төрге қарағанда онша жартасты емес. Оның солтүстік және батыс баурайларын (2700-2800 м) қиыршықты топырақ қабаты жапқан. Оларда (белдеуге сәйкес) далалық, шалғындық шөптер мен ағаш-бұталар өскен. Алатаудың оңтүстік және шығыс баурайларын таста, ақшыл мәрмәр түстес ізбес алып жатыр, кейбір тұстары жартасты келген.
Дәубаба тауының солтүстік баурайы тік, оңтүстігі көлбеу келген, жері қиыршықты, кейде тасты, жартастарда кездеседі. Мұнда барлық жерде саванна типіндегі өсімдіктер дүниесі кең тараған, арша, долана, сондай-ақ шалғындық-далалық өсімдіктер кездеседі.
Талас Алатауының батыс сілемінің оңтүстік-батыс тарамы өзінің Өгем бөлігінде Ақсу мен Майдантал өзендерінің арасында су айрығын жасайды. Қоржынтөр қонысының маңайында жотадан солтүстікке жартаста үш шыңды тау - Балдыбірек тау (3095 м) бөлініп шығады. Сәл батысқа қарай Шіңкілдек және Сайрамсу өзендері бастаулары арасында Талас Алатауының Қазақстан бөлігіндегі ең биік шыңы – Сайрам шыңы (4229 м) орналасқан, оны жергілікті тұрғындар «Ақтүйе өлген» деп те атайды. Өгем жотасынан (3000 м) батысқа Қаржантау созылып жатыр. Ол Өгем, Сайрамсу және Келес өзендерінің арасындағы су айрығы рөлін атқарады.
Сипатталып отырған аудандағы Өгем жотасының солтүстік баурайы өте тік және жартасты, терең шатқалдармен тілімденген, биік жоталардың басында мореналардың үстін ала шағын мұздықтар орналасқан.
Түлкібас ауданының биік жоталары тұтас алғанда кедір-бұдырлы релефімен, үлкен жартастардың көптігімен ерекшеленеді. Өзендердің кейбірі (Ақсу, Көксай, Машат, Дәубаба) таудан шыға берісте терең каньондардың түбімен ағады. Ақсу өзенінің ірі каньоны төрттік дәуір шөгінділерінен қалыптасқан, 12 км бойы оның тереңдігі 300-700 м құрайды.
Су ресурстарының молдығана байланысты таудың Балдыбрек-Сайрамсу жағындағы оңтүстік бөлігі тығыз қоныстанған және мұнда бидай, арпа, мақсары, зығыр, қызылша сияқты дақылдар, сондай-ақ бақша өнімдері өсіріледі. Сонымен бірге, ол шөбі шүйгін шабындықтар мен жайылымдарға, бау-бақшаға бай.
Әкімшілік жағынан Талас Алатауының Батыс сілемдері Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас, Төлеби, Сайрам, Қазығұрт аудандарына және Жамбыл облысының Жуалы ауданына кіреді.
Геология. Талас Алатауы, оның Батыс сілемдерін қосқанда, Оңтүстік Қазақстанға қарасты Түлкібас ауданындағы солтүстік Тянь-Шаньның аяқталуы болып табылады (Шульц 1948ж; Носенко, Шлыгин, 1971ж). Жотаның батыс бөлігі негізінен төменгі карбон және ішінара жоғарғы девон ізбестерінен тұрады. Кембрий, ордовик және селур дәуірлерінің шөгінді жыныстары, сондай-ақ вулкан жыныстары аз кездеседі. Бұл ежелгі шөгінділерді 1300 м (кей жерлерде 1700 м) дейін плеоцен - төрттік дәуірдің конгломераттары мен ізбестері, сондай-ақ қазіргі аллювиальды және өзге үгілмелі жыныстар жауып жатыр. Ақсу-Жабағылы қорығының батыс шекарасы бойында, оның ішінде Иірсу және Ақсу өзендерінің арасындағы су айырық үстіртінде, осы жыныстар біртіндеп батысқа карай кеңейе түсетін лестардың қалың қабатына ауысады. (Мухин, 1926; Наливкин, 1928; Сергунькова, 1933; Диасов, 1971; Галицкий, 1971).
Пермь мен Триастың басы геологиялық дамудың орогендік кезеңі аяқталған кезеңдер ретінде сипатталады, дегенмен тектоникалық қозғалыстар әлі де елеулі аумақты алып жатты. Бірақ пермьде платформалық көтерілулер майысуға қарағанда басым болды (Бакиров, 1971). Пермь шөгінділері Талас Алатауының Қазақстандық жағында тек Дәубаба және Қаржантау тауларында белгілі. Климат пермь дәуірінде континентальды болған, аридтену өсе түскен (Бакиров, 1971).
Қарастырылып отырған ауданда триас шөгінділері айқын байқалмайды. Олар Келте - Машат өзені бойында белгілі. Климат бұрынғыдан да континентальды, құрғақ (Бувалкин және т.б., 1971).
Гидрология. Түлкібас ауданында су жеткілікті, бірақ ол біркелкі таралмаған. Таулардың ұшар басы олардың оңтүстік баурайлары сусыз деуге болады. Сондай-ақ Жабағылытау жотасы, Иірсу үстірті және Бала-Балдыбрек, Ақсу өзендері мен Дәубаба тауларының арасындағы жерде судан кенде. Есесіне таудың солтүстік баурайлары мен солтүстік және батыс бағыттардағы ірілі-ұсақты аңғарлар 1300 - 3000 м аралығында сумен жақсы қамтамасыз етілген.
Ауданның басты өзендері - Көксай, Ақсай, Тобчаксу, Жабағылы, Машат, Ақсу, Сайрамсу (Бала-Балдыбрек, Балдыбрек, Сарыайғыр, Қасқасу салаларымен) және Бадам.
Климаты. Зертеліп отырған ауданның климаты таулы Орта Азияныкіне ұқсас. Қарастырылып отырған ауданда ол құрғақ әрі ыстық жазбен сипатталады, температура орта биіктіктегі тау белдеуінде 30, ал етектегі жазықтарда 39-40° жетеді. Қысы қарлы, ұзақ болмаса да суық, аяз кезде - 30-35° барады. Орта биіктіктегі тау белдеуінің солтүстік баурайларында, мысалы арша ормандарының белдеуінде, қар жамылғысының биіктігі 1,4-1,6 м. алайда ықтасын емес жерлерде оны жел тез ұшырып әкетеді. Таудың альпілік белдеуінде жазғы суық түсулер үйреншікті құбылыс. Орта биіктіктерде суық түсудің соңғысын шілденің басында, ал ерте суық түсуді тамыздың екінші жартысынан байқауға болады. Орта биіктіктерде жауын шашынның орта мөлшері 700, ал биік тау белдеуінде 1000 мм дейін жетеді. Жыл мезгілдері бойынша ол төмендегідей таралған: қыс - 28, көктем - 38, жаз - 9, күз - 25% жуық.
Топырақ. Шымкент уезінің топырақ жамылғысының алғашқы сипаттамасын С.С. Неуструев (1910) берген болатын. Ол топырақ картасында қорықтың қазіргі аумағы үшін қара топырақты, сондай-ақ каштан және қара мен сұр топыраққа жақын топырақтарды көрсеткен болатын. С.С. Неуструев бұл ауданның қара топырақ түстес және каштан топырақтарының ерекшелігіне тоқталып, Европалық оның ішінде орыс топырақтары үшін белгіленген жалпы анықтамалар Шымкент уезінің топырағы үшін онша келмейтінін көрсетті. Ол тіпті оларға айырықша атаулар беруді орынды деп санады.
Л.Н. Гиркина (1965) Талас Алатауында топырақ түзілуі карбонаттық негізде жүруде деп атап өтеді. Аталған ауданның орта биіктіктегі тау белдеуінің топырағын ол қоңыр топыраққа жатқызып, онда қиыршық тастың көптігін айтады. Бұл жағдай осы топырақтың жақсы аэрациясы мен су өткізгіштігін анықтап береді. Сондықтан бұл қасиет топырақтың тезірек құрғауына, сөйтіп осы учаскелерде өсімдіктердің құрғақшылыққа төзімді түрлерін өсуге себепкер болады.....

Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
![]() |
![]() |
![]() |
![]() |
![]() |
![]() |
![]() |
Ұқсас мақалалар:
» Дипломдық жұмыс: Кәсіби оқыту | Кәсіби білім беру жүйесіндегі Түлкібас агробизнес және туризм колледжінің қазіргі замандағы педагогикалық оқыту технологиялары
» Дипломдық жұмыс: Биология | Оңтүстік Қазақстан облысының жануарлар дүниесі
» Дипломдық жұмыс: География | Алакөл ойысының геотектоникалық құрылысы климаты органикалық дүниесі
» Дипломдық жұмыс: География | Қазақстан аумағындағы қорықтар
» Дипломдық жұмыс: География | Оңтүстік Қазақстанның ландшафт экологиялық аудандары және ландшафты қорғау
» Дипломдық жұмыс: Кәсіби оқыту | Кәсіби білім беру жүйесіндегі Түлкібас агробизнес және туризм колледжінің қазіргі замандағы педагогикалық оқыту технологиялары
» Дипломдық жұмыс: Биология | Оңтүстік Қазақстан облысының жануарлар дүниесі
» Дипломдық жұмыс: География | Алакөл ойысының геотектоникалық құрылысы климаты органикалық дүниесі
» Дипломдық жұмыс: География | Қазақстан аумағындағы қорықтар
» Дипломдық жұмыс: География | Оңтүстік Қазақстанның ландшафт экологиялық аудандары және ландшафты қорғау
Іздеп көріңіз: