Дипломдық жұмыс: Кітапхана ісі | Қазақ баспасөзіндегі кітап проблемасының жазылуы
Мазмұны
КІРІСПЕ..............................................................................................................3
І ТАРАУ. ҚАЗАҚ КІТАП БАСУ ІСІНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
1.1. КІТАП ТАРАТУ ПРОБЛЕМАСЫНЫҢ ҚАЗАҚ БАСЫЛЫМДАРЫНДА
ЖАЗЫЛУЫ.........................................................................................................7
1.2. МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМДАРДАҒЫ ОҚЫРМАН ЖӘНЕ КІТАП МӘСЕЛЕСІ.............................................................................................10
ІІ ТАРАУ.ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНДЕГІ БАЛАЛАР БАСЫЛЫМДАРЫН ШЫҒАРУ ЖӘНЕ НАСИХАТТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
2.1. БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН БАСЫЛЫМДАР ШЫҒАРУ МӘСЕЛЕСІ ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНІҢ НАЗАРЫНДА...................................................24
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі: Тәуелсіздік алғалы елімізде елеулі орын алып, шешімін таппай келе жатқан мәселелер көп. Соның бірі – кітап проблемасы. Бүгінгі күннің кітап ісі жағдайын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Қазақстан Халқына Жолдауында «Қазақ тіліндегі оқулықтар сын көтермейді. Олар адамдарды қазақ тілін үйретуге емес, қазақ тілінен қашуға итермелейді. Осы салаға жауапты тиісті органдар нақты шешім қабылдауы тиіс»,— [1] деп, атап көрсетеді. Бітіру жұмысты жазу барысында, кітап проблемасының бүгінгі мәселелерін жан-жақты ашып, шешу жолдарын нақтылай көрсетіп, етектен тартқан қиындықтардың орнын толтырар ұсыныстарын халық мүддесіне ұсынған, осы тақырыпта қалам тербеген азаматтардың аздығы байқалады. Десек те, еліміздің баспа ісін бұрынғы жеткен биігінен түсіріп алмауға ұмтылып жүрген жанкешті азаматтардың шығармашылыққа деген қажыр-қайратын көреміз. Атақты орыс жазушысы А.С.Пушкин ажал сағаты тақаған кезде кітап сөрелеріне карап: «Қош болыңдар, достар!» деген екен. «Егер мен байысым, тек қана кітап сатып алар едім»,— деп, М.Горкий рухани байлығымыздан, қалта байлығын бірінші орынға қоятын азаматтарға үлкен ой салған.
Қазіргі қоғамда орын алып отырған кітап мәселесі бір күннің ішінде туындаған жағдай емес. Проблема болған, қазір де бар, болашақта да бола бермек. «Әр кітап өз проблемасын ала келеді», деп баспагерлер айтқандай, бұл мәселе сонау кітап деген ұғымның дүниеге келуімен, мәдениеттің ең жоғарғы сатысы баспа кітап өмірге келгеннен бастап қалыптасып келе жатыр. Айырмашылығы, осы уақытқа дейін дами отырып, әр кезеңнің әр түрлі қиыншылықтары мен кедергілеріне ұшырауында. Ал біздің заманымызға өз қиындығымен қатар үлкен жетістігін де ала келген кітап жайлы: «Әсіресе баспа кітап шыққаннан бергі жерде кітаптың әлеуметтік, қоғамдық, рөлі орасан зор дәрежеге жетті. Бұл-- кітаптың жасампаз дүние екендігінің айғағы. Тарих сахнасында мәңгі қалуын күйттеген қажеттіліктен туындаған ұлы жетістіктің көрінісі. Осынау адамзат көкірегін жарып шыққан ұлы идеяның авторы неміс өнертапқышы Иоганн Гутенбергке барша халықтың айтар алғысы шексіз»-- деп жазады профессор Ш. Елеукенов [2]. Бұдан түйеріміз, адам дамуымен бірге қосарласып, егіздей жармасып келе жатқан проблема бүгін ғана пайда болмай, әр заманның мәселелерімен ұштасып отырған.
Ал осы мәселені көтермеген қазақ басылымдары кем де кем. «Әр кітабың шыққанда бір балаң өмірге келгендей қуанасың»— деп, «Санат» баспасының директоры, ұстазымыз С. Әбдрайымов айтқандай, әрбір туындап отырған мәселелерге халқымыздың бей-жай карамайтындығын қазақ баспасөз беттерінде жарияланған еңбектерден көреміз. Бұл жұмыстың жазылуын әр адамның жүрегіне сәуле нұрын құюда кездесіп отырған қиыншылықтардан, яғни ішкі қажеттіліктен туындап отырған еңбек деп ойлаймын. «Қазақ баспасөзі – тәуелсіздіктің нәтижесі, ұлттық өр үні мен көкірегіндегі мұңы екені даусыз. Бүгінгі қазақ баспасөзінің бет-бейнесі мен беталысы қалай? Ұлттың барын пайымдап, жоғын жоқтауда өштік пе, әлде өстік пе?» [3] деген пікірдің аясын толықтырғым келді. Сондықтан да «Қазақ баспасөздерінде кітап проблемасының жазылуы» атты жұмысымның қазіргі таңда өзектілігінде күмән болмауы тиіс.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті: Адамзат мәдениетін қалыптастырып дамытуда, адам парасатын биіктетуде, білімін шыңдап көтеруде баға жетпес үлкен қазына кітап екенін ескерсек, басты проблемаға айналып отырған кітап мәселесін баспасөз бетінде жариялау, яғни алдымызда тұрған проблемаларды ертеңгі күннің игілігі үшін ойдағыдай шешуге ат салысу — рухани азығымызға бей-жай қарамайтын зиялыларымыздың түпкі мақсаты, басты міндеті болмақ. Ал мен өзімді толғантып жүрген баспа, кітап әлемінің қыр-сырларымен танысып, қалыптасқан жағдайларды нақты мысалдармен анықтауды жөн көрдім. Қазіргі таңда осы тақырыпты кім көтеріп жатыр, не жазып жүр, қалай жазып жатыр деген мәселенің басын ашу, талдау менің алғашқы міндетім болмақ.
Ал осы жұмысты жазу барысында кітаптың шығу тарихы, тақырыптық және проблемалық өзгешеліктері, жанрлық, пішіндік ерекшеліктері мен тіл, стилін айқындап, саралау үшін мынадай міндеттер алға шықты:
— Проблемаларды зерттеп, анықтау барысында адамзат өмірінде және қоғамда алатын орнын анықтау;
–– Мақаланың басылымда жазылу үрдісіне тоқталып, оларды мазмұндық, такырыптық, формалық, жанрлық тұрғысынан анықтау;
–– Баспасөздегі көрінісіне талдау арқылы теориялық тұрғыдан баға беру;
Бұл мәселенің айқын бейнесін қаламгерлер қазақ басылымдарында мақала, корреспонденция, сұхбат, шолу т.б. жанрларда көтеріп келді. Ал біздің міндетіміз - шығармаларды тақырыптарына карай, қойған мәселелеріне қарай топ-топқа іріктеп бөле отырып, дәлелді, дәйектемелер жасау, обьективті қорытындыға келу.
«Қазақ баспасөзі қоғамды біріктіреді» [4], десек мерзімді баспасөзде жарық көрген, осы тақырыпқа арналған материалдардың ерекшеліктерін практикалык та, теориялық та тұрғыдан талдап, болжамдар мен тұжырымдардың ара жігін ажыратсақ, біз діттеген максатымызға жетіп, кішкене болса да қабырғаны қайыстырған жағдайдан шығуымызға сеп болар еді.
І ТАРАУ. ҚАЗАҚ КІТАП БАСУ ІСІНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
1.1. Кітап тарату проблемасының қазақ басылымдарында жазылуы
Елімізде кітап саудасы қазір қандай күйде? Бұл өте күрделі сұрақ және оған бір жақты жауап беру де мүмкін емес. «Кітап саудасы, кітап таратудың түрлі формалары — қоғамның, халықтың, ұлттың мәдени, рухани даму дәрежесін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. «Таратпасақ, кітап басып керегі не?» -- деп, үлкен жазушымыз Ғабит Мүсірепов айтқандай, кітап саудасын, кітап таратудың түрлері мен формаларын дұрыс жолға қоймайынша, баспа кітап өзінің бұқаралық ақпарат құралы ретіндегі әлеуметтік рөлін ойдағыдай атқара алмақ емес»-- деп зерттеуші, профессор Ш. Елеукенов ұстазымыз айтқандай [5], Қазақстанда кітап тарату жүйесі дұрыс жолға қойылмайынша, қатарымыздан көш ілгеріміз деп тоқмейілсуге болмайды. Оған дәлел, автор кітаптарының шаң басып, баспалардан ұзап шыға алмай, өз оқырманын таба алмауы. Мұны, Қазақстанда баспа өнімдерін таратудың қиындықтарын қанша мемелекеттік кітап сауда жүйесінің дұрыс жолға қойылмауымен түсіндіруге тырыссақ та, осы тақырыпқа қалам тербеуге келгенде кішкене кібіртіктеп қалатын авторлардан кейін қалай кітап тарату керек екенін дөп басып айту қиын.
«Әдебиет айдыны» газетінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУнің аға оқытушысы Мәрия Майлықұтованың «Қазақ кітабын қалай таратамыз?» деген атпен жарияланған мақаласында қазақ кітаптарын таратуда қандай проблемалар бар, оларды қалай шешу керек деген мәселелерді көтереді [6]. У.Шекспир «Кітап маған тақтан да қымбат» десе,
Д. Дидро «Адамдар оқудан қалғанда ойлаудан да қалады» деген. Абай атамыз « артық білім кітапта» деп, қазаққа кітап оқуды үндеген. Автор
« Бүгінгі қазақ кітап оқымайды деп сайрағанға шеберміз. Әрине бұл шындық. Бірақ шығарған кітабымызды таратпасақ, жарнамаламасақ оны кім алады, кім оқиды?» деген сұрақтарға жан жақты жауап іздеу мақсатында зерттеулер жүргізеді. Автор қазіргі кездегі кітапқа деген қызығушылықтың жоқтығын массмедияның дамуымен байланыстырады. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, кітап оқуды жаңа технологиялық жетістіктер алмастырды. Ал қаламгердің сөзін нақтылай түсу үшін келтірген «Негізінен оқырмандардың басым пайызын оқу процесіне қатысты жастар құрайды екен. Тек қазақстандықтардың 17 пайызы ғана белсенді оқырман қатарына енсе, олар жарты жылда шамамен алғанда 3.7 кітап сатып алатын болып шыққан. Соңғы 15 жылдағы жас толқынның басым бөлігі әдеби көркем шығармалармен таныс емес» деген деректеріне сүйенсек, 9.5 миллион халқы бар Қазақ жаппай әр жылына шаққанда мүлдем кітап оқымайды деген сөз.
Автор зерттеу барысында мынадай статистикалық мәліметтерге сүйенеді: «Қазірде елімізде 150-ге жуық баспа бар екен. Оның елу шақтысы ғана бәсекеге қабілетті. Ресей баспаларының өнімдері Қазақстандық кітап нарығының 65-80 пайызын жаулап алған. Отандық баспалардың өнімі бар болғаны 10-20 пайызын құрайды. Ресейден келген миллиондаған дана кітаптардың 60 пайызы ғана детективтер мен әйелдер романдары, 17 пайызы фантастикалық әдебеттер көрінеді. Ұлттық кітап палатасының мәлімдеуінше жыл сайын елімізде 3.5 мың аталым кітап 1.5-2.0 миллион тиражбен жарық көреді екен. Олардың дені оқулықтар мен оқу құралдары, ғылыми зерттеулер мен монографиялар. 10 пайызы ғана көркем әдебиет үлесіне тиіп отыр. Балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиеттер жоқтың қасы». Келтірілген мәліметерге тоқталсақ, автор сөзінің шындығы бар. Біріншіден, жекелеген баспалар өз кітаптарын сатумен шұғылданбайды, яғни қазақ баспаларында маркетинг қызметі төмен жағдайда. Екіншіден қаламыздағы дүкендердің қай-қайсысының да сауда айналымындағы тауарлардың дені шетелден әкелінген кітаптар. Қазақ тілді кітаптарға келгенде ақын ағамыз М. Шаханов айтқандай, «Алматының кей дүкендерінен «Абай жолын», «Көшпенділерді» көріп қуанып қалдық» [7] дегеннің кебін киіп жүрміз. Ал дүкендерді аралағанда, күнделікті өзіміз баланы еліктіріп, қызықтырып, ынталандырып әкететіндей дүниелердің тек орысша нұсқасын ғана көрумізден-ақ, балалар көркем әдебиетінің ақсап тұрғанын бағамдау қиын емес.
Осындай жағдайлардан кейін туындаған қазақ баспалары шынымен де кітап шығармай ма деген сұраққа қаламгер : «Ақиқатына келсек, қазақ баспалары кітап шығармай жатқан жоқ, олар кітап таратпай отыр» деп, сөзін нақтылай, төмендегідей тарата талдай түседі. Автордың ойынша, Батыс баспалары, соның ішінде Ресей баспалары кітап саудасын 2000 жылдың басында едәуір дамытып алды. Олар біріншіден, нарықты зерттеп, кітап маркетингін дұрыс жолға қоя білген. Батыс баспалары өз тұтынушыларын жобалап алмай жатып өнім шығармайды. Әр түрлі сауалнамалар мен әлеуметтік зерттеулер негізінде оқырманды қай автор, қандай тақырып қызықтыратынын анықтайды.
Шынынмен де, сөрелердегі көздің жауын алатын Ресей кітаптарын көргенде, автор пікірімен келіспей тұра алмайсың. Қазақстандық баспаларда негізгі бір кемшілік маркетинг қызметінің іске қосылмауы. Яғни, баспа кітап шығарар алдында нарықты зертттеуге құлықты емес. Ол қандай кітап, қоғамда оған деген сұраныс бар ма, қазіргі заманның талабын қанағаттандыра ала ма деген сауалдар назардан тыс қалып жатады. Егер осы істі ертерек қолға алса, нарықты зерттеуден автор да, баспагаер де , кітап таратушы да ұтылмасы анық. Нарықты зерттеу дегеннің өзі тапсырыспен кітап шығару деген сөз. Яғни, тауар айналымға түсері сөзсіз. Осы олқылық біздің қазақ баспаларына да кітап маркетингінің қыр - сырын меңгеретін уақыт кегендігінің көрінісі сияқты.
«Екіншіден, біздің қазақ баспалары кітап тарату тетігін таба алмай отырғандай. Баспалар үйіне бара қалсаңыз (Абай мен Гагарин көшелерінің қиылысындағы) баспа жанындағы кітап дүкендеріндегі өнімдерге көз тоймайды. Бірақ, сол кітаптар баспалар үйінен ұзап кете алмай, оқырман қолына тимей отыр. Ресей баспаларының өнімдерін ТМД елдеріне таратумен айналысатын фирмалар бар болса, Қазақстанда ондай фирмалар жұмыс істемейді. Сол үшін Алматы қаласындағы Ресей баспаларының өнімдерін саудалайтын «Гулянда», «Меломан» сынды кітап дүкендері өз сөрелеріне қазақ баспаларының өнімдерін қоюдан қашқақтайды. Себебі, олардың ойынша, қазақ кітаптары өтпейді. Ресей баспаларының өнімдерімен салыстырғанда біздің кітаптарымыздың бағасы да қымбат. Өйткені қазақ кітаптары аз тиражбен шығады, сапалы қағаз шығаратын өндірісіміз жоқ болғандықтан, қағазды Ресей мен Қытайдан тасымалдаймыз». Мына жағдайдан кейін әрбір көкірек сәулесі ояу адам мемлекеттік баспалардағы қалыптасқан қиыншылықтарға қиналмай көз жеткізуге болады. Қазақстан бойынша ірі кітап дүкендерінің бірқалыпты жүйесі жоқ, яғни бұрынғы «Қазақкітап» сияқты бүкіл елге кітап тарататын мекеме жоқ. Өзіндік құнын ақтамай, кітаптар өтпей шаң басып жатқаннан кейін авторлар да еңбектерін аз ғана данамен шығарады. Арзымайтын тиражбен шыққан кітаптың өзіндік құны қымбат болғандықтан, кітап дүкендерінде өтпей, тұрып қалады. Бір кітаптың шығуы үшін 42 элемент керек болса, оның бір де біреуі Қазақстанда өндірілмейді. Шикізаттың сырттан тасылуы, безендірілудегі бояу, қағаз, технология – бәрі де шеттен әкелініп жатқан жаңалықтар, оның үстіне қосымша құн салығы және т.б. салық түрлері аз емес. Міне, осының барлығы сайып келгенде кітаптың өзіндік құнын аспандатып жібереді. Міне, мәселенің түп – төркіні қайда жатыр?
«Үшіншіден, қазақ кітаптарына жарнама жоқ. Жалпы, көпшілік оқырман қандай кітап шығып жатқандығынан мүлдем бейхабар. Қазақ баспаларында электонды жарнама беретіндей қаржы жоқ екендігі белгілі. Тендерге телміріп отыра беруден баспагер ағаларымыз әлі жалыққан жоқ. «Кітап почта» жүйесін дамытып, авторлармен кездесулер, кітап жәрмеңкелері сынды шараларды атқару керек», деген қорытындыға келеді. Расында да, автардың еңбегін зерделесек, кітап таратудағы атаулы проблемалардың өзі шығып отыр. «Бірақ солай екен деп айдың аманы, күннің түзуінде тым торығып, аузымызды қу шөппен сүрте берсек, бөркімізді аспанға атып, алақайлайтын берекелі сәттің ауылы әлә алысты екенін аңғарамыз» демекші [8], баспалар да жоғарғы оқу орындары мен мектептермен, мекемелермен тығыз қарым-қатынас орнатып, көрмелер ұйымдастырып, жарнамалық каталогтар мен листовкалар таратып, әрекеттенуі керек.
Қаламгердің «Төртіншіден, қазіргі қоғамда «оқырман азайды, жастар мүлде кітап оқымайды» деген пікір қалыптасқан. Сол үшін ертеңгі оқырманды бүгін тәрбиелеуіміз керек дегенді айтады. Балалар басылымдарын шығаратын «Балауса», «Аруна» сынды баспалар балабақшалар мен мектептермен тығыз байланыс орнатып, балаларды қызықтырып, әдеби – танымдық кітап оқуға машықтандырса, өз өнімдерінің тұтынушыларын табар еді. Төртінші таратуында орыс ғалымдарының баланы сегіз айынан бастап кітаппен достастыру керек деген әдемі пікірін орынды қолданған автор жас ерекшелігіне қарай әр жастағы балаларға әр түрлі формадағы кітаптар ұсыну керектігін айтып, оқырман қауымды қазіргі біздің балдырғандардың кітап оқудың орнына компьютерге телміріп өсіп жатқанындығына баса назар аудартады. Бірнеше проблеманың басын ашып
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Ұқсас мақалалар:
» Дипломдық жұмыс: Кітап бизнесінің тарихы
» Дипломдық жұмыс: Библиография | Қазақстан республикасының қазіргі кітап ісі
» Дипломдық жұмыс: Құқық | Авторлық және сабақтас құқықтар азаматтық құқық жүйесінде
» Дипломдық жұмыс: Журналистика | Қазақ кітабы таралымы мен тарату мәселелері
» Дипломдық жұмыс: Библиография | Қазақстан Республикасының өлкетанулық библиографиясы
» Дипломдық жұмыс: Кітап бизнесінің тарихы
» Дипломдық жұмыс: Библиография | Қазақстан республикасының қазіргі кітап ісі
» Дипломдық жұмыс: Құқық | Авторлық және сабақтас құқықтар азаматтық құқық жүйесінде
» Дипломдық жұмыс: Журналистика | Қазақ кітабы таралымы мен тарату мәселелері
» Дипломдық жұмыс: Библиография | Қазақстан Республикасының өлкетанулық библиографиясы
Іздеп көріңіз: