Дипломдық жұмыс: Археология | ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорындағы мөрлер коллекциясы
Мазмұны
КІРІСПЕ
1. Сфрагистика ғылымының дамуы
1.1 Сфрагистиканың ғылым ретінде қалыптасуы мен дамуы ..................8-16
1.2 Қазақтардағы мөрлердің шығу тарихы ............................................16-22
2. ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорындағы мөрлер жинағы
2.1 ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорындағы лауазымдық мөрлер
(сот, би, старшина, болыс) ......................................................................23-27
2.2 ҚР Орталық Мемлекеттік музей қорындағы жеке және жай мөрлер ...............................................................................................................28-33
3. ҚР Мемлекеттік орталық музей қорындағы мөрлердің сақталуы
3.1 Музей қоры мен экспозицияда мөрлердің сақталу тәсілдері ................34-42
3.2 Сфрагистикалық материалдарға реставрация және консервация
жасау әдістері ......................................................................................42-49
ҚОРЫТЫНДЫ .....................................................................................................50-51
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ................................................................52-53
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі Ғасырлар бойғы халқымыздың жеке шаңырақ көтеріп, өз алдына еркіндік туын тігуі, тәуелсіз мемлекет болып, әлемнің өркениетті елдері қатарынан көріну арманы қазіргі күні толығымен жүзеге асқан тарихи оқиға болып отыр. Бұл қол жеткізген зор табыс болғанымен, оны кез келген мемлекеттің тәуелсіздігіне, елдігіне қажетті саяси, әлеуметтік-экономикалық алдыңғы қатарлы озық білім және мәдени жетістіктермен қамтамасыз етіп, одан әрі өрбіту керектігі сөзсіз.
Қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгісі - мәдениет. Бүгінгі таңда мәдениет саласында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында біраз жұмыстар да атқарылып жалғасын таппақ.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда ұлттық мұраны сақтауға, зерттеуге, қастерлеуге ерекше ден қойылып, қазіргі заманның кезек күттірмес маңызды міндеттерінің біріне айналып отырған мәселенің бірі-халықтың мәдени мұрасының сақталатын, көрсетілетін, насихатталатын орны – музейлердегі коллекцияларды ғылыми тұрғыдан, терең зерттеу болып отыр. Бұл сала бойынша атқарылып жатқан игі істерге ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің деректану және қолжазба бөлімі өз үлесін қосуда.
Бұл бөлім ҚР Орталық Мемлекеттік музейінде тұңғыш рет 1999 жылы құрылып, өз қызметін атқаруда. Бүгінгі таңда бөлімде жеті қызметкер атап айтқанда, бөлім меңгерушісі, екі ғылыми қызметкер, екі жоғары дәрежелі қор сақтаушы, екі кітапханашы жұмыс істейді. Бөлім қызметкерлері «Қазақ тарихына байланысты архивтік-деректі құжаттардың деректанулық зерттеулері» атты көп жылғы іргелі ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Онда сирек кездесетін қолжазбалар, басылымдар, нумизматика, эпиграфика, геральдика, сфрагистика, бонистика салалары бойынша қордағы және шетел архив музейлердегі экспонаттар, археологиялық деректанулық айғақтарды қарастырып, зерттеп ғылыми айналымға енгізуге ат салысуда. Дегенмен, ғылымның бұл саласында зерттелмей тың жатқан және жаңа тұрғыдан қарауды қажет ететін мәселелер әлі де болса баршылық. Осы бөлімнің қорында зерттелетін көп жәдігерлердің бірі – мөрлер.
Мөрлерді зерттейтін ғылым сфрагистика деп аталады – (грек тілінен sphragis аударғанда – мөртану дегенді білдіреді) – ол геральдика, нумизматика ғылымының бір саласы болып есептеледі. Басқа ғылым саласымен байланыстылығын мөрлерге қарап білеміз. Әр кезеңдегі мөрлер өзіндік белгілерімен ерекшеленеді. Мысалы, XVII ғасарлардағы мөрлердің ерекшелігі тарихи құжаттарда уақыты, мөр иесінің есімі, қала, ауылдікі екендігі көрсетілген.
Қазақ қоғамында хан, сұлтан мөрлері негізінен "тамшы іспетті" пішінді мәтінді, мөр иесінің әкесі мен атасының аты-жөні және "хан", "сұлтан", "би" атағы көркемделіп, нақышталып жазылды. Мұндай мөрлерді хан, сұлтан, билер ғана қолдану құқығы болды. Бұл куәландырғыш белгілерді қазақ хандары мен сұлтандары және билері өзара хат алмасуда, ішкі саяси іс жүргізуде, әр түрлі заңды құқықтық құжаттарда және сыртқы халқаралық қатынастарда кеңінен қолданған. ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің қорында сфрагистикалық белгісі бар құжаттармен қоса 98 ескі мөр 29 лауазымдық белгілер сақталған. ҚР Орталық Мемлекеттік музейінде 2006 жылы сәуірдің 28-күні «Мөрлер мен лауазымды белгілер – қазақ тарихы мен мәдениетінің деректері» атты көрме өтті.
Көрмеде ХІХ ғасырдың 60-90 жылдарында патшалық Ресейдің қазақ жерінде жүргізген әкімшіл-құқықтық реформасына байланысты пайда болған соттардың, билердің, болыстардың, ауыл старшындарының мөрлері қойылды. Қазақ хандығы дәуірінде қазақ хандары мен сұлтандары билік төреліктің мемлекеттік белгісі ретінде арнайы мөрлер қолданған. Ондай мөрлер көбінесе алтын, күмістен жасалған жүзіктер болған. Мөрлердің формасы қолданысына қарай да әр түрлі болған. Қазақ қоғамының саяси билігі жүйесіндегі тарихи деректік айғақтардың сақталған орны ҚР Орталық Мемлекеттік музейі. Саяси құрылымға қатысты музейдің фото документтер қорында ақсақалдар жиынынан, билер сотынан, уездік сот сәтінде С.М. Дудин, П. Лейбин, Л. Багаев және белгісіз фотогрфтар түсірген суреттер сақталған. Бұл фотоқұжаттардың маңызды дегендері ҚР Орталық Мемлекеттік музейінде 2002 жылдың 28 наурызында ашылған "Қазақтардың тұрмыс-салты мен мәдениеті (XIX ғ. аяғы –XX ғ. басы.)" атты көрмеде қойылды. Музей қорындағы құнды жәдігерлер қатарынан билік лауазымдықты, әлеуметтік статусты білдіретін белгілер орын алатыны даусыз. Соның бірі – 1861 ж 19 ақпанда Ресейде қоладан құйып жасаған, ауыл старшинасының лауазымдық белгісі. Мөрдің бір бетінде 8 желтоқсан 1856 жылы Александр II бекіткен Орынбор губерниясының гербі бейнеленген. Мөр шынжыр ілінген түйреуіш арқылы кеудеге тағылған. Александр II патшаның таңбасымен 1869 жылы қоладан құйып жасаған мөрінің ортасына Ресей герібінің бейнеленуі Ресей патшасының отарлық саясатының қазақ қоғамының билік жүйесіне тісін терең батырғандығын дәлелдейді.
Музейде сақталған сфрагистикалық материалдардың ішінде 1889 жылы 12 шілдеде Орынбор болыстық сотының мөрі бар. Мөрдің алдыңғы бетінде 1856 ж 8 желтоқсанда бекітілген Орынбор губерниясының герібі бейнеленген. Сондай-ақ, 1891 ж. 25 наурызда берілген Ақмола облысының биінің мөрінде 1878 ж. 25 шілдеде бекітілген Ақмола облысының гербі бейнеленген. XIX ғ. аяғында қолданылған Верный Атырау комиссиясының мүшесінің кеудеге тағатын қола мөрлерінің түрлері де музейде сақталан. Бұл мөр дөңес формалы болып келген. Мөрдің алдыңғы бетінде Жетісу облыстық герібі, екінші бетінде Ресей герібі және патша тәжінің ескі үлгісі бейнеленген. Мөр формасының бекітілген уақыты "1870 ж. 16 маусым" деп көрсетілген.
Елімізде егемендік алған уақыттан бері осы қойылып отырған мақсаттарды жүзеге асыруда жеткен жетістіктеріміз де аз емес. Солардың бірі тарих ғылымы саласында аздаған жылдар аралығында кеңестік дәуірде саналы түрде бұрмаланып, жасырылып келген халқымыздың, қазақ ұлтының өткенін жаңа тұрғыдан зерттеуде, оған тиісті баға беруде орын алып отыр. Республика тарихшы ғалымдарының осы мәселелерді зерттеу нәтижесінде қол жеткізген табыстары осыған куә.
Тақырыптың зерттелу деңгейі Зерттеу жұмысы қазақ қоғамындағы әміршіл-әкімшіл реформаларға байланысты пайда болған соттардың, билердің, болыстардың, ауыл старшындарының мөрлерін тереңінен зерттеуге негізделіп, қоғамның саяси және экономикалық байланыстарын, дипламатиясы мен жеке қызыметтердің зерттелу деңгейін зерделеу, талқылау міндетке алынды.
Қазақстан сфрагистика ғылымы саласында жазылған зерттеулердің көлемі саусақпен санарлықтай, бірақ осы салаға қатысты азда болса ғылыми жұмыстар мен мақалаларды кездестіруімізге болады. Солардың бірі Н.П. Лихачевтің "Дипломатика" (Из лекций по сфрагистике) деген көлемді зерттеуінде "сфрагистика" ғылымының шығу тарихына тоқталып, мөрді ішкі саяси дипломатиялық қатынастарда кеңінен пайдаланғанын нақтылап жазған. Еңбектің негізгі бөлімінде Азия және европа халықтарының қолданған мөрлерінің ерекшеліктерін (көлемі, материалы, типі т. б.) салыстыра отырып талдаған. Мөрлерді қолданысына қарай, көлеміне, материалы, типі, таңбасына (оттиск) байланысты сыныптап көрсеткен /1/.
Қазақстан сфрагистика саласында жазылған көлемді ғылыми зерттеудің бірі И. Е. Ерофееваның “Символы казахской государственности” атты еңбегінде XVIII ғасырдың бірінші жартысы мен XIX ғасырдағы хандар мен сұлтандардың мөрлерін сипаттап жазған. Онда мөрдегі лауазымды тұлғалардың есімдері бойынша (өз есімі, қоғамдық титулы, ата тегі), мөрдің деректердегі қолданысы, мөрлердің көлемі, тарихи құжаттарға басылған мөрлердің тіркелген жері күні, мөр басылған құжаттың сақталған орны, таңбаның публикациясымен немесе мөр белгісімен бірге құжаттың текстін толығымен беріп, олардың ерекшеліктерін қарастырған /2/.
Е. Шаймерденовтің "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері" атты еңбегінде тарихи қосалқы пәндердің даму тарихына тоқтала кетіп, “тамға” сөзін “мөр”деген сөзбен байланыстырады. Бір ғажабы, таңба ұғымы түркі халықтарына ортақ екені байқалады. Мысалы, қырғызша “тамға”, - жылқының санына күйдіріп басатын таңба, белгі; қарақалпақша “тамға” немесе “таңба” – қазақшадағыдай мағынада; әзербайжанша “дамға” – таңба, белгі; өзбекше және башқұртша “тамға” – таңба, белгі мөр деген анықтамаларға тереңінен тоқталған /3/.
Белгілі түріктанушы ғалым В.В. Радлов бұл ұғымның мағанасын “белгі”, “ру таңбасы”, “мөр” деген сөздермен ашады. Өте ертедегі тасқа қашалып жазылған әдебиет нұсқаларындағы мәні де осы пікірдің дұрыстығын дәлелдейді.
С. М. Мәшімбаевтің "Патшалы Ресейдің Қазақстандағы мемлекеттік басқару мекемелерінің тарихы" атты диссертациясында Патшалы Ресей әр түрлі тәсілмен мемлекеттік мекеме құрлымын Қазақстандағы саяси-әлеуметтік өзгерістерге қарай бейімдеп жетілдіріп отырғандығы. Әр уақытта жаңа мекеме құру алдында Патша үкіметі Қазақстандағы саяси өзгерістерді ескеріп, жергілікті әлеуметтік топтарға арқа сүйегендігін жазған. Осылайша алғашқы шекаралық сот құрудан басталған бұл жұмыс қазақ жерлерін жеке бөліктерге бөліп, біртіндеп оларды Ресей-әкімшілік басқару жүйесіне енгізіп, отарлық мемлекеттік басқару мекемелерін құруға жалғасқаны туралы жазылған /4/.
А.И. Оразбаеваның "Қазақ қоғамындағы билер институты: тарихи бастаулары, орны және ролі" деген диссертациясында қазақ халқының тарихындағы билер институтының маңызы, ролі, саяси-әлеуметтік құндылықтары туралы мәліметтер жазылған. Билер институтының қоғамдық қатынастар саласындағы қызметі сыртқы қарым-қатынастағы ролі қарастырылған /5/.
Т. Е. Қартаеваның "Қазақ қоғамының дәстүрлі саяси құрлымы және лауазымдық белгілер" («Туркестанские ведомости» газеті және ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің қор материалдары негізінде) атты мақаласында XIX ғасырдағы қазақ қоғамындағы жоғарғы топ өкілдерінің саяси құрлымын ролін лауазымдық белгілерін сипаттап жазған /6/.
Б. С. Қақабаевтың "Қазан ревалюциясына дейінгі Қазақстандағы халық сотының қызметтік белгісі" атты мақалада Ресей империясының құрамына өту кезеңіндегі Қазақстанның құқықтық жүйесінің эвалюциясына арналған. Соның ішінде өтпелі кезеңде қазақ билеріне берілген «халық сотының қызыметтік белгілерінің» ерекшеліктері сөз болады /7/.
Қорыта айтқанда ХІХ ғасырдың 60-90 жылдары мен ХХ ғасырдың басындағы мөрлер туралы ғылыми негізде жазылған мақалалар саусақпен санарлықтай, мөрлерді зерттеп ғылыми айналымға енгізу көп ізденісті талап етеді. Ол болашақтың еншісінде.
Жұмыстың мақсаты Зерттеуіміздің мақсаты сфрагистика ғылымының қалыптасу тарихын, бүгінгі күнде қазақ тарихына қатысты ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің қорындағы мөрлердің зерттелу деңгейін, және қолданыстағы орнын анықтау барысында ХІХ ғасырдың 60-90 жылдарында патшалық Ресейдің қазақ жерінде жүргізген әкімшіл-құқықтық реформасына байланысты пайда болған соттардың, билердің, болыстардың, ауыл старшындарының мөрлерін зерттеп ғылыми сипаттамасын жазу, музей қорларындағы мөрлерді зерттеу болып табылады.
Зерттеу жұмысының міндеті Айтылған мәселелерді шешу барысында мынадай міндеттер қойылды:
- Қазақстандағы сфрагистика ғылымының қалыптасу тарихының зерттелу деңгейін анықтау;
- ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің қорындағы мөрлердің жинақталу тарихын зерттеу;
- ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің қорындағы мөрлерді сыныптау, жүйелеу;
- ХІХ ғасырдың 60-90 жылдарында патшалық Ресейдің қазақ жерінде жүргізген әкімшіл-құқықтық реформасына байланысты пайда болған соттардың, билердің, болыстардың, ауыл старшындарының мөрлерін зерттеп ғылыми сипаттамасын жазу;
- Мөрлердің музей экспозициясында сақталу, қорғалу деңгейін анықтау;
- Мөрлерге консервация және реставрация жасау тәсілдерін, ерекшеліктерін анықтау;
- Қазақ халқына билік жүргізген хандар, сұлтандар және Ресей империясына қосылғаннан кейінгі билер, болыстар және халық соттарының мөрлері мен лауазымдық белгілері арқылы тарихи тұлғалардың өмірінен қысқаша деректер беру;
Тақырыптың дерек көзі Жұмысты қолдану барысында пайдаланған деректер: ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің қорындағы мөрлер, және құжаттардағы мөрлердің түрлері, музейдегі түсім кітаптары, инвентарлық карточкалар, мөрлердің аңызы, ғылыми зерттеулер мен музей меңгеруші қызметкерлерінің жинақтары, экспедиция материалдары, музейдің архив материалдары.
Диплом жұмысының хронологиялық шеңбері Зерттеудің хронологиясы мен ауқымдық шеңбері ХІХ ғасырдың 60-90 жылдары мен ХХ ғасырдың басын қамтиды. Себебі, ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің қорындағы мөрлердің басым бөлігінің хронологиялық уақыты сол кезеңге сәйкес келеді.
Зерттеу жұмысының жаңалығы Музей қорында мөрлер алғаш рет музей жәдігері ретінде ғылыми зерттеу жұмысының нысаны болып отыр. Музей қорындағы мөрлер толық сипатталып талданып, жүйелеу және сыныпталуы айқындалды.
Зерттеу жұмысының теориялық және методологиялық негізі ретінде объективтілік, тарихилық, жүйелілік принциптері, тарих және әлеуметтік ғылымдарының негізгі теориялық тұжырымдамалары басшылыққа алынды. Зерттеу жұмысын жазудың методологиялық негізі мен әдістеріне жалпы ғылыми зерттеудің арнайы музейтанулық ғылыми тәсілі басшылыққа алынды.
Диплом жұмысының құрылымы Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш тараудан әрқайсысы екі тармақшадан тұратын, қортындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімі және қосымшадан тұрады.
Кіріспеде тақырыптың өзектілігі анықталып, зерттеу мәселесі мен тақырыпқа қатысты деректерге шолу жасалған.
Бірінші тарауда Қазақстанда сфрагистика ғылымының зерттелу деңгейі, ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің қорындағы мөрлердің жинақталу тарихы жазылған.
Екінші тарауда лауазымдық мөрлер яғни билер старшындар, соттардың қоғамдағы ролі және атқарған қызметі мен қолданыстағы мөрлер туралы, және жеке тұлғалар мөрлерінің сипаттамасы жазылған.
Үшінші тарауда музейдегі мөрлердің сақталу деңгейі және мөрлерге консервация реставрация жасаудың әдістері мен тәсілдері қарастрылған.
Қортындыда берілген зерттеу жұмысының нәтижесі, ұсыныстар тұжырымдамалар берілген. Қосымшада Орталық Мемлекеттік музейінің қорында сақтаулы жекелеген мөрлердің суреттері берілген.
1 СФРАГИСТИКА ҒЫЛЫМЫНЫҢ ДАМУЫ
1. 1 Сфрагистиканың ғылым ретінде қалыптасуы мен дамуы
Сфрагистика (грек тілінен аударғанда “сфрагис” – мөр), немесе сигиллография ғылымының (латын тілінен аударғанда “сигиллум” – мөр) – ғылыми зерттейтін дерегі мөр болып табылады. Бұл ғылым саласы тарихи ғылыми қосалқы пәннің бөлімі деп есептеліп, геральдика, нумизматика, эпиграфика т. б. ғылымдарымен тығыз байланысты.
Байырғы заманда, шамамен б. д. д. V-X ғасырларда Ассирияда, Бабылда, Мысырда, Урартуда циллиндір пішінді тас мөрлерді пайдаланған. Мысырда кейбір ғибадатханаларды (Осирис, Абидос) мемлекеттік талаптар мен міндеттерден босатуға билеушінің суреті бар мөрлері басылатын, сондай-ақ билік иелерінің бұйрығы, саудагерлердің келісімі де мөр арқылы бекітіліп отырған.
Ертеректе тарихи оқиғаларды ойшылдар, даналар қағаз беттеріне түсіріп отырған, сол құжаттардың түпнұсқалығын дәлелдейтін, шынайылылықты сенімділікті арттыратын белгі ретінде – мөрлерді пайдаланған. Бұл дипламатика ғылымы үшін өте құнды құжат болып табылған.
Көне дәуірлердегі мөрлер әр түрлі формада болды және оның бетіне неше түрлі бейнелер салынатын. Мысалы: құдайлар, құстар, қоңыздар, гүлдер т.б. Кейбір мөрлер асыл тастардан, кейіннен алтын мен күмістен жасалынды. Басуға ыңғайлы болу үшін иелері мөр тастарды жүзіктеріне орнатып, қолдарына тағып жүрді. Көшпелі өркениеттің көсемдері жылқының, тау ешкінің, барыстың бейнесі бар мөрлерді пайдаланды /8, 42-43/.
Әрбір мемлекеттегі жоғары биліктің өз әлеуметтік – мәдени табиғаты және өзіндік орны тарихы болатыны бәрімізге аян. Мемлекеттің осы бір мәдени-тарихи өзгешелігін мемлекеттік символикада, оның сөзсіз – атрибуттары – елтаңба, ту, мөрлерде және лауазымдық белгілерден айқын көруге болады.
Уақыт өте келе мөрлердің әр түрлі типтері пайда болған. Ертеде Шығыс елдерінде циллиндір пішіндес мөрлерді қолданып, оларды саз балшықтан жасалған тақтайшаларға өрнектермен және жазуларымен (циллиндірдің жоғарғы бөлігі) таңбалаған. Бұл туралы мәліметтерді Плиний өз еңбектерінде айтып кеткен.
Антикалық кезеңде жүзікті мөрлер пайда болған. Жүзікті мөрлерді алғаш рет Мысыр елдерінде әр түрлі асыл тастармен әшекейлеп, қымбат бағалы металлдардан құйып жасаған. Атақты патша ІІ Тутмос алтыннан жасалған жүзікті мөрінің бетінде ироглфтер таңбаланған. Онда Хуву патшаның үлкен пирамиданы салғызғаны, және пирамиданы салған сәулетшінің есімі жазылған. Жүзіктердің қалқанында өрнектері және жазба белгілері көрсетілетін болған /9, 55/.
Бізге жеткен мәліметтер бойынша ежелгі Римдіктердің қолындарында бір емес бірнеше жүзікті мөрлер болған, бірі құжат үшін, құпия хат үшін, әр түрлі қазыналарды сақтайтын қобдишаларға мөр соғу үшін және т.б. қолданған.
Мөрлерді қай жағынан оқып, зерттесеңіз де, ойыңыздың зерттеу дерегі тарихи-дипламатиялық білміңізге сай келеді – бұл сұрақтың тууы өте ертеде басталған еді. Әсіресе сфрагистика ғылымының тереңінен зерттелуі, ХІХ ғасырдың екінші жартысы болып есептеледі. Әлемдік сфрагистика ғылымында мөрлердің бізге берген әр түрлі көрсеткіші айтарлықтай қызықты пәнді жасады. Мөрлер дипламатиялық ескерткіштің үлгісі ғана емес (құжатты бекіту үшін); тарих ғылымы үшін де (саяси тенденцияларды біріктіруші, көпшіліктің ойы және көзқарасы - өрнектерінде, көлемінде, материалында, мөр иесінің ұлылығын да көрсетеді), өнер тарихының ескерткіші ретінде және тұрмыстық ортаның құнды тарихи құжаты (ғимараттың бейнесі, киімдер, әр түрлі қолданбалы аспаптар мен қару-жарақтар) болып табылады. Осыдан барып орынды мәселе туады, ескерткіштерді танып оқу үшін, бірнеше пән бір-бірімен тығыз байланысып, бір жағынан сфрагистика ғылымын зерттеу үшін тарихи-дипламатика пәнін оқып, тарихи оқиғаның шындығын дәлелдеу қажет, бұл ғылымның бағыты мың жылдықтар уақытында Византиялық мөрлерден бастау алады.
Сфрагистика ғылымы алғашында дипломатика ғылымының бөлімінде – қосымша пән ретінде актілердің мазмұнын, көлемін анықтаушы қызмет атқарып, құжаттың уақытын, түпнұсқалығын, немесе жасандылығын анықтап отырды. /10, 176-178/. Кейінен мөрді дипломатика ғылымы тұрғысынан оқып, олардың көлемі немесе сурет белгілері бойынша, құжаттың мазмұны мен жапсырмасын, мемлекеттің ондағы билік мекемелерінің атқарған қызметін хронологиялық шеңбермен жүйелеп, мирасқорлық белгілерін, олардың әсерін және өзара қарым-қатынасын қарастырды /1, 297-307/.
Бұл ғылымының басқа да, ғылыми құнды бөлімдері бар. Біріншіден, мөрді оқу, тарихи-дипламатиялық пәнді оқытуда өзіндік үлкен үлесін қосады. Екіншіден, мөр тарихи мәдени материал болып есептеледі. Үшіншіден, мөр өнер тарихының ескерткіші ретінде танылады. Қандай ғылыми бөлім болмасын шығармашылығына қарап тарихи білімді әсіресе, - дипломатика ғылымы үшін, мәдени тарих, өнер тарихы да - әр қайсысы өзіндік зерттеуді қажет етеді.
Сфрагистика ғылымы деректанудың белсенді саласы ретінде де, өзіндік зерттеу мақсатын айқындайды. Оларға: деректі сынау, түпнұсқалығын анықтау, авторын, датасын білу жатады. Мөр жазба деректердің ішкі белгілерін анықтап, дәлелдеп көрсететін дерек. Ішкі сараптама, әрине нақты жазба деректің пайда болуы туралы сұраққа тікелей жауап беретін мәлімет бермейді. Бірақ құжаттағы мөр тарихи деректің құпиясын ашудың бір негізі болуы мүмкін. Мөр куәләндіргіш белгі ретінде бір адамға, немесе белгілі қызмет мекемесіне тиісті болуы мүмкін. Мөрді оқу ол жеке затты куәләндыратын құжатты оқығанмен бірдей қызмет атқарады. Оған заң жүзінде құқықтық күш берілгендіктен тарихшылар үшін үлкен қолданбалы білімді анықтауда тарихи қосалқы пәндерді ұштастыруы қажет. Алғашында мөрлер құжаттың бір түрі ретінде мұрағаттарда, музей қорларында сақталды. Бір уақыттарда мөрлерді - мемлекеттік биліктегі әр түрлі институт өкілдері тарихи құжаттарды куәләндіру мақсатында шартты түрде қол қойып бекітіп заңды дипломатиялық іс-шаралар жүргізген. Мөрлерді зерттеуге деген қызығушылық XVIII ғасырда пайда болды. Ең алғаш зерттеушілердің назарын аударған нәрсе мұрағаттарда сақталған актілік құжаттардағы мөрлердің таңбалары еді /1, 239-242/.
Мөр мағынасы сфрагистика ғылымында – штамп немесе қалып және (оттиск) таңба түрінде кездеседі. Ғылымда басылған мөрлерді штамп деп атайды. Мөрлерді ойып немесе қатты материалдарды қырып жасайды және балауыздан жасалған штамп бар (сүргіш бояуымен басылады). Металдағы оттисктер (алтын, күміс, қалайы, қорғасын) булла деп аталады. Мөрлер таңбалық, жай, жеке тұлғалық (факсимил) деп бөлінеді.
Факсимил – латын тілінен facsimile аударғанда қалағаныңды сал дегенді білдіреді.
Ертеректе әр үйде заттары ауысып кетпеу үшін ерекше мөрлер «signaculem» болған – олар қарапайым белгі салумен ерекшеленген /1, 286, 291/.
Материалына байланысты мөрлер – металлда, қағазда, балауызда, балауыз мастикасында, сүргіште, ысталған мөрлердің таңбалары басылады. Мөрдің қалыбы қатты берік материалдардан жасалады – тастан, сүйектен, металлдан, ағаштан немесе соңғы кездері жұмсақ - каучуктен, резеңкеден жасалып жүр. Мөрлерді қолданысына қарай үлкен екі топқа бөлуге болады – ілінбелі (вислые) баулы ілінбелі құжат, және қолданбалы құжаттарды таңбалау. Ең алғашқы құжаттар арнайы қысқыш-түйреуіштермен таңбаланған, екіншіден - әр түрлі пішінде және таңбаны дайындау үлгілерімен ерекшеленген. Көне заманда хатты жазғанда куәләндыру үшін мөрдің орнына балауызды ағаштан жасалған тақтайшалар қолданылған – балауыз арнайы дайындалған қалыпқа құйылып, екі тақтайшаға хаттың немесе құжаттың үлгісі балауызбен бірге қатталып бауымен біріктіріліп, соңында мөр жапсырмасы жапсырылатын болған /1, 287/.
Орта ғасырларда ілінбелі мөрлер пайда болған. Жазба құжаттарда, пергаментте немесе қағаздың төменгі бөлігіне кішкене саңылау жасап оған лента немесе зығырдан бау жасап, бауға мөр жапсырлатын болған.
Мөр таңбасын салу үшін балауызды пайдаланған. Таза балауыз өте күйрегіш, осал материал болғандықтан, мөрлердің таңбасын тез бұзылудан және ұзақ сақталу үшін, арнайы балауыз мастикасы дайындалған. Оны дайындау үшін балауыз бен бояуды араластырып, бор немесе ұн, сымала, майды қосу арқылы мөр таңбасын салуға арнайы қоспа жасаған. Бұл қоспа анағұрлым берік әрі ұзақ саталатын болған. Мұндай қоспаны "балауыз мастикасы" деп атаған. Балауыз мастикасы қызыл немесе ақшыл қызыл түсті болған.
XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында сақталған бірнеше құжаттарда сақталған таңбалардағы балауыздың құрамын зерттеу барысында оның қалай дайындалатыны анықталды. Қызыл түсті балауызды дайындау үшін: 12 фунт балауыз, 3 фунт кинварь (қызыл түсті минирал), 4 фунт жоса, 7 фунт сымала, жарты фунт терпентин (қылқан жапырақтан шығатын қара май) қоспалары қосылған.
Материалдың сапасына қарай мөр таңбасын салуда сымаланы сирек болса да қолданған.
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Ұқсас мақалалар:
» Дипломдық жұмыс: Археология | ҚР орталық мемлекеттік музей қорындағы ағаштан жасалған бұйымдар
» Дипломдық жұмыс: Археология | Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарының музейлері
» Дипломдық жұмыс: Кәсіби оқыту | Кәсіби білім беру жүйесіндегі Түлкібас агробизнес және туризм колледжінің қазіргі замандағы педагогикалық оқыту технологиялары
» Дипломдық жұмыс: География | Орталық Қазақстанның көлдеріне аймақтық шолу
» Дипломдық жұмыс: Қаржы | ҚР ның несие жүйесінің дамуы және банктік несиелердің кеңеюі
» Дипломдық жұмыс: Археология | ҚР орталық мемлекеттік музей қорындағы ағаштан жасалған бұйымдар
» Дипломдық жұмыс: Археология | Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарының музейлері
» Дипломдық жұмыс: Кәсіби оқыту | Кәсіби білім беру жүйесіндегі Түлкібас агробизнес және туризм колледжінің қазіргі замандағы педагогикалық оқыту технологиялары
» Дипломдық жұмыс: География | Орталық Қазақстанның көлдеріне аймақтық шолу
» Дипломдық жұмыс: Қаржы | ҚР ның несие жүйесінің дамуы және банктік несиелердің кеңеюі
Іздеп көріңіз: