Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Күләш Ахметова шығармаларындағы махаббат тақырыбы
Мазмұны
Кіріспе
К.Ахметованың шығармашылық өмірбаяны.........................
ІІ Негізгі бөлім
1 – тарау. К.Ахметова поэзиясының ерекшелігі............................
2 – тарау. К.Ахметова поэзиясындағы махаббат тақырыбы......
Қорытынды.............................................................................
Пайдаланылған әдебиеттер..................................................
Кіріспе
Дипломдық жұмыстың тақырыбы: Күләш Ахметова шығармаларындағы махаббат тақырыбы»
Зерттеу тақырыбының өзектілігі:Ұлттық поэзия патшалығына өзіндік өрнек, өзгешеліктерімен келген, адамдық, ізгілік иірімдерін нәзік лиризммен, терең тебіреністі толғамдармен еркін жырлаған - Күләш Ахметова уақыт талаптарын жіті зерделеді. Қайсібір тақырыпты да тереңнен толғап, ақыл-парасат нұрын, көңіл күнделігін, жан-жүрек сәулесін молынан түсірді. Атамекен мұратын, ел-жер тағдырын, адам әлемін алуан ізденіс, түрлі салыстырулар арқылы шебер де шешен жеткізді. Күләш Ахметованың ақындық өнері-талант қуатымен, көркемдік нәрімен, сыр-сезімге толы шындық сипаттарымен даралана түседі. Ақынның махаббат тақырыбындағы өлеңдерінің өзекті мәселесіне үңіліп,өзіндік өрнектерін тану талмай зерттеуді талап етеді.
Зерттеу нысаны ретінде Күләш Ахметованың лирикасы, әр жылдары жарық көрген жыр жинақтары мен ол туралы жазылған әдеби сын еңбектері негіз етілді.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері: Жұмыстың басты мақсаты қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті тұлғасы Күләш Ахметованың ақындық әлемін махаббат тақырыбындағы өлеңдері арқылы қарастыру болып табылады.Сол арқылы танымал тұлғаның әдеби процестегі орын-үлесін, ізденіс арналарын, көркемдік мұраттарын, қаламгерлік нысанасын зерделеу. Ақын әлеміне ену,ізденіс арналарына назар аудару,тақырыпты меңгеру, образды ашу,коркемдік амал-тәсілдерді қолдану мүмкіндіктеріне мән беру.
Осы мақсатқа жету барысында төмендегі мәселелерді негізгі назарда ұстау міндет етілді:
- К.Ахметованың өмірі мен шығармашылық ғұмырбаянын жаңа уақыт талаптары тұрғысынан зерттеу мен зерделеу;
- ақындық өнерін тақырып табиғаты,жанрлық-көркемдік жүйесі,тіл-стиль сипаттары аясында қарастыру;
- ақын лирикасындағы атамекен мен адамгершілік сезімдерін,жастық пен достық сырларын кеңінен саралау;
- ақын шығармаларындағы ізденіс мұраттарын, көркемдік таным арналарын, көзқарас эволюциясын зерделеу;
- ақын өлеңдеріндегі тәуелсіздік тұғыры мен демократия тағылымының көріністерін байыпты барлау;
- К.Ахметова лирикасын зерттеу негізінде шығармашылық процес табиғатын ашу, өлең-өнердің сырлы да сыршыл сипаттарына ден қою, ақын мұраты мен көзқарас, қолтаңба табиғатына мән беру;
Зерттеу жұмысында қолданылған әдістер: жүйелеу мен жинақтау, сипаттау мен тұжырым жасау, салыстырмалы талдау мен кешенді түрде қарастыру.
«Күләш» деген бүкіл халқымызға ардақты есім, бізге «Күләш» десе, алдымен ән келеді. Құлағымызға сыңғырлап күллі қазақ даласын жаңғыртқан оның бұлбұл үні жандүниеңді тербеп, денеңді бір суытып, бір ысытып таңғажайып сиқыр күйге бөленгендей боласыз. Күләш жайлы М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтен бастап, қаншама ақын – жазушылар тебірене жазды. Тербетіле сөз етті. Әнші Күләш жайлы ақын Күляш Ахметова да толғанған, ол:
Келтірген түрлі сазын, түрлі нәтін,
Қалдырды ұрпағына мол мұрасын.
Әлі мен ойланамын өз ортасы,
Әлпештей алды ма деп бір Күләшін, - десе біз іштей қуанамыз. Дархан да талантты халқымыз «Күләштардың» қатарын сиретпепті, ел ішінде әншісі де, бишісі де ақыны да мол, олардың әлі -ақ қайнап, бұрқап шығары сөзсіз.
Осы орайда Күләш Ахметова жайлы сыр қозғасақ, ол 1946 жылы 25 сәуірде бұрынғыша Жамбыл облысы, Талас ауданында дүниеге келіп, Үшарал орта мектебін бітірген.
Үш жыл медициналық училищеде оқып, оны 1966 жылы тәмамдаған. Он бір жылдан астам уақыт Үшарал медпунктінде меңгеруші қызметін атқарып, кейіннен Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде әдеби қызметкер болып істепті. Артынша, 1968 жылы КАЗ ГУ -ге түсіп, оны 1973 жылы бітірген. Жоғарыдағы оқу орнын тәмамдаған жылы «Қазақстан пионері» газетінің әдеби қызметкері, артынан білім меңгерушісі болады. Күләш Ахметова 1977-1980 жылдар аралығында «Жалын» баспасында қызмет атқарады.
Ақынның 1975 жылы «Ақ гүлім» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. Осы кітабы Күләшқа үлкен абырой әкелді. Өйткені, бұл айшықты ойға, әдемі суретке толы жырлар еді. Ақынның екінші жинағы «Сен менің бақытымсың» деп аталады. Осы кітапқа қазақ поэзиясының көшбасшысы Әбділдә Тәжібаев «Күләш Ахметова ақын» деп аталатын көлемді мақаланы сол кездегі «Лениншіл жас» газетінде тебірене жазды. Ақын Әбділдә Тәжібаев осы еңбегінде Күләшті нәзік лирик әрі үлкен ой қорыта білетін терең толғамды, әрі табиғаттың суретін шебер сала білетін суреткер ретінде бағалады. Ақынның осы аталған кітабына «Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы» берілді. Күләш Ахметова он шақты жыр кітапшаларының авторы, солардың ең бастылары: «Жапырақ жаздың жүрегі», «Махаббат жылы», «Мейірім», «Бұлақтағы жұлдыздар», «Жасыл жағалау», «Ләйлектер қайтып келгенде» т.б.
Ақынның Әбіш Кекілбаевтың алғы сөзімен «Күн шыққанда күліп оян» атты таңдамалы өлеңдер мен поэмалары «Ана тілі» баспасынан 1986 жылы жарық көрген. Ақынның өлеңдері орыс украин, беларусь, өзбек, тәжік, башқұрт тағы басқа тілдерге аударылған. «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған.
Таластың құтты өңірінде көктеп бүр жарған жас қайыңдай талдырмаш қыз мектеп қабырғасында -ақ өлең жаза бастағанын ақынның «Түркістан» газетінің тілшілері жүргізген арнайы сұраунамадағы: «Ең алғаш өлең жазуыма себепкер болған кісі 4-сыныптағы мұғалімім Мәдина апай еді. Бір өлеңнің құрылысын талдап тұрып, «Балалар іштеріңде кім өлең жаза алады?» - деп сұрағанда мен ғана қолымды көтеріппін.
«Анама» деген өлеңіммен, Үшаралды сағынғанда жұптаған шумақтарымды қосып алып келдім. Екі өлең кешікпей жарық көрді» деген жауабынан аңғарамыз. Студенттік кезеңінде поэзияның қасиетті өлкесінде нәзік сырлы, ыстық сезімді, күмістей сыңғырлаған сұлу әуенді, дарынды өлеңдерімен елең еткізген ақын кеңінен таныла бастайды. Ақын бір сөзінде: «1968 жылдың көктемінде «Лениншіл жас» газетіне елден екі өлең жіберілді. Іле – шала жарық көрген сол өлеңдеріме Сәбит Мұқанов сол газетте жаңа пікір жазды. Бұл менің әдебиеттегі ең алғаш естіген мақтауым еді. Үлкен жазушының жомарт бағасы жолымды ашты» деп тебірене сөз еткен [1.7]. Көп ұзамай ақынның оқырманы молая берді.
Сөйтіп халқының сүйікті ақынына айналды. Бүгінде оның туындыларының әлемдік поэзияның үлгілері деңгейіне көтерілгенін айта аламыз.
Кезінде әдебиетіміздің айтулы азаматтары – Сәбит Мұқанов, Асқар Тоқмағанбетов, Әбділдә Тәжібаев, көрнекті ақын – жазушыларымыз Тәкен Әлімқұлов, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова баспасөз бетінде аталық батасын беріп, ағалық ақ тілектерін айтқан ақын бүгінде толысқан, кемеліне келген, аты республикамыздан сырт жерлерге де белгілі тұлғаға айналған. Шығармалары бірқатар шетел тілдеріне де аударылған.
Күләш Ахметова – нағыз ақын. Шығыстың жарық жұлдызы Әл Фараби өзінің «Поэзия өнерінің конондары жайлы» трактатында ақындарды тума, еліктегіш және жасанды деп неге үшке бөледі. Үшке бөледі де ұлы ғұлама «ең ғажайып поэзияны табиғи ақындар ғана жасай алар» деп бір -ақ кесіп айтпай ма? Олай болса, Күләш Ахметова сол топтың табиғатына жатады.
Нағыз ақын өзінің алғаш аяқ алысынан -ақ арыны мен адымын, кім екенін бірден айғақтап бере алады. Қолына алғаш қалам ұстағаннан -ақ Күләш – та ақын табиғатын тап басып түсінген.
«Ақ гүлім менің» деген алғашқы жинағындағы «Ақын» деген өлеңіне назар аударалықшы:
Апыр-ау қайда мейірім, қайда рақым,
Болдым ғой төзімімнен айрылатын.
Өлсең де өлмейтұғын өлең жазған
Қандай сен бақыттысың, қайғылы ақын.
Елінің жан дертін жүрегімен сезіне білген ақынның қайғылы болмасқа қақы жоқ!
Сен үшін адал перзент, жырың бақыт,
Ғасырға өзің болып жүр үн қатып...
Жырыңның бір парағын жыртқаны үшін,
Жылатты біреу ұлын шырылдатып...
Ақын үшін бұдан асқан бақыт бар ма?
Ол - Қазақстан Жастар силығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы хатшыларының бірі. Күләш аудармасымен А.Ахматова, Б.Ахмадуллина, Ә.Межелейтис, А.Межиров, П.Ислам секілді көрнекті ақындардың өлеңдері қазақшаланды. Бергенінен берері көп ақын үздіксіз ізденіс үстінде, жемісті еңбектеніп келеді.
Жаңа кітапты оқуға кірісердің алдында үнемі өзімізді алдында не күтіп тұрғаны беймәлім алыс сапарға шығуға дайындалған жолаушыдай сезінесің. Әлі де беті парақталмаған жаңа кітапты оқуға зейін қойғаныңда, не болар екен деген тынымсыз ой мазалайды. Жаңа кітап әсерлендіре алмаса, сапарға бекер шығып, түк таппай қажыған жолаушыдай өкініп, рухани әлеміңді байытатын шын жауһардарды тапсаң, сағынышыңды басатын сырласыңды кездестіргендей қуанып, рахаттанасың. Ол кітап кей кездері сені қанаттандырып, ерекше шабыт беріп, бірнеше күн бойы жаңа жыр жинақтарын қолыңа алғанда, есіңе ақынның алдыңғы туындылары түсіп, сол кездегі толқыған сәттерің мен алған әсерлерің санаңа қайта келіп тіреледі. Алпыстың асқарына шығып отырған қазақтың біртуар ақын қызы «Бақ», «Құт» кітабында өзінің толысқандығын, кемелденгендігін, ұлттық поэзиядағы өз орнын алғандығын тағы бір толық дәлелдегендей. Кітап түгелдей еліміздің егемендігіне, халқымыздың әдет – ғұрпына, республика жұртшылығының ынтымағына арналған. Қос туындының осылай аталуының өзінде де бір себеп бар секілді. Менің ойымша, ақын еліне, жұртына, қазақтың әрбір отбасына «бақ пен құт дарыса екен», деп қойған сияқты.
Ұлы қазақтың кең байтақ сахарасын отты жырларымен тербеткен осындай біртуар ақын қызы бүгінде мерейлі белесіне айбынды абыроймен көтеріліп отыр. Классик Қадір Мырза Әлиевтің: «Күләш – Ахметова – көп ақынның бірі емес. Өз алдына бөлектеу тұрған сегіз қырлы, бір сырлы тұңғиық ақын» - деуі тегін емес.
«Заман Қазақстан» газетінде жарияланған тікелей сұхбатта «Даңқ туралы ойыңыз?» деп қойылған сұраққа: « - Аңшы нені қуса соны алады. Қумаса қалай алады? Білімпаз білімнің соңына ыждахатпен түспесе, оны қалай игереді? Даңқ та сондай. Оған қатты ұмтылған ақын атағын шығарады. Маған даңқ онша қажет болған жоқ. Мен өз дәуірімнің мәуесімін. Өлең үшін үлесімнен, өмір үшін күресім көп болды», - деген жауабынан нағыз ақынға тән тектілікті тани аламыз. [2.15].
Өткен ғасырдан бастау алып, жаңа ғасырда да жалынды да жауһар жырларымен танылған қазақтың айтулы да айбынды ақын қызы Күләш Ахметова өлең өлкесінде өнімді де жемісті еңбек етіп, жыр сүйер жамиғатты әдемі өлеңдерімен тәнті етіп келеді.
« - Толайым дүнием асым деп айта алмаймын. Артық – кемі көп екенін білемін. Заман солай болды – қаламақысы көп екен деп, кітаптан кітапқа асықтық. Төрт шумақпен тоқтайтын жерде он шумаққа жеткіздік.
Өзіме аяны – өзімше жазуға, шынайы жазуға, адал айтуға тырыстым. Кітаптарымды ақтарып отырсам екшелеп ашарлық, есте қаларлық, елге жарарлық жолдар баршылық сияқты» - деп ақын Күләш Ахметова айтқандай жан нұрына шарпылған жырларымен көпшіліктің көңілін баураған ақын поэзиясын оқып, ой түйіндемеу мүмкін емес [3.5].
Қашанда нағыз ақын, кесек талант хақындағы сөз сарқылмайды, қайта күн өткен сайын оның жұмбақ та құпия қырлары гауһар тастай жарқырай ашылып, жан – жағына өз сәулесін шаша түсері сөзсіз.
І. 1. Күләш Ахметова поэзиясының ерекшелігі
Қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік көзқарасы мен қолтаңбасы бар, ізденіс пен ізгілікке жаны құштар, жүрегі жырға, көңілі нұрға толы талантты тұлғалардың бірі – Күләш Ахметова.
К.Ахметованың ақындығы алыптар тобының асылы мен асқарының сөз өресіне айналады. Ақындық өнер мен көркемдік қабылдау мұраты өмір тәжірибесімен уақыт бедерінен де із береді. Мұны К.Ахметова поэзиясының бел – белестерінен жіті көруге болады. Айталық, К.Ахметованың алғашқы өлеңдерінде (Атамекен, «Ақпан айы», «Жол», «Қысқы бақта», «Оқырменмен әңгіме», «Көктем де келді», «Ыстық жаз», «Таңертең», «Түнде» тб.) ізденіс іздері адам мен оның еңбегіне құрмет, өмірге құштарлық, игілік пен ізгілік қасиеттері, жыл мезгілдері мен табиғат тамашалары кең орын алған.
Ақынның аталған өлеңдері адам әлемінің иірім сырлары, өмірдің нұрлы да жарқын сипаттары, еңбек мұраты мен ізгілік, инабат табиғаты сол секілді әр алуан ізденіс, салыстыру мен суреттеулер арқылы беріледі. Бұның бәріне де адалдық пен әділеттілік салтанаты, өмірдің өршіл сипаты, жасампаздық сырлары, еңбек қуанышы кеңінен көрініс береді.
Күләштің жырлаған тақырыбы, жанрлық ерекшеліктері, көркемдік стилі жағынан әр алуан. Ол қазақ даласындағы ұлттық идеяны, бүгінгі заман тақырыбын жырлайды. Табиғат толғаныстарын, сезім иірімдерін, адамгершілік пен ұлтжандылықты, жеке адам психологиясын, қазіргі қоғамның өзекті мәселелерін өлеңдерінің өзекті тақырыптары ете отырып, жаңа идеяны насихаттаушы ақын ретінде танылды. Күләш Ахметова лирикасының табиғатынан ұлттық болмыс бедері, қазақ тілінің өлең – жыр болып төгілген әрі мен нәрі, шұрайы мен шырайы қиял қанатымен қанаттанып, құштарлық, өнерге сүйіспеншілік сезімдері сырлы да нәрлі түрде өріс алады.
Адам өмірін үлгі ету, еңбек мұраттарын бағалау, келешекке үміт арту айқын аңғарылады. Кеше – бүгін байланысы берік те тағылымды. Мәселен, «Мен туған үй» өлеңінде:
Түрлі достар үйімізде бар біздің,
Тоғысатын шоғырындай жұлдыздың.
Балалайка тартып анам, ал әкем
Әнін салып отыратын қырғыздың, - деп балалық дәуренін сағынышпен еске алу арқылы алтын тамыр – ауылға, кеше - бүгінге барлау – байлам жасайды [4-10]. Ақын үйді – отан бейнесінде алып, одан нәр – қуат алған адамдар әлемін, еңбек тынысын еркін де көркем, серпінді суреттейді. Ата - анаға құрмет, досқа беріктік санды сезім сырлардан да табиғилық, тазалық танылады.
К.Ахметова поэзиясындағы сыр мен сезім шындығы, тұтастығы – тақырыптық – идеялық сипаттарынан, жанрлық – көркемдік ерекшеліктерінен, тілдік – стилдік қырларынан танылар еді.
Бұл тұста, әрине, ақын өмір шындығын көркемдік шешімге айналдырар тұста, тақырып табиғатына айрықша мән береді. Ақын кез – келген тақырыпты толғаусыз толғап, қиыннан қиыстырып жаза бермегені ақын аңғарылады. Бұл ретте, әрине, өзі көрген, көңіл сеніп жүрекке берік ұялаған жайларды ғана тереңнен толғап, шынайы жырлайды. Өзін толғандырған тақырып табиғатына еркін еніп, оны әр қырынан танып, қалың көпке ізденіс – көркемділігімен, шеберлік пен шешендікке сай сомды бейне, ұтымды қырларымен жеткізу – Күләш Ахметова ақындығының басты белгілерінің бірі.
Күләш Ахметова лирикасындағы ізденіс арналары – ауқымды да ағысты, тақырыптары – іргелі де мәнді, көзқарас пен қолтаңба мәнерінен ақиқатты ту етіп, шынайы шындыққа табан тіреу айқын байқалса, мазмұн құрылымынан - ұлт пен ұрпақ мұратына адалдық, ел мен жерге берілгендік, адамдық істі ардақтау, кісілік пен кішілікке ден қою, тарих пен танымға, дәстүр мен дінге, діл мен тілге ерекше мән беріп, көркем де кемел, шебер де шешен жырлайтыны айқын танылады.
Күләш Ахметованың ақындық өмірінде де өзіндік өзгешеліктер мол. Оның бастысы және қайсібір тақырып, мәселелер өмір шындығына негізделуінде жатыр. Өлең мұраты, ондағы өмір оқиғасы мен лирикалық қаһарман әлемі осы бағыт, ұстаным аясында кең өріс алады [4.11].
Күләш Ахметова өмірін өлеңге арнаған. Өмірге өнердің көзімен қарайды. Сыр мен сезімді қатар ұстайды. Әр кезде шындықтың шырағданы бола біледі. Бұның барлығында да ақындық мұрат айқын. Ұлттық болмыс пен уақыт өрнегі бедерлі. Қазақ әдебиетіндегі қазіргі адым, жер, әлем, орта, гуманизм жеке адам тағдыры мәселелері көтерілуде. Кәдімгі қарапайым адам тіршілігі, психологиясы мен көңіл – күйі өрелі түрде, жоғары әлеуметтік деңгейде қозғалуда К.Ахметованың лирикалық туындыларында өмір шындығы және қаһарман әлеміне кең орын беріледі.
К. Ахметованың «Бұлақтағы жұлдыздар» (1982) атты өлеңдер мен поэмасы енген жыр жинағы – ізденіс іздері мол, тақырыбы мен мазмұны бай, көркемдік – рухани әсері жоғары, қолтаңба мен көзқарасы таным – түсінігі айқын, суреттеу амал – тәсілдері, шеберлігі мен шешендігі өзара үйлесім – тұтастық тапқан тағылымды туынды.
Жыр жинағы - бес бөлімнен тұрады. Алғашқы төрт бөлім – адалдық пен адамгершілік құндылықтарынан, игілік пен ізгіліктен, еңбек мерейі мен табиғат тамашаларынан тұрса, соңғы бөлімге «Болашақ үшін» деген Б.Момышұлына арналған поэма енген.
Бұдан басқа, атап айтқанда «Қар жауып тұр қалада», «Күн бұлыңғыр», «Ыстық жаз», «Қызыл алма», «Өмір деген бояу», «Аппақ гүлдер» сынды өлеңдері жаратылыстың ғажайыптарын, жыл мезгілдерінің құбылысын адам әлемімен, оның еңбек әрекетімен, уақыт тынысымен өзара сәйкестікте суреттейді.
Адам мен табиғаттың ара – қатынасын, аспан асты, жер үсті көріністерін, күн мен түн байланысын, жұлдыздар сырын көңіл толқыны, жан сезім тербелістері негізінде нанымды жеткізетін «Бұлақтағы жұлдыздар» өлеңінен үзінді келтірсек.
Тыныштықта тұнжырап тұрды ізгі аймақ,
Сұлу сурет мойныңды бұрғызбай -ақ.
Көздің жауын алады жарқ – жұрқ етіп,
Жұмбақ толқын ішінде жұлдыз қайнап
Өлеңде өмір өрнектерімен бірге табиғат арқылы да адам әлемін аялау мен бағалаудың мол мүмкіндіктері бар. Ақын табиғат тылсымына үңілу негізінде адамзатқа ортақ мәселелерге назар аударады. Адам мен табиғатты қатар сөз етеді.
Ортақ тұстарына ден қояды. Сол арқылы табиғатқа адам қолымен жасалып жатқан қиянат кедергілерге қарсылық білдіріледі. Экология мәселесін өткір көтереді.
К.Ахметова поэзиясында ақынның өмірге деген құштарлығы, өнерге деген шынайы ілтипаты айқын аңғарылады.
Екіншіден, ақын өлеңдері ойлы да өрнекті, сенімді де серпінді өріс алады.
Үшіншіден, ақындық өнер табиғатынан өлең өрісінің кең көкжиегі, ондағы шындық пен суреткерлік, шеберлік пен шешендік жүйесі жеткізіледі.
Төртіншіден, ақын қолтаңбасына шындық өмірдің өрнектері, еңбек ырғақтары, адам әлемінің сырлы иірімдері оңды сипаттарымен, ұнамды қырларымен көрініс береді.
Бесіншіден, ақынның өлең өрімдері, ондағы өмірден өрбіген шындық сырлары көңілді бертеп, жүрекке қорытылған қалпында суреттейді. Ақын қайсібір құбылыс, көріністерді сырттай қызықтап, үстірт суреттемейді, керісінше көңіл көрігінде шыңдап, жүрек пернесінен өткізіп, содан кейінгі тұстарда ой мен сөз жүйесіне, сыр мен сезім тұтастығына тербеп, талғам – толғаныстарына еніп барып қана қалың көпшілікке ұсынады. Өмір шындығы негізгі нысаны етіліп, осы бағыт – арна мезгіл әуенінен, адам әлемінен, көркемдік таным иірімдерінен кең көлемде танылады.
Ақын сыры, ондағы көңіл шуағы мен жүрек сыры осында. Ақын шығармаларында байқалған сыршылдық, терең лиризм, романтикалық әуен мен философиялық кеңдік оның лирикасының басты мұратын айқындайды. Парасатты поэзия биігінен көрініп, жемісті еңбегімен әдебиетке өзіндік үлесін қосып жүрген К.Ахметова лирикасы айқын қолтаңбасымен, дүниетаным тереңдігімен ерекшеленеді [4.15].
К. Ахметованың өлеңдері тақырыптық жағынан алып қарағанда кілең лирикаға құрылған деуге болады. Оған мөлдірлік, тазалық тән. Ондағы табиғат, көңіл – күй, махаббат лирикалары оқырманның жан дүниесін тербеп, терең сезіммен баурап әкететін табиғилық басым.
Ақынның табиғат лирикасы – кең даланың көрінісі. Ақын табиғаттың төрт мезгілін адам жанымен байланыстырып, оның өзі табиғаттың төл перзенті екендігін әр өлеңінде еске салатындай. Жүрегімізге терең үңіліп, ойымызға салмақ салсақ поэзия мен табиғат бір – бірімен ажырамас дүние, тамырлары тереңде, бір арнада тоғысқан тұтас жүйе екеніне ешбір шүбә келтіре алмаймыз. Табиғат – тұнып тұрған тыныштық ұясы ғана емес, тылсым, жұмбақ дүние. Тылсым дүниенің сырын ашу әрбір жеке адамның қолынан келмейді, ол үшін әрбір адамның бойынан ақынға тән жүрек пен әсемдікті бейнелейтін асыл көз, сергектік пен серпінділік сипаттар көп болуы шарт. Ақын мұраты, өлеңсіз өріс өресі де осында.
Ақынның «Күн шыққанда күліп оян» деген өлеңі табиғат лирикасына арналған шығармаларының шоқтығы десе де болады. Ақын жаны да, тебіреністі тұстары да бейнелі, бедерлі беріледі.
Лирикалық арнау – әлемдік поэзияда көп таралған. Ақын басқаға қаратып жыр арнау арқылы өзі туралы емес, өзінің сезім – күйі арқылы өзге туралы ой қозғайды. Ортақ мәселеге үн қосады.
К. Ахметованың ақындығынан оның бел – белестері, көркемдік көкжиегі, өзіндік көзқарасы, қолтаңбасы жіті танылады.
Өлең өлкесінде өз тұстастары секілді өнімді еңбек етіп, ұлттық мұрат пен өмір өнегесін шынайы да шебер жырлағандардың алдыңғы қатыранан - К. Ахметованың есімі құрметпен аталады.
К. Ахметова поэзиясының көркемдік жүйесінен тақырып әр алуандығы, ізденіс мұраттары, өлең өрісі мен ондағы өрнек – өнегелері, бунақ, шумақ, тармақ табиғаты кеңінен көрініс береді. Ең негізгісі, Күләш Ахметованың ақындығы адами болмысты бедерлеуден, игілік пен ізгілікке құштарлықтан, өмір – уақыт тынысын сезінуден тұрады. Демек, ақын поэзиясы көркемдік таным арналарында қоғам, кезең көріністері бар сыр – сипаттарымен даралана түседі.
К. Ахметова лирикасындағы тілдік, стильдік, бейнелік құбылыстар да ерекше назар аударады. Әдебиеттану ғылымында стиль мәселесіне ерекше маңыз беріледі. «Стиль – форма мен мазмұн көркемділігінің жалпы сипаты. Стильді жеке суреткердің өзіне тән ерекшелігі туады. Әрі бір ғана шығарманың бойына тән ерекше стильдік сипаттарымен астаса, жарыса қиысып, оның тұтас творчествосына тән стильдік ерекшелігін жасауы мүмкін» [5.79]. Сол секілді, суреткердің өзіндік ерекшелігі оқшау, дара қалыптасатын құбылыс емес. Жеке стильдің жасалуы үстінде өткен, бұрыннан бар стильді қолданудан аулақтай алмайсыз, өйткені олар бірлесіп, өзара ұқсас көркемдік мәселені шешуге қатысады. Мұның ақындық өнермен де үндесетін тұстары бар......
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Ұқсас мақалалар:
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Күләш Ахметованың лирикасы
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Жүрсін Ерман поэзиясының көркемдік сипаты
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Әріп Тәңірбергенов поэзиясындағы Абай дәстүрі
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Мұхтар Шаханов поэзиясы
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | «Құлагер» поэмасындағы І.Жансүгіровтің тілдік тұлғасы
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Күләш Ахметованың лирикасы
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Жүрсін Ерман поэзиясының көркемдік сипаты
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Әріп Тәңірбергенов поэзиясындағы Абай дәстүрі
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | Мұхтар Шаханов поэзиясы
» Дипломдық жұмыс: Қазақ әдебиеті | «Құлагер» поэмасындағы І.Жансүгіровтің тілдік тұлғасы
Іздеп көріңіз: