Бата-тілек: Мал-жанға берілетін бата

Бата-тілек: Мал-жанға берілетін бата

Е, Құдайым, оңдасын,
Мың саулығың қоздасын.
Сегіз түйең боталап,
Сегіз келін қомдасын.

***
Жүзге жетсін түйеңіз,
Үш жүз болсын биеңіз!
Әлдеріңнің келгенінше
Жығылғанды көтеріп,
Сүйенгенді сүйеңіз!
Тарығып келген адамға,
Бермесек, отқа күйеміз,
Бергенді тым - ақ сүйеміз.
Жомарттық қылып қолдасаң!
Әрбір жерде жар болсын
Бір жасаған - Иеміз!

***
Аладан алпыс бие құлындап,
Алқалап ұлың байласын.
Желіден жетпіс інген боталап,
Қыз - келіншек қызығымен қомдасын.
... Ораздыны көшіріп,
Шиеліде қонысып,
Отыңның басы
Перзентке толысып.
... Әр елге әр перзентің
Патша болсын!
Батамыз біздің берген
Қабыл болсын!
Әумин!

***
... Ағайынмен тату бол,
Жаз кигенің құлпы бол!
Қыс кигенің түлкі бол!
Бағаналы таудай бол!
Шағалалы көлдей бол!
... Есігіңнің алдында,
Елу інген боздасын
Қораңда бес жүз саулық қоздасын!
... Жылқың сенің мың болсын!
Жылқы деген жақсы мал.
Бес өлкеге бақтырып,
Бес айдыннан суарып,
Бетегелі тауға жабысып,
Сиырың сенің мың болсын!
Қысың қатты болғанда,
Қамысты жерге айдап сал,
Бісмілла, Аллауакбар!

***
«Әумин!» деп қолыңды жай,
Қабаттусын Күн мен Ай.
Алғаның болсын сайма - сай
Қапалық болмай кезінде
Ылғи болсын мамыражай.
Қос - қостан тауып үл мен қыз,
Мінгені болсын жорға тай.
Әумин!

***
Е, Құдайым, жарылқа!
Жарылқасаң малды қыл!
Біткен жұрттың алды қыл!..
Е, Құдайым, бала берсін!
Мал мен басты және берсін!
Саған қас қылған дұшпанды.
Табаныңның астына сала берсін!
Аллауакбар!

***
Қозыға толсын көгенің,
Уыз болсын жегенің.
Құтты болсын құрығың,
Тартылмасын құдығың.
Қияқты болсын сұңқарың,
Тұяқты болсын тұлпарың.
Өрісті болсын жайлауың,
Ырысты болсын қыстауың.
Арыстандай болсын айбатың,
Жолбарыстай болсын қайратың.
Гүлге толсын өңірің,
Көңілді өтсін өмірің.
Асқа толсын табағың,
Ашық болсын қабағың!
Әумин!
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
казакша бата-тілек Мал-жанға берілетін бата благословение на казахском, благословение Мал-жанга берилетин бата на казахском языке бата-тілек скачать бесплатно, бата-тілек түрлері жинағы оқу, виды благословения на казахском языке, Мал-жанға берілетін бата

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]