Жақсы адам

Жақсы адам

- Балам "туған күнімді жаса, мама" деді, - дейді келіншек. - Жасасам, жасайын, баламның туған күнін себепші етіп, үйге қажетті адамдарды шақырып жібере қояйыншы деймін. Шақыратын адамдардың тізімін жасаймын келіп. Бәрі де керекті адамдар. Ішінде керекті емес бірі де жоқ. Бірақ балам тізімді көріп теріс айналды.
- Мынаның ішінде мен танитын біреуі де жоқ қой, - дейді балам қитығып.
- Әй, сен танымасаң, мен танимын ғой! Бәрі де мамаңның тіршілігіне керекті адамдар.
- Бірақ туған күн менің туған күнім ғой, - дейді балам да қасарысып көнбей. - Роза тәтені де шақырасың.
- Не істейсің ол әйелді?! Өң дейтін өңі де жоқ, түс дейтін түсі де жоқ. Үстіне кигені де арзанқол бірдеңе.
- Бірақ ол жақсы адам ғой, - дейді ұлым да көнбей.
- Ал, жарайды! Роза тәтеңді де шақырайын. Бірақ Роза тәтең қадірлі қонақтардың үстіне кірмей-ақ қойсын, жарай ма?! Өзің Роза тәтеңмен бөлек отырасың ба?
- Иәә! - дейді балам көзі жайнап.
Тізімге үнілемін келіп. "Жақсы адамдардан ешкім қалып қойған жоқ па?"
- Айтқали ағаны да шақырасың, - дейді балам.
- Оны не істейсің?! Ол бір жүрген қарапайым адам. Саған жөні түзу сыйлық та әкеле алмайтын шығар.
- Маған сыйлығының керегі жоқ! - дейді балам да қасарысып көнбей. - Туған күнімде Айтқали ағаның болғанын қалаймын. Өйткені ол жақсы адам.
- Шаршаттың-ау әбден! Әкең де осындай қитықпа мінезді еді. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін үйрете алмай-ақ қойып едім. Сол мінезінен бірдеңе тапса, жүр ғой енді! Болшы, айтшы, жасайын ба, жасамайын ба?! Онсыз да менің жұмысым басымнан асады.
- Жасайсың! - дейді балам. - Бірақ Айтқали ағаны да шақырасың. Жылына бір келетін туған күнімде, тым болмаса, менің де бір рет айтқаным болу керек шығар. Онсыз да сенің айтқаныңмен жүріп келемін ғой. Мені онсыз да ол кісілерге жолата бермейсің.
- Ал, жақсы! Айтқали ағаңды да шақырайын. Бірақ ол кісі тәуір киінген жақсы адамдардың үстіне кірмей-ақ қойсын, жарай ма?! Айтқали ағамен өзің сөйлесіп отырасың ба?
- Иәә! - дейді балам көзі жайнап.
"Әй, ақымақ ұлым, сол, ненің жақсы, ненің жаман екендігін сен қайдан білейін деп едің? Оны үлкендер біледі де. Баланың көзқарасын қалыптастырып отыратын үлкендер емес пе".
Тізімге үңілемін келіп. Қала басшысынан басқасының бәрі түгел секілді. Танысам, ол кісіні де шақырып жіберер едім.

Авторы: Ғабиден ҚОЖАХМЕТ, Қызылорда қаласы
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:

KZ

Іздеп көріңіз:
Жақсы адам, дейді, балам, Бірақ, Айтқали, жақсы, туған, ненің, керекті, шақырасың, көнбей, менің, келіп, істейсің, адамдар, жайнап, қасарысып, Онсыз, үлкендер, ағаны, отырасың

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]