Шәкәрім Құдайбердіұлы: Қазақтың қайдан шыққаны
Жоғарғы әр түрлі шежіре кітаптардың сөзінен біздің қазақ Нұх пайғамбардың Яфас деген баласының нәсілінен, қытайша Тукю - біздің тілде түрік аталған халықтан екені анық болды. Түрік деген «дулыға» деген сөз екен. Онан соң бір кезде ғун, яки хун деп аталыпты. Оны Нәжиб Ғасымбек Орхон өзеніне қойылған аттан қойылды дейді. Онан кейін әр түрлі атпен бөлектеніп кетсе де, біз ұйғыр атынан шыққан елміз. Бұл ұйғыр деген «бірігіп қосылған» деген мағынада деп шежіре жазушының бәрі айтқан десе де болады. Сол ұйғырдан қырғыз, қаңылы, қыпшақ, арғынут, найман, керейт, дулат, үйсін деген таптар шығып, солардың нәсілінен шыққанбыз. Ақырында Шыңғыс хан тамам татар мағолды алып, төрт баласына ел бөліп бергенде, үлкен баласы Жошы менен онан кіші баласы Шағатайға татар атанған елдерді бергенде, соның ішінде татар атанып және Жошыға тигені Жошы ұлысы, Шағатайға тигені Шағатай ұлысы атанған, онан кейін біздің Жошы ұлысындағы аталарымыз Жошы нәсілінен Өзбек хан мұсылман болғанда, барша Жошы ұлысы өзбек атанып, онан кейін Әз Жәнібек ханға еріп, Ноғай ханнан бөлінгенде қырғыз, қазақ атанған елміз, ол кезде ол атпен атанған ел жалғыз ғана біздің үш жүздегі қазақ емес, көп ел еді. Оның көбі отырықты өмірге кіріп, әр жерге барып, бірталайы ноғай, башқұрт атанып, бірталайы өзбек, сарт атанып кеткен. Ақырында қазақ деген аты бізде қалған.
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Іздеп көріңіз: