Ой-доданы қалай дұрыс өткізу керек?

Ой-доданы қалай дұрыс өткізу керек?

Бұрынғы жұмысымда жиі-жиі ой-дода («мозговой штурм») өткізіп тұратынбыз. Қарап отырсам, оны ұйымдастыру барысында бірқатар қателіктерге жол берген екенбіз.

Қазіргі таңда интернетте ой-доданы өткізу жөнінде көптеген материалдар бар. Бірақ қазақ тілінде тапшы.

Жақында Игорь Манн мен Дмитрий Турусиннің «Байланыс нүктелері» атты кітабын оқып отырып, ой-доданы дұрыс ұйымдастыру жөнінде ақыл-кеңес таптым. Онымен сіздермен бөлісу үшін шама-шарқымша ықшамдап қазақ тіліне аудардым.

Ой-дода, әсіресе, кәсіпкерлер үшін өте маңызды. Бұл әдісті пайдалану бәсекелестікке төтеп беріп қана қоймай, ұжымды топтастыруға да оң ықпалын тигізеді.

Ұсынылған материалды ой-доданы өткізу барысында жол-бағдар ретінде пайдалансаңыздар болады.

Дайындық

1. Тақырып

Тақырып қызық және нақты тұжырымдалған болуы керек.

Ой-додаға қатысушыларға тақырып алдын ала белгілі болғаны дұрыс. «Тақырып бойынша ойланып, екі-үш идеямен келіңдер» деп, оларға меңзеп қойсаңыз тіпті жақсы.

Додаға қызметкерлер жазаны өтеуге емес, тойға барғандай келуі керек. Жақсы өткізілген ой-дода – нағыз демалыс.

2. Орынжай

Орынжай сыйымды, онда жақсы ауа айналымы болуы керек. Ауа жоқ болса ми да жұмыс істемейді.

Дөңгелек үстел болғаны абзал. Стол төртбұрышты болса, жүргізуші столдың басында емес, қатысушылардың барлығын көре алатын орында отыруы керек. Барлығында орындық болуы шарт. «Мен тұра тұрамын», «Маған осы жер ыңғайлы» сияқты сөздер – сылтау ғана.

Талқылау барысында кейбір қатысушылар орындарынан атып тұрып жатса, оларды қайта отырғызудың қажеті жоқ. Мүмкін, оларға осылай ойлану ыңғайлы шығар. Бірақ басында, ұшақтағындай барлығы өз орындарына жайғасады.

3. Миға азық

«Іште қи болмаса, баста ми болмайды» демекші, сусындар (су, шырын) және тәттілер (жаңғақ, кәмпит, печенье т.б.) керек. Мұның барлығы жақсы ойлануға және үзілістерді толтыруға көмектеседі.

Сонымен бірге қатысушыларға өзіндік бір «пара» – шақыру қағазына «Сізден ақыл, бізден тамақ пен сусын» деп жазып қоюға болады.

4. Тақта

Бірде-бір ойды жоғалтып алмау үшін үлкен тақта қажет. Жазылған ойлар жаңа ойларға шабыттандырады.

5. Қалтафон

Телефондарды өшіріп қойған дұрыс. Виброқоңырау – шешім емес. Одан да жақсысы – өшіріп тастап, ой-дода болатын орын-жайдың кіреберісіне қалдырып кеткен дұрыс.

Қатысушылар

1. Сан

Ең дұрысы, 5-12 қатысушы.

2. Құрамы

Жасампаз, жайдары, тез тіл табысатын, белсенді позициясы бар адамдарды шақырған дұрыс.

Мінегіштерден қашық болу керек.

Қатысушылар әртүрлі бөлімшелерден болғаны жақсы.

Компанияның жоғары лауазымды басшылары да қатыса алады. Бірақ ой-дода барысында олар басшы екенін ұмытуы қажет. Бірінші басшының қатысқаны зиян келтіреді, өйткені барлығы оған жағуға тырысады.

3. Роль

Жүргізуші қажет. Ол ой-талқыға бағыт-бағдар беріп, керек кезде тың ой тастап отырады. Ол дауды басады, кейбіреулердің аса белсенділігін ауыздықтайды және басқаларды демеп отырады. Ол идеялардың туу, оларды іріктеу, бағалау және сынау процесін бөледі.

Сонымен қатар жақсы жаза алатын хаттама жүргізуші де керек. Ол тақтаға барлық идеяларды жазып үлгеріп отыруы қажет. Сақтану үшін диктофон да қолдануға болады.

Қалғандардың міндеті – ой ұшқындату.

Ұзақтығы

Жарты сағаттан бір сағатқа дейін.

Бірақ кей уақытта қатысушылар қызып кетеді. Ондайда белгілі уақытты сақтағанша оларға идеяларды үстін-үсті төпелеуге мүмкіндік берген жақсы.

Кеттік

Барлық қатысушылар жиналды делік.

Мақсатты айқындап, тақтаға жазамыз – ал, кеттік, тек қана алға!

Қатысушылардың есіне басты ережелерді тағы да салып қоямыз. Олар:

Ұсынылған идеяларды ауызша немесе ымдап сынамау;
Ой-дода барысында идеяларды талқылап, баға бермеу (мұның бәрін кейін жасауға болады).
Додадан соң іле-шала

Сонымен, ең жақсы идеяларды таңдауға кірісуге болады.

Егерде додаға қатысушылар барлық варианттарды қарай отырып (тақта осы үшін қажет), әрқайсысы 3 ең жақсы идеяны белгілесе жақсы болар еді. Бұл керемет идеялардың қысқа тізімін жасақтауды жеңілдетеді. Енді дәл осы идеяларға көңіл бөлуіміз қажет.

Кейбір кездері жақсы идеялар назардан тыс қалуы мүмкін, сондықтан басшы оны қажет деп тапса, қысқа тізімге толықтыру енгізе алады.

Алдағы ой-додаларға дайындық үшін мықты идеяның авторын атап, ынталандырып қойыңыз.

Келесі күні (одан әрі)

Ой-доданың хаттамасын барлық қатысушыларға жолдаңыз (оны қарап шығып, кейбіреулер артынан жақсы идеялар ұсынып жатады).
Қысқа тізімдегі идеяларды жүзеге асыру үшін жауаптыларды белгілеңіз.
Хаттаманы басып шығарып, көз алдыңызда ұстаңыз.
Орындалғанын сызып тастаңыз.
Ұжымдағы жасампаздық пен шабытты ой-додаларда туындаған идеяларды тездетіп қолданысқа енгізуден артық ешнәрсе ынталандырмайды.


Автор: Мұрат Балабай, дереккөзі
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:

KZ

Іздеп көріңіз:
жақсы, керек, қажет, идеяларды, барысында, болады, дұрыс, Бірақ, қатысушылар, барлық, болуы, оларға, болғаны, қатысушыларға, доданы, барлығы, Сонымен, ұйымдастыру, оларды, болса

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]