Текті әулеттің құлыны (Еске алу)

Текті әулеттің құлыны (Еске алу)

Текті әулеттің құлыны (Еске алу)Қасиетті Шәлкөде өлкесінде еліне еңбегі сіңген, халқына қалаулы талай-талай қазақтың нарқасқа азаматтары өмір сүрген. Сол уақыт заңымен өмір көшімен о дүниеге көшіп кеткен азаматтардың ішінде Мергенбай батырдың немересі Әсет Батырханұлы да бар.
Әсет Батырханұлы Алматы облысы Райымбек ауданында (ол кезде Талдықорған облысы Нарынқол ауданы) таудан төмен жарыса аққан Қос Шибұт өзенінің тоғысқан жерінде орналасқан Шәлкөде ауылында 1972 жылы 2 қарашада Батырхан қарияның жанұясында дүниеге келген. Әсеттің атасы өз уақытында сол Жетісу өңірін күйімен тербеткен саңлақ күйші Мергенбай Ерденеұлы. Домбыра тарту мен оны орындау шеберлігі жағынан Мергенбай балаларының өзіндік қолтаңбалары болған.
Әсеттің әкесі Батырхан бес уақыт намазын қаза қылмаған сол ауылдың абыройлы ақсақалдарының бірі еді. Өмірден өткен ауыл азаматтарының әрқайсысының шаңырағына барып, ешқайсысын алаламай құран бағыштап шығушы еді. «Адамға Алла өмірді аманатқа берген, сол аманатқа қиянат жасауға болмайды…» деп отыратын жарықтық. Өз ұл-қыздарын адалдыққа тәрбиелеген, жандүниесі таза, ойы адал, парасат-пайымы терең қария болатын. «Адамға қандай жағдай болса да жақсылық жасаңдар, сендер сол арқылы өздеріңнің жоғары шығатын баспалдақтарыңды қалап жатырсыңдар…» деп әр уақытта айтып отырушы еді. Ұлы Абайдың жас ұрпаққа: «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол» деп өсиет калдырғаны белгілі, біздің әкеміз осы қағиданы ұстаған ақсақал еді. Кез-келген адам бойындағы жақсы қасиеттің бәрін отбасынан алады. Ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыратын ізгілік, адамгершілік, үлкенді құрметтеу, ұяңдық сияқты халқымыздың асыл қасиеттері атаның қанымен, ананың сүтімен бойға дариды емес пе? Әсетке осы жақсы қасиеттер ата-ана қаны арқылы келген деп ойлаймын. Сол текті әулеттің құлдыраңдаған құлыны Әсет еді. Мен өмірге келген 1979 жылы Киров атындағы орта мектепке 1 сыныпқа Әсетті Жамалхан анамыз қолынан жетектеп апарады. Менің анам отбасының жүрегі, жаны мен сәні, жылуы болатын. Өзі текті, жаны да таза, ыдыс-аяғын да, үйін де таза ұстайтын кірпияз жан болатын. Ешқашан біреумен дауыс көтеріп ұрсыспайтын. Біздің кішкене жетістігімізге сондай қатты қуанушы еді. «Балам, білімің көп болса, ел саған қызығады, байлығың көп болса, ел сені қызғанады, білімнің артық болатыны сол…» – деп бала кезімізде адам баласына білімнің қажет екенін құлағымызға құйып өсірген болатын.

Әсет мектепке барған кезінен ойы ұшқыр шәкірт болып ұстаздарының көзіне түседі. Мектепте жүрген кезінде тек сабақ қана емес, қоғамдық жұмыстарды белсене атқарады. Сонымен қатар, спорт саласында жақсы жетістіктерге жетеді – еркін күрес, шахмат, басқа да спорт түрлерімен айналысады. Көптеген марапаттарға ие болады. 1989 жылы осы аталған білім ордасын жақсы аяқтағаннан кейін 1990 жылы Кеңес әскері қатарына барып өзінің Отан алдындағы борышын абыроймен атқарады. Әскерден келген соң Алматы қаласындағы Алматы құрылыс компаниясында құрлысшы болып жұмыс істейді. Қай жерде жұмыс істемесін, өзіне спортты серік етті. Әркез ұжымына сыйлы, өз ортасында абыройлы болды. Ол өте кішіпейіл еді.Әскерден келген жылы Наурыз тойында күрестен өткен жарыста алдына жан салмайды. Бірақ жарыс аяқталған соң боз кілемде есесін жіберіп қойған, өзінен жасы үлкен бауырларының қолын алып, кешірім өтінгені әлі күнге дейін көз алдымда. «Күш атасын танымайды» деген осы шығар, жасы үлкен ағаларын жеңгені үшін олардың алдында кішірейіп кешірім сұрап тұрғаны қандай жарасымды еді!.. Әсет басқалар сияқты кеудесін көтеруді білмеуші еді.
Ол 1993 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. Жігерлі жас осы оқу ордасында өзінің білімділігімен, адамгершілігімен көпшіліктің назарына ілінеді. Ол ауылдан келген талай жасты өзінің жанына тартып, пана болады. Өзі өте қарапайым, кімге болса да жылы сөйлеп, мейірімін төгіп жүруші еді. Қазіргі таңда үлкен қызметтерде отырған, ел-жұртының алғысына бөленіп жүрген талай азамат баяғыда Әсет студенттер кеңесінің төрағасы болып тұрған кезінде оның шапағатын көргенін әлі күнге шейін жыр ғып айтады. Баспанадан, қаражаттан, тағы басқа да жағдайлармен қысылып келген ауылдың азаматтарына қолынан келген көмегін аямаған.
Көптеген жастың разылығын алған қазақ жастарының қамқоршысы болған. Өзінің басынан кешкен оқиғаларын айтып отыратын, «ойларында болсын, бірі болмаса бірінен тәлім алар, сабақ болар, өмірде пайдасы тиер» деп ойлайтын болса керек. Адам баласын ренжітпейтін Әсет өз бауырларының да оқу оқып, білім алуына, өмірден өз орындарын табуына күш салып, ағасы Әліні де, өзінен кейінгі қарындастары мен інілерін де оқуға тартып, ауылдан Алматыға алып келді. Ағасы Әлінің жоғары оқу орнына түсуіне себепкер болды. Өзінің артынан ерген іні-қарындастарына ғана емес, ауылдан келген жастардың бәріне қамқор болды. «Болашақ бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман» екенін олардың жетесіне жеткізуге тырысады. Өмірден ерте кеткен бауыры Мүтәннің артта қалған жанұясына бауырлары Нұр және Әлішермен бірігіп жағдайларына қарасып, артта қалған жеткіншектері өсіп-жетілгеніне қатты қолдау жасап, олардың азамат болып өсуіне ықпал етеді. Ел-жұртының алғысына бөленген Әсеттің тасы өрге домалай бастайды. 1997 жылы аталған білім ордасын үздік дипломға бітіріп, аспирантураға түседі. Аспирантураны оқып жүрген кезінде атақты тарихшы, профессор Жанұзақ Қасымбаевтың сүйікті шәкірті болады. 2003 жылы аспирантураны бітіріп, Алматы энергетика және байланыс институтында тарих пәнінің оқытушысы болып қызмет істейді. Қай ортада болмасын өзінің азаматтығымен, адамгершілігімен абыройдан кенде болмайды. Бір кездері нарық заманында жекешелендіру уақытында ауылға келген Әсет ағамыз елдің жайын көріп, мемлекеттен ешқандай жеңілдік жоқтығын, әкім-қаралардың әділетсіздігін көріп, ауызсу мәселесі, жол мәселесі сияқты тағы басқа да елдің мұң-мұқтажын айтып Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа хат жазып жауап алғанын, өз туған елінің көркеюіне қарлығаштың қанатымен су сепкендей қамқор болғанын ауыл ақсақалдары қазіргі күнге дейін айтып отырады.
Иә, Әсет десе Әсет еді-ау!.. Ғұмырының қысқа болғанына қарамастан, ол қолынан келген жақсылығын жасап, ел-жұртының ықыласына бөленген жас болды. Мен университетте оқып жүрген кезде: «Кенжеболат, бір-ақ пайыз талантың болса, қалғанының бәрі 99 пайыз еңбекпен келеді, сондықтан әрқашан ерінбей еңбек ет, сонда жетістікке жетесің» дегені әлі есімде. Ал мына сөзін Әлі бауырыма айтып еді: «Сен дарындысың, сен әлі мен жетпеген биікке жетесің. Сен көптің бірі болмайсың, болғанда сен ірісі боласың…» деуші еді марқұм. Осы айтқан сөзін альбомға жазып кеткен еді, өзінің ғұмырының қысқа болатынын мүмкін сезген де шығар. Еліміздің болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсеткен, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, жаңашылдықтың бастаушысы, көрмекке құмар болған, білмекке құштар болған Әсетті білім көгіне енді самғайтын кезінде, ғылым кандидаттығына даяр жұмысын қорғатуға да үлгертпей 2008 жылы 11 сәуірде 35 жасқа қараған шағында талантты да талапты жас тарихшыны сұм ажал тырнағына іліп кеткен еді…
«Тектіден шыққан текті едің,
Ажалға қимас боздақсың,
Арқама батты, қайтейін,
Өмірден ерте кеткеннің…», – деп артынан жоқтау айтып аңырап ел-жұрты қалды. Өзінің істеген жақсы істері қалды. Бергенінен берері көп еді. Әттең, тағдырға не шара?!. Дүниенің бір әділетсіздігі адамды ауыр ойға тартады – неге ел-жұртының қамын жеген адамдардың ғұмыры қысқа болады екен?..
Артыңда қалған алтындай жарың, сұңқардай ұлың, ақмаралдай қызың, қарағайдай бауырларың сеннің аманатыңды арқалап, ары қарай жалғастыратыны анық. Елге істеген жақсы ісің мен күлімдеген жылы жүзің, сабырлы мінезің, жанға қуат берер демеуші сөзің көзіңді көрген адамдардың есінде сақталатыны рас. «Орнында бар оңалар» дейді дана халқымыз. Бүгінде Әсеттің жұбайы Дүйсебаева Сәбира №175 Жаңа ғасыр гимназиясының белді тарихшы ұстаздарының бірі. Өз ортасында беделді. Көптеген марапаттарға және ата-аналардың алғысына бөленген жан. Ал Әсеттің ұлы Заңғар Батырхан «Қазақстанның үміттері» атты кітапқа енген. 2011 жылы өткен республикалық олимпиадада ғылыми жобасын қорғап, «Ғылыми жаңалығы үшін» номинациясын ұтып алды да, 2009-2010 оқу жылы «Қазақстан Республикасының ең үздік оқушысы» атанды. Биылғы жылы Алтын медалін абыроймен қорғап, бір кезде әкесі қызмет атқарған Алматы энергетика және байланыс институтында 1 курс студенті. Анасы, туған-туыстары Заңғардың болашағына зор үміт артады.
Әсеттің қызы Әсел қазіргі күнде №175 Жаңа ғасыр гимназиясының озат оқушысы. Әсет қанат қағып шыққан Батырхан қарияның жанұясын тарихшылар әулеті десе де болады. Әсеттің кейінгі інілері Кенжеболат та, қарындасы Тұрымхан да жоғары білімді тарихшылар. Бір кезде өзі Алматыға алып келіп, жоғары білім алуына себепші болған Әлі бауырымыз Алматыдағы білім ордаларының бірінде тарихшы мұғалім болып еңбек етеді.
«Суда жүзген кеменің ізі қалмайды,
Қалса да лездік толқындар легі жалмайды.
Басылса егер тарих бетіне ізгі ізің,
Дауыл, толқын мәңгі өшіре алмайды,
Ізсіз қалу адамзат үшін жан қайғы», – деп ақындар жырлағандай, соңынан жақсы сөз, өнегелі іс қалдырған Әсет Батырханұлының жарқын бейнесі болашақ ұрпағы мен көзкөргендердің жүрегінде әрқашан жарқырап тұра берері сөзсіз.
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:

KZ

Іздеп көріңіз:
еске алу тілектер, еске алу создер, еске алу сөздері, әкені еске алу сөздері, ананы еске алу сөздері, досты еске алу сөздері, еске алу тілектері, воспоминания об отца на казахском языке, воспоминания на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]