Шешендік сөздер
ЖИРЕНШЕ ШЕШЕН МЕН ҚАРАКӨЗ АЙЫМ
Әз Жәнібек жаяу мал қарап жүрген балаға кез болады.
— Шырағым, елсіз жерде неғып жүрсің? — деп сұрайды.
— Жалғыз түйемнен көз жазып қап, соны іздеп жүр едім,— деп жауап береді бала.
— Түйеңді тұсап қойсаң болмай ма?
— Түйемнің тұсауы өліп қалып еді,— дейді бала. Ол әкем өліп қалып еді деген сөзі екен.
— Балам, біз қай үйге қонамыз?
— Бір қой жеймін десеңіздер, қай үй болса да қона бересіздер! Екі қой жеймін десеңіздер, біздің үйге қонасыздар,— дейді бала. Ханның қасындағылар:
— Мынау бір мырза бала екен, осының үйіне қонайық,— дейді. Келген соң бала бір буаз саулықты жетектеп келіп «иллаһи амин!» дегенде: «Шырағым, бойдақ қой жоқ па? — деп ескертеді хан.
— Мен бойдақ қойдың жоғын мана далада айтпап па едім? Екі қой жесеңіздер, біздің үйге қон дегенім осы емес пе еді? — дейді бала.
Қонақтар жауабына қайран қалады.
. . . . . . . . .
Бір күндері Әз Жәнібек хан қырық уәзірін жиып алып: «Маған өтірік пен шынның арасы немен айырылады, соны тауып беріп қалағандарыңды алыңдар. Таба алмасаңдар, бастарыңды аламын, ойлануға қырық күн мүмкіндік бердім»,— депті. Уәзірлері қырық күндей ойлап, таба алмапты, қырқыншы күн болғанда хан уәзірлеріне «Өтірік пен шынның арасын немен айыра алатынын таптыңдар ма?» — дейді. «Жоқ, тақсыр, таба алмадық»,— десіпті уәзірлері. Хан «бастарыңды алармын» деп қаһар қылғанда әңгіме естимін деп жай келіп отырған Жиренше шешен уәзірлерге: «Анау күні хан хандығымен бас-басыңа бір күннен қырқыңа қырық күн міллет берді ғой, енді өздерің тіленіп ер басына бір-бір күннен міллет алсаңдаршы! Соған шейін бірің болмаса, бірің табарсыңдар!» — депті. Хан «жарайды, бұл баланың сөзі дұрыс көрінеді. Менің мақсатым сендерді өлтіру емес, сынау. Ақылды болсаңдар әрқайсысыңнан бір-бір ақыл алғанымда менде қырық кісінің ақылы болар еді; сендерде ақылдан шайнам жоқ. Қырық кісіде жоқ ақыл бір кісіден қайдан табыла қойсын! Ер басына қырық күннен міллет бердім»,— деп тағы да ойландырып жібереді.
Ханның алдынан шыққан соң он екі жасар бала Жиренше «бұл сөзді біреу болмаса біреу білер, соны іздеп табамын» деп ел кезеді. Қорғаны бар шаһарға жетеді. Қақпаның аузында сүліктей қара көк ат мінген, үстіне сауыт киіп, садақ асынып, найзасын жарға шаншып біреу тұр екен. Оған сол қақпадан кірген-шыққан адамның бәрі де сәлем берісіп өтеді. Жиренше оған сәлем бермей, мойнын бұрмай, керек қылмай өте шығады. Сонда найзасын жерге тіреп, ат үстінде шіреніп тұрған әлгі жігіт: «Әй бала, сенен басқа осы қақпадан кірген-шыққан жан сәлем бермей өтпеуші еді, сен неге мойныңды бұрмай барасың?» — дейді. «Біріміз атты, біріміз жаяу, сәлеміміз келісе ме?» — дейді бала. «Бұл шаһардың жөнін бұрын көріп пе едің? Көріп-білмеген жан сияқты екенсің! Кел, артыма мінгес те біздікіне қонақ бол!» — дейді жігіт. «Ер тоқымды аттың алдын бізге, артын сендерге бұрыннан бұйрық қылған және «Ат иесі алдына мінеді» деген сөз бар, жұртыңды жүр де көрсет, жаяу-ақ барайын»,— дейді бала. Ол атты, бұл жаяу, үйіне ертіп кеп мейманханасына кіргізеді. Асын жеп болған соң мырза келіп: «Ә, қонағым, әңгіме айт!» — дейді. Бала: «Біріміз жарты, біріміз бүтін, әңгімеміз келісе ме?» — дейді. Бұл сөзге шыдап отыра алмай үй иесі ұялып шығып кетеді. Сүйтсе әлгі жігіт қыз екен. Еркек киімін киіп, дарбазаның алдында тұрып, келген-кеткенді сынауға, сынынан өткен жанға тиюге атасынан рұқсат алыпты. Олай өткен, былай өткен жолаушының бәрі де мұның әйел екенін білмей, сәлем берумен болыпты. Тек Жиренше көрген жерден атқа отырысынан әйел екенін біле қойып «біріміз атты, біріміз жаяу» дегені «біріміз еркек, біріміз әйел, қалай сәлем берісеміз» дегені екен. Өзінің әйел екенін әбден танығанын біліп «біріміз бүтін, біріміз жарты» деген сөзді естігенде қыздың ұялып тұра жөнелгені сол екен. «Өзімнен білімі асқан бір адам кез келді, мені осыған берсін» деп қыз әкесіне сөз салдырады. Оны атасы қош көріп, қабыл алады. Жорға бие сойып жоғарғы елді шақырып, төбел бие сойып төменгі елді шақырып, үлкен тамаша қылып, қызын Жиреншеге қосады.
Екеуі қосылғансын Жиренше шешен «мен қайтамын» дейді. Қалыңдығы: «Сіз қайда қайтасыз, әкемнің менен басқа ұлы да жоқ, қызы да жоқ. Әкем өлгеннен кейін осы дәулет кімдікі болады? Есіктен табылса, төрге озба деген бар емес пе?» — дейді. Оған Жиренше былай дейді: «Әз Жәнібек деген ханымыз қырық уәзіріне: «Өтірік пен шынның арасын айырыңдар»,— деп қысым қылып еді. Соны таба алмай уақытша міллет алып еді. Мен соны білушілер болар ма деп іздеп шыққан едім,— дейді.
«Өтірік пен шынның арасы бір-ақ тұтам жер. Оның мәнісі: көзбен көрген шын, құлақпен естіген өтірік. Құлақ пен көздің арасы бір-ақ тұтам ғой. Көзбен көрген анық, құлақпен естіген танық емес пе?» — дейді қыз.
Жиренше: — «Бәрекелді, іздегенім табылды; енді мұны мен барып, Әз Жәнібек ханға естірмесем, қырық уәзірін жоқ жерде өлтіріп, қырып тастар»,— деп жүруге ыңғайланады. Оны білген соң қыз атасына кісі салдырып: «Жат жұртқа жаралған мен әйел, мына күйеу ер, ел жұртына қайтамын деп жатыр. Бізді ұзатсын!» — депті. Атасы қызының айтқанын қабыл көреді ұзатады.
Сөйтіп екі кісі паналарлық үйі жоқ Жиренше бір ауыз сөздің түп-төркінін білемін деп ізденіп жүріп, қалыңсыз ханның қызын алады. Хан қызының ақылымен, әз Жәнібек ханның бас уәзірі болды дейді.
. . . . . . . . .
Әз Жәнібектің қырық уәзірі ханға: «Жиреншенің қатыны сізге лайық кісі екен, әйелдің сұлуы екен»,— деп мақтап, өсіріп сөйлеп келеді.
Сонымен бір күні аңға шыққанда ханның лашын құсы қашып кетіп, Жиреншенің үйінің төбесіне келіп қонады. Жиреншенің әйелі ұстап алып түлетіп-желпінтіп қояды. Оны есітіп, құсын алуға ханның өзі барады. Жиренше үйде жоқ екен, қатыны бүркеніп шығып, ханға құсты алып береді. Хан қараса, құсқа томаға тігіп кигізіп, қолғап тігіп құлпыртып, балақ бау есіп жарастырып қойған екен. Бұрын томағаны, қолғапты бұл жұртта көрген-білген жан жоқ екен, жеңдерімен ұстап, «жұмсақ жүн » деп құстың аяғына уықтың бауын тағады екен. Ұшқанда онысы бір құлаш болып шұбалып аяғына оралып жүреді екен. Сондықтан хан не құсына қарарын да білмей, не қатынға қарарын білмей, атынан ауып түсіп қала жаздайды.
— Біз бүгін осында қонамыз,— дейді хан.
— Үйде еркек жоғын көріп тұрсыз. Алда-жалда еркек жоқта қонақ боламын десеңіз, біраз күн араға салып, бір айналып келіңіз. Кіріміз болса жуынып, қонақ жабдығын хал келгенінше даярлап тұрайық. Және жігіт-желеңмен келмеңіз; көп қонақты күтуге шамамыз келмейді, өз басыңыз ғана болсын! — дейді Жиреншенің жұбайы. Хан «жарайды» деп, «оңаша келіңіз» дегеніне дәмелі болып, көңілі өсіп қайта береді. Сонымен бірнеше күн өткен соң хан жалғыз өзі келеді. Хан келген соң әйел алдынан шығып, қолтығынан сүйеп түсіріп, қолынан ұстап үйге кіргізеді. Бар дүниелігін жайнатып, ханның зығырын қайнатып қойған екен. Көрпе жаюлы, төсек салулы, шымылдық құрулы тұр.
Ханды отырғызып қойып, әйел тамақ жабдығымен айналысады. Хан жалғыз өзі отырып оған-бұған көз салса, қатынның нәрсесінің бәрі кестелі екен. Жастықта да, көрпеде де, шымылдықта да, орамал, дастарқанда да бәрінде де кестемен тіккен бір жазу бар. Ол «біреудің есігін қолыңмен қақсаң, өз есігіңді біреу аяғымен тебер» деген сөз еді.
Хан бұл сөзге түсінген жоқ, есі-дерті әйелдің етегінде, нәпсінің жетегінде болып отыра береді.
Уәзірдің әйелі бір уақытта палау басып, әртүрлі ыдысқа салып әкеліп, ханның алдына қойыпты. Хан бұрын палау жеп көрмеген болса керек, әр түсті ыдыста болған соң басқа-басқа ғой деп әр қайсысынан бір-бір алып татады. Бәрінің де дәмі бірдей болған соң, «бұл қалай» деп қайран қалады. «Тақсыр-ау, ыдысының басқалығы болмаса, бәрі бір тамақ»,— дейді әйел. Ханмен біраз бірге отырып әзілі жарасқан соң: «Тақсыр, ас айныса, не түзейді?» — дейді. Хан: «Май түзейді»,— дейді. Қатын: «Май айныса, не түзейді?» — дейді. Хан: «Тұз түзейді»,— дейді. Қатын: «Тұз айныса не түзейді?» — дейді. Хан бәлен дей алмайды. Тағы да әйел: «Халық айныса не түзейді?» — дейді. «Халық айныса, хан түзейді»,— дейді. «Хан айныса, кім түзейді?»—дейді. Сонда хан дәнеме дей алмай, ұялғанынан бетінің терін сүрте береді. Ақырында айыбына қолындағы жүзігін сыйлап, хан қайтып кетіпті.
ЖИРЕНШЕ ШЕШЕН МЕН ҚАРАШАШ СҰЛУ
Қаракөз ханым өлген соң Жиренше қатын алмай көп жүріпті. Ойлаған сынына дәл қыз кездеспейді, кез келген қызды ұнатпайды. Сөйтіп жүргенде бір жігіт кездесіп, жолдас болыпты, өзі көп үндемейтін адам екен. Бір мезгілде Жиренше жігітке қарап: «Жол қысқартайық»,— дейді. Жігіт жауап қайырмайды. Тағы бір кезде Жиренше жігітке: «Ағаш қазан қайнатайық»,— дейді, жігіт жауап қайырмайды. Тағы да біраздан соң бір көшіп кеткен елдің жұртын көргенде Жиренше: «Мынау бір бейбастақ үйдің жұрты екен»,— дейді. Жігіт оған да жауап бермейді. Сонымен екеуі бір елге жақындағанда, жаңбыр құйып кетеді. Ауыл сыртында тезек теріп жүрген бір топ қыз жаңбыр жауып кеткен соң қаптарын арқалап, ауылға қарай мүгіре жөнеледі. Тек бір қыз сырт киімін шешіп, қапқа жауып отырып қалады. «Мына қызда бір сыр болар»,—Деп Жиренше отырып қалған қызға келеді. Қыз асқан сұлу екен, Жиреншеге қыздың көркі ұнайдыю Енді ақылы қандай екен деп сынау үшін: «Сен көп қыздан неге бөлініп, жалғыз отырып қалдың?» — дейді Жиренше.
— Мен басқа қыздарға еріп ақымақ болайын ба? — дейді қыз.
— Олар қалай ақымақ болады? — дейді Жиренше.
— Олардың ақымақтығы мынада: келе жатқан алды бар, арты жоқ, шағын бұлт. Бұл өткінші жаңбыр, аз жауып ашылады. Ал олар үйге барғанша отындары да, барлық киімдері де су болады. Су болған отындары жанбайды, киімдерін кептіре алмайды. Мен отыныма шапанымды жаптым, отынымның ығына өзім отырдым; менің су болған жалғыз-ақ шапаным. Отыным, өзге киімдерім құрғақ; үйге барғанда отынымды жағып, шапанымды кептіріп аламын,— дейді. Қыздың көркіне ақылы сай, Қаракөздей болып көрінеді. Бұл қызға енді бір сөз айтып көрейін деп Жиренше:
Бүркеніп жалғыз отырсың,
Бойға жеткен жас бала.
Ұнатсаң айтқан сөзімді,
Күлімдеп көзің бері қара!
Оңаша бір сөзім бар,
Ақылың болса сен ұғар.
Менің атым Жиренше,
Жол берген маған хан-қара,— дейді. Сонда қыз бегелместен:
Сыртыңнан естіп қанық ем,
Шешен деген атыңды.
Түсіңе бұрын танық ем,
Жаңа көрдім затыңды.
Айтар жерің осы ма,
Көңілдегі датыңды? — деп күлімсіреп өң бергендей болып:
Уәде қылып келіп пе ең,
Сөйлесем деп осы жерге.
Жалғыз атты жолаушы,
Аулақ менен көш жерге.
Құрбыңды іздеп тауып ал,
Жас қыз сөзіңді есітер ме? — дейді.
Жиренше шешен қызды әбден ұнатып ішінен: «Құдай жазса сені алармын»,— деген ойға келеді. Ауыл мен екі арада өзен бар екен.
— Мынау өзеннің өткелі қай жерде? — дейді Жиренше.
— Анау жерде бір өткел бар — алыс; алыста болса жақын. Міне жерде бір өткел бар — жақын; жақын да болса алыс,— дейді қыз.
— Сенің үйің қайсы? — дейді Жиренше қызға.
— Менің үйім анау — үлкен ақ үйдің жанындағы қараша үй,— дейді қыз.
Жиренше алыс өткелге кеткенде, жолдасы жақын өткелге бұрылады. Қыздың «алыс, алыста болса жақын»
деген өткелінің суы саяз, асты құмқайыр екен. Жиреншенің аты желіп өтеді. Ал «жақын, жақын да болса алыс» деген өткелдің суы терең, асты балшық екен, жолдасының аты батпақтап зорға өтеді.
Жанындағы жігітке: «Сен қайда қонасың?»—дегенде, «Мен мына ақ үйге қонамын»,— дейді ол. «Ендеше мен қараша үйге қонамын»,— дейді шешен. Сөйтіп екеуі екі бөлініп, бірі байға, бірі кедейге барып түседі. Бір уақытта отынын арқалап манағы қыз да келеді. Жиренше төрге жайғасқан соң, үйдегі кемпір амандықтан кейін: «Шырағым мынау байдың үйі тұрғанда, біздің қосқа қалай түстің?» — дейді. Жиренше: «Менің баспанам да осындай еді, өз үйім тәрізді болған соң өзімсініп түстім»,— дейді.
— Жиренше түскен үй іңір болған соң от жақты, келін сиыр сауды. Кемпір от басында, қыз үйдің іргесінде отыр.
Жиренше төрде отырып қызға қарап басын сипайды. Бұл: «Сенің қалыңмалың шашымнан көп-ау» — дегені еді. Қыз оған түсініп астындағы тақыр тулақты сипады. Ол теңімді тапса тақыр кедей болса да береді дегені еді... Жиренше мен қыз бірін-бірі ұнатқанын осылай ыммен ұғысады.
Таң атқан соң жұрт тұрып жайланған кезде бай Жиреншені шақыртып алады. Жиренше келсе, кешегі жігіт мәз-мәйрам болып сонда отыр екен. Амандасқаннан кейін бай: «Кешегі бірге келген кісі осы ма?» — дейді, жігіт: «Ия»,— дейді. «Екеуің бірге келіп екі бөлек түскендерің қалай? —дейді бай. Жиренше: «Бұрынғының сөзі бар еді, сол есіме түсіп, бөлек түстім»,— дейді. «Ол не деген сөз? — дегенде Жиренше:
Өзің білмес ісіңді
Білгендерден сұрап біл.
Өліп жатсаң, наданнан
Қабырыңды жырақ қыл! — деген дейді.
Бай: «екеуің жолда не сөйлестіңдер, не айттыңдар?»— дегенде жігіт түндегі жол-жөнекей айтылған сөзді баяндайды. Жиренше: «Екеуден-екеу жапанның сары даласында келе жаттық; әртүрлі сөз айттым, біреуіне де жолдасым сөз қайтармады. Сонан соң мен де үндемей отырып едім, ұйқы келді, маужырап жүре алмадық. Ұйқыдан мезі болған соң «жол қысқартайық» дедім. Оным әңгіме айт дегенім еді. Екінші «ағаш қазан қайнатайық» дегенім — насыбай атып алайық дегенім еді. Үшінші «бейбастақ үйдің жұрты» дегенім бір жұртта екі басы бірдей күйік кесеу жатыр екен. Айтқан сөзімнің біріне жауап қайырмаған соң «мына жігіт надан екен, деп бөлек қонған едім»,— дейді. Бай Жиреншенің бұрын атын есітіп бір көруге құмар болып жүреді екен. Өзін көріп, сөзін естіген соң есі кетіп мал сойып, қымыз құяды. Бәйбіше: «Шырағым, бүгін осында бол!» — деп қондырады... Бай Жиреншенің ақылына қызығып қызын бергісі келеді. Қызы: «Мені бір жалғыз атты кедейге бар дегені несі, бармаймын»,— деп астан-кестен болып бүлінедіқ. Қызынан бұл сөзді есітіп өтірікші болдым-ау деп ойланып отырғанда, Жиренше: «Бай, сіздің қиналып отырғаныңыз маған да әбден батты. Көнбеген балаңызды қояйық, мынау көршіңіздің қызының қалың малын төлеп алып берсеңіз болады»,— дейді. Бай көрші жігітті шақырып алып, сұраған малын беріп, Қарашашты Жиреншеге қосады.
. . . . . . . . .
Қарашаш сұлу Жиренше үйде жоқта ауырып қаза болыпты. Әз Жәнібек хан «Жиреншеге біз естірте алмаспыз, өзіне-өзі естіртсін, ешқайсың сездіріп қоймаңдар»,— деп уәзірлерімен сөз байлап қояды. Бір күні Жиренше шешен елге қайта оралып ханның үйіне түсіп сәлемдесіп отырады. Хан Жиреншеге:
— Ау, шешенім, әкесі өлген қалай болады? — депті. Жиренше шешен отырып:
— Әкесі өлсе асқар тауы құлағанмен бірдей болады,— депті.
— Шешесі өлген қалай болады?
— Ағар бұлағы суалғанмен бірдей болады.
— Ағасы өлген қалай болады?
— Оң қанаты қайрылғанмен бірдей болады.
— Інісі өлген қалай болады?
— Сол қанаты қайрылғанмен бірдей болады.
— Апа-қарындасы өлген қалай болады?
— Ұзын өрісі қысқарғанмен бірдей болады.
— Қатыны өлген қалай болады?
— Аһ!.. Менің Қарашашым өлген екен ғой? — депті Жиренше. Ол күйініп қамшысын таянғанда, қамшының сабы ортасынан шарт сынып кетіпті. «Қатын өлді, қамшының сабы сынды» деген сөз содан қалған екен.
Қарашаш Жиренше орта жасқа келгенде қаза болады. Жиреншенің бұрынғы жас күні емес, қыз қарастыруға ыңғайы келмей, бірер жыл жүреді. Бір күні әз Жәнібек хан Жиреншеге: «Шешен, сенің үйленбей жүргенің жарамайды; пәленшенің қатыны ерінің тұсында жақсы әйелдің бірі еді, соны сен ал!» — дейді. Жиренше шешен: «Сіз ұйғарған болсаңыз жарайды»,— деп сол қатынды алады. Арада біраз уақыт өткенде хан: «Шешен, мына қатының бұрынғылардай болатын ба, қалай?» — дейді. Сонда шешен: «Күндіз екеуміз, түнде төртеуміз»,— дейді. Хан: «Түнде төртеуің қалай?» — дегенде, Жиренше шешен былай дейді:
Ері есіне түседі,
Теріс қарап жатады,
Оныменен ол екеу.
Қарашашты ойлаймын,
Мен де теріс қараймын,
Оныменен мен екеу.
Оймен тауып жолдасты,
Боламыз түнде біз төртеу.
Таң атқан соң оянып,
Тұра келсек тағы екеу!
Қыздай алмай қатын болмас,
Есік көрген мақұл болмас.
Қанша жақсы көрем десең де,
Бұрынғыдан жақын болмас.
Байы өлген қатынды алу,
Ойлағанда ақыл болмас.
Хан мен жиылған көп шешеннің сөзін тыңдап «рас» десіпті. Әз Жәнібектің алпыс биі болған екен. Бір жолы хан билеріне: «Дүниеде не өлмейді?» — деп сұрақ қойғанда, алпыс биі бір ауыздан былай депті:
Ағын су өлмейді,
Асқар тау өлмейді,
Аспанда ай мен күн өлмейді,
Әлемде қара жер өлмейді.
Сонда Жиренше шешен бәріне қарсы шығыпты:
Ағын судың өлгені,
Алты ай қыста қатқаны.
Асқар таудың өлгені,
Басын бұлттың жапқаны.
Ай мен күннің өлгені,
Еңкейіп барып батқаны.
Қара жердің өлгені
Қар астында жатқаны.
Ажал деген атқан оқ,
Бір алланың қақпаны.
Дүниеде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді.
Қарашаш өліп, Жиренше қартайып, ақылсыз әйел, парықсыз бала сыйламай, Жиреншеге бұзау баққызып, тезек тергізіп қояды. Көріскелі келген әз Жәнібек Жиреншеге далада кездесіп:
— Уа, шешенім, тезек теріп жүргенің қалай? — дейді. Сонда Жиренше шешен іркілместен:
— Қатын шайпау, ұл тентек,
Екеуледі, ей ханым!
Кәрілік жеңді, мал тайды,
Төртеуледі, ей ханым!
Басымнан бақтың тайғанын
Көрмейсің бе, ей ханым!
Арқамдағы қу тезек,
Әркімге келер бір кезек,— депті.
ОН БЕС ЖАС ҚУЙЫН ҚУҒАН ЖЕЛМЕНЕН ТЕҢ
Бір жолы қырғыз Қызылым қарт Жиреншеге кездесіп қалып:
- Шешен, сізден сұрайын деген бір жоғым бар еді. Он бес лақ, жиырма бес серке, отыз бес орақ, қырық бес қылыш, елу бес егеу, алпыс бес арқан, жетпіс бес шідер жоғалттым. Осыған құлағдар болыңызшы,— дейді.
-Жарайды,— дейді Жиренше шешен.— Жоғыңыздың жөнін айтып берейін, өзіңіз тауып алыңыз.
-Он бес жас құйын қуған желменен тең,
Жиырма бес дауыл ұрған перімен тең,
Отыз бес ағып жатқан селменен тең,
Қырық бес аю аспас белменен тең,
Жетпіс бесте көңілің жерменен тең,
Сексенде селкілдеген шал боларсың
Тоқсанда толық миың орта түсер,
Жүзде дүниеден күдеріңді үз,
Өлмесең де өліден кем боларсың,— дейді.
-Әттегене-ай. Өзіме жиырма бестегі жігіттей едім, көңілімнің жердей болғаның қарашы,—бекер-ақ сұраған екенмін, деп сонда қызылым қарт жантая кеткен екен.
ҚАСЕНХАННЫҢ АСАНҢАЙҒЫ АТАНУЫ
Асанқайғының шын аты Қасенхан екен. Ол он екі жасар бала күнінде шүршіттің ханы Еженхан қазақтарға:
«Айғырын кісінетпесін!» — деп жарлық қылыпты.
— Егер, далада жүріп қазақтың айғыры кісінесе, менің қорадағы биелерім құлын тастайды. Айғыры кісінегеннің басы айдауда, малы талауда болады,— депті.
Жұрт мұны есітіп, уайымға түсіп, күйзеліпті. Он екі жасар Қасенхан халыққа:
— Бұл үшін уайым жемеңдер. Қырық жел мая тауып беріңдер. Ежен ханға барып, бұл жарлығын қойдырайын, сөйтіп кеңшілік алып келейін,— депті.
Ел болып жиылып баланың айтқанын дайындап беріпті. Бала қырық мергенді ертіп, жел мая мініп, Шүршіттің ханына жөнеліпті. Шаһардың шетіне кіргеннен-ақ «әу» деп үрген итті ата беріпті. Иттің иелері:
— Бұның қалай, жазықсыз итімізді неге атып қырып келесіңдер? — десе, «Біз Елібайдан келе жатқан елші, не арыздарың болса, хандарыңа барып айтыңдар. Жауабын ханың арқылы беремін»,— деп жүре беріпті. Ханы:
— Олар келсін, себебін сұрап біліп көрерміз,— деп, Хасенді кісі жіберіп, шақырыпты. Олар келіп ханға жолыққан соң, хан:
— Елші болғандарың қалай? Келе елімізді бөрліктіріп ойран салғандарың қалай? — дейді. Сонда Қасенхан бала:
— Тақсыр! Оның мәнісі бар. Кішкене күнімде әкем маған қой бақтырды. Далада жүргенімде қасқырлар келіп қамады. Сонда мен көмекке ойдың да итін шақырдым, қырдың да итін шақырдым, шәһәрдің де итін шақырдым. Бір ит келіп ара түспеді. Сонда ант ішіп едім: ойдың да итін атармын, қырдың да итін атармын, шәһәрдің де итін атармын,— деп. Сол сертіме жетейін деп ит біткенді қиратып атып келе жатқан жәйім бар! — депті.
Сонда хан:
— Тентек шіркін! Қазақтың мидай даласында жүріп сенің айқай салған дауысыңды біздің шаһардың иті қайдан естісін? — дейді. Сонда Қасенхан айтыпты:
— Айғыр дауысын қорадағы бие естіген жерден, кісі дауысын ит естімеуші ме еді?
— Қап, бала! Мені табандатып ұрдың-ау! Мен ұтылдым, қалағаныңды ал! — депті хан.
— Хан, олай болса, елімнің билігін өзіме берсең болады! — депті.
— Бар, бердім, қазақ деген жұртқа өзіңді хан сайладым!—депті Ежен. Содан былай Қасен «хан» атанып кетіпті.
АЛЫСТА - НЕ АЛЫС!
Байдалы қартайып үйден шықпай күндіз-түні төсекте жататын болды дегенді естіп Мұса мырза іздеп келіпті. Байдалы шешен қараша үйінің ішінде бөстекке оранып жатыр екен. Мұсаның қолын алып, жөнін сұрап амандасыпты да, кәріліктің жайын айта беріпті.
— Ой, кәрілік-ай, сөздің өзі бала, тербетсе оянады, тербетпесе оянбайды, заманым өтті ғой!—дей беріпті.
Мұса қонып, қонақасын жеп, таңертең жүрмек болады.
— Е, шырағым, еліңе не айтып барасың? — депті Байдалы.
— Мен не айтайын, ел ағасы болған Байдалы еді, енді кәрілік пен алысып жатыр екен деймін дағы,— депті Мұса.
— Шырағым, оның рас. Үш ауыз сөз сұрайын, соны шешіп беріп кетші!—дейді қарт. Мұса «айтыңыз» деп тыңдайды. Байдалы қарт сонда:
— Алыста не алыс?
Жақында не жақын?
Тәтті де не тәтті? — дейді.
Мұса ойланып отырып:
— Жер мен көктің арасы алыс,
Кісіге туыс жақын,
Бала тәтті, депті.
Сонда Байдалы қарт басын көтеріп:
— Балам, ақылың әлі алқымыңнан асқан жоқ екен. Білімді мен білімсіздің арасынан алыс жоқ, жаннан тәтті жоқ. Бала қанша жақсы болса да, жан шығарда адамның өз жанынан тәтті жоқ. Жақында — ажал жақын,— депті.
ЖИДЕБАЙ МЕН ҚАРАМЕНДЕ СӨЗДЕРІ
Әлтеке Жидебай батыр әрі шешен болған екен. Жидебай көп жасап, көпті көріпті. 95 жасқа дейін өмір сүріп, нәсілі өсіп, немерелі-шөберелі болыпты.
Бертін қартайған кезінде жастық шағының жолдасы Қараменде би есіне түсіп, өткен жастық уағындағы істерін, қартайып қажығандағы өзгерістерін айтып пікір алыспақшы болуды ойланады. Ол кезде ел арасындағы қатынас тек атпен ғана болғандықтан өзі бара алмайды да, ел танып, сөз мәнісін білетін бір жас жігітті шақыртып:
— Шырағым, Тобықтыда Қараменде деген досым бар еді. Көрмегелі көп жылдар болды, сағындым. Өзім іздеп баруға шамам жоқ, о да қартайды, іздеп келе алмайды. Соған айтатын бір сәлемдерім бар еді, соны жеткізіп келші,— дейді.
Жігіт келіскен соң Жидебайдың айтқаны: «Бес ауыз бір сөзім бар, алты ауыз бір сөзім бар. Осыларды бірімен бірін шатыстырмай анықтап ұғып ал»,— деп тапсырады.
Ол кезде көпшілік хат танымайды. Жидебайдың айтқан сөзін жігіт жаттап алады.
Бес ауыз бір сөзім:
Төрт нәрседе үміт бар,
Бір-нәрседе үміт жоқ,—
Осыны айт дейді.
Алты ауыз бір сөзім:
Мұсылман жаудың қолында қалдым.
Бес атаның малын іздеп әуре болдым.
Алпыс ат үйір бермейді.
Жетпіс торғай шырылдайды.
Сексен балапан ұя басып жатыр.
Тоқсан жұмыртқа қашан жарылары белгісіз,— дейді. Жаздың күні, жайлауға қонған қалың елді аралап бірнеше күн жол жүріп, бағанағы жігіт Тобықтыға жетіп, Қараменде биді іздеп табады.
Біраз күн жатып, тынығып ел жайы, ер амандығына қанысқасын жігіт қайтпақшы болады. Сонда Қараменде: «Жидекем тірі болса, маған басқа сәлем айтпады ма?»— деп сұрапты.
Сонда жігіт батырдың сәлемін айтыпты. Қараменде шарта жүгініп отырып көп толғанып ойланады. Біраздан кейін:
Төрт нәрседе үміт бар дегені: адам баласы төрт үмітпен жүріп өтеді екен-ау,— дейді:
Жас өсемін деп үмітті,
Жалғыз көбейем деп үмітті,
Жарлы байимын деп үмітті.
Ауру жазылам деп үмітті.
Бір нәрседе үміт жоқ дегені:
Шіркін, көктемі мен жазы өтіп жапырағы қуарған ағаштай, ұрты солып, жағы суалған кәріліктен ғана үміт жоқ екен,— дейді.
Алты ауыз бір сөзім дегені:
Мұсылман жаудың қолында қалдым дегені: «Бірге жасасып, тәтті өмір сүріскен, бір-біріне иістері сіңіскен жастық шақтың жұбайы қайтып, жесір болып, келін баласының қолына қарап қалған екен ғой. Екі елі аузына төрт елі қақпақ қойса балаға сонда ғана сыйымды болады»,— депті.
Бес атаның малын іздеп әуре болдым дегені: «Қайран батыр қартайып, көзі көр болған екен ғой. Жастан серік болған бес жолдасы: Мүсуақ, тәспіқ, орамал, бәкі, қамшы болар. Осылардың басын құрап жинау үшін жан-жағын сыйпалап іздеп тапқанша, түске дейінгі уақыты өтеді екен ғой. Жанына жан қалта, төсіне төс қалта салсын,— депті. (Ол уақыттағы қазақтың киімдеріне қалта салынбайды екен).
Алпыс ат үйір бермейді дегені: алпыс жас ағайынды жауға беріспейтін қайрат-күштің қайтпайтын кезі екен ғой;
Жетпіс торғай шырылдайды дегені — жетпісте торғай-дай ғана қуатым қалды дегені екен ғой.
Сексен балапан ұя басып жатыр дегені — сексенде ұяда жатқан балапандай төсек тартып жаттым дегені екен ғой.
Тоқсан жұмыртқа қашан жарыларын білмеймін дегені — тоқсаннан асқан жасым бар, бір аяғыммен қабырдамын, ақ дағдыр қашан жетеді деп күтудемін дегені екен ғой,— депті.
АСУСЫЗ ТАУҒА КЕЗ БОЛДЫМ
Байдалы көп жасап қартайып, көз жанары кеміп жүруден қалған кезінде Қарқаралыға билік айтып жүрген Мерке деген адам болады. Көпті көрген, атағы шыққан, ескі адам деп естіп Байдалы сәлем айтып, бір кісі жібереді. Сәлемінде: «Аты аталған адамды білерлік адам деп естимін. Мен төрт түрлі дертке ұшырап қалдым, бұған ем тауып берері бар ма екен, айтып келші»,— депті. Жіберген адам барса, Мерке алқа-қотан жиналған топтың ортасында отыр екен, Тапсырған жұмысын айтқаннан кейін, Мерке отырып «Есіл, Байдекем-ай! Өлшеуден асқан жасы құрғырдың керегі жоқ екен-ау, бұл кісі де мұндай күйпе ұшырап қалған екен!»—деп ренжиді. Отырған көп: «Бұл қалай, Байдекең төрт ауыз жұмбақ айтқан сияқты, біз түсінгеніміз жоқ. Өзіңіз түсініп ренжіген боларсыз. Көпшіліктің естуі лайық емес пе!» — депті. Сонда Мерке отырып:
— Байдекеңнің айтып отырғаны аса қиын сөз емес, өзінің басындағы халі екен. Айтып жіберген сөздері мынау: «Асусыз тауға кез болдым, өткелсіз суға кез болдым, жоқты жаяу көп қарай беретін болдым, аяусыз жаудың қолына кез болдым»,— дейді. Мұның үшеуі — асусыз тауға кез болғаны — тізесі сарбуын болып, аяғы жүруге келмейді екен. Өткелсіз суға кез болғаны көзін жас болдым дегені — тәрбиелеп, қасында отыратын бәйбішесі жоқ, шақшасын қарбалақтап көп іздеп, зорға тауып алып отырады екен. Аяусыз жаудың қолына кез болдым дегені — келін баланың қолында отыр екен.— Мен дертінің біреуіне ғана дауа айтам. Басқасын өлшеуден асқан жасынан көрсін. Қалта істетіп алса, жоқты жаяу қарай беруден құтылады,— депті.
АСАНҚАЙҒЫНЫҢ ЖЕРГЕ АЙТҚАН СЫНДАРЫ
Асанқайғы желмая мініп желдіртіп, Сарыарқаны аралап жүргенде, әр жерге айтқан сындары мынау екен: Ұзын аққан Ертісті көргенде: «Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарыным ашты деп жылап отырмас. Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер»,— екен депті.
Түндікті өзенін көргенде: «Он екі қазылық Ой түндік, маңырап жатқан қой түндік. Қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен»,— деп тастап кетуге қимай, артына үш қараған екен. Сонан «Үш қара» атанған екен таудың аты.
Қызылтау деген жерге келгенде: «Тау-тасы кеш болғанда қой болып, ыңыранып жатады екен. Тоқты қысыр қалмайтын жер екен»,— депті.
Баянауыл тауын көргенде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бауырында тұзы бар екен, тұзы ауыр екен, бір түн түнеп кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады екен. Тұзы жібермейді екен»,— депті.
Ащы бойына келгенде, артына қарап: «А, Баянауыл! Сенің қоныс болып тұрғаның мынау, ащының арқасы екен. Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен, күзге таман бір жұма ащылайды екен. Сонысы бір жылға татиды екен»,— депті.
Шідерті деген өзенді көргенде: «Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай мініп арықтаған ат, бір айда майға бітетін жер екен. Бос жылқы шілдерлеп қойғандай тоқтайтын, жылқының қонысы екен»,— депті.
Өлеңті өзенін көргенде, тоқтап ешнәрсе айтпай, өлеңдете берген екен. «Неге үндемейсіз?» — дегенде, аз тұрып: «Өлеңтінің суы — май, Шідертінің шөбі — май»,— деп жүре беріпті.
Сілентіден өтіп Жалаңаштың тұзына барғанда: «Аттың төбеліндей Жалаңаш, сені алдыма өңгерейін бе, артыма бөктерейін бе, қай жарама тартайын? Айналаң аз, онан басқа мінің жоқ, табылмайтын жер екенсің»,— депті.
Есіл өзенін көргенде: «Жары мен суы тең, жарлысы мен байы тең болатын жер екен»,— депті.
Нұраның бойын көргенде: «Алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен»,— депті.
Торғай өзенін көргенде: «Ағар суы бал татыған, ақ шабағы май татыған жер екен»,— депті.
Терісаққан деген өзенді көргенде: «Сарыарқаның тұздығы екен»,— депті.
«Жеті қоңырды көргенде: «Сарыарқаның маусымы екен»,— депті.
Ұзын аққан Сыр бойын көргенде: «Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен, Қара тауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен»,— депті.
Сулы Келес, Ңұрлы Келес өзендерін көргенде: «Мөңіреуін, сиыр болып мөңіреуін. Сиыр тұқымы үзілмейтін жер екен»,— депті.
Асанқайғы бүкіл алты алаштың (қазақтың) жер-суын, қонысын көрем, бұларға жағдай туғызамын деп көп заман өмірін далада өткізіпті. Жүрген жерінде жақсы қонысқа да, жаман қонысқа да баға беріпті.
Асанқайғы Жиделібайсын жеріне қызығып: «Ай, Жиделібайсын, артыма бөктеріп кетер едім, әттең атым көтере алмайды-ау!» — депті.
Яссы қаласын (қазіргі Түркстан) олардың қожа-молдаларын көргенде: «Ай, қарыс жері бір арық, жер сорлысы мұнда екен, әйелі семіз, өрі арық, жұрт сорлысы мұнда екен»,— депті.
Шыңғырлауды көргенде: «Ай Шыңғырлау, жылқы өзі өскен жоқ, Шыңғырлау сен өсірдің!» — деп үш айналып, Шыңғырлаудың суына қолын малып отырып: «Шыңғырлау өкпелер, аттың ерін ал, қонайық, ат суарып, аунап-қунап кетейік»,— деген екен.
«Ай Жанарыстан, жырымдай суға бола шетте қалдыңау есіл ,ерім-ай»,— деп бір төбеге келіп жылап тұрған екен. Асан қайғы Бекарыс тұқымынан, Орта жүз; қайтыс болған жері Ұлытаудың басы болса керек.
ҚОНАҚ НЕШЕ ТҮРЛІ БОЛАДЫ?
Есентемір Бөленді Асау шешен қонаққа шақырып отырып:
-Е, бөле! Сізден бір-екі ауыз сөз сұрайын, рұқсат па? — депті.
-Е, шырағым, сұра! — депті Бөлен.
-Құдайдың бергені, үйден қонақ кетпейді. Бірі кетсе бірі келеді. Біреулері бір келмейді, бірнеше келеді. Осыларды келініңіз көріп «мынау тағы келе жатыр ма?»—дейді. Бұл неткені? — депті Асау.
-Ол келіннің ырысы кеткені,— дейді Бөлен.
-Ауылдың жас балалары кәрі қонақты жақтырмайды, соны күтуден ерінеді. «Осы шалдарға не жоқ, қыдырды, жеді, бірсыпыра қызықты көрді, енді үйлерінде жатса қайтеді?»— дейді. Бұл неткені?
— Ол балалардан ерік кеткені.
— Бөле! «Қонақ-қонсы» дейді қазақ. Қонақ деген кім, қонсы деген кім?
— Қонақ деген мына мен, жылына бір рет шақырту- мен келемін. Қонсы деген мыналар,— деп айналадағы кісілерді көрсетеді. Пәленнің үйіне пәлен келіпті, барып амандасайық деп келеді.
— Ал, Бөле! Қонақ неше түрлі болады?
— Қонақ төрт түрлі болады:
Арнайы қонақ,
Құдайы қонақ,
Қыдырма қонақ
Қылғыма қонақ.
Енді Бөлен Асаудан:
— Жігіттің неше жұрты бар? — деп сұрайды.
— Жігіттің үш жұрты бар деп ойлаймын,— дейді Асау:
Қайын жұрты — міншіл,
Өз жұрты — күншіл,
Нағашы жұрты — сыншыл.
Сонда Бөлен:
— Жігіттің төрт жұрты болатын еді, біреуін тастап кеттіңіз. Ол — елінің азаматы. Бәрінен де артық сол еді- ау! — депті.
БАЛДАН ТӘТТІ НЕ БАР?
Бауадат дейтін жігіттің сұрақтарына Назым деген қыздың берген жауаптары:
— Балдан тәтті не бар, қылыштан өткір не бар?
— Балдан тәтті бала бар, қылыштан өткір тіл бар. Удан ащы — әдепсіз адамның аузынан шыққан сөз бар.
Мақала ұнаса, бөлісіңіз:
Ұқсас мақалалар:
» ҮШ АРСЫЗ, ҮШ ҒАЙЫП, ҮШ ЖЕТІМ
» Бесікке бөленген сәби
» Ұяда не көрсе
» Арман деген не?
» Жақсы адам
» ҮШ АРСЫЗ, ҮШ ҒАЙЫП, ҮШ ЖЕТІМ
» Бесікке бөленген сәби
» Ұяда не көрсе
» Арман деген не?
» Жақсы адам
Іздеп көріңіз: