2017 жылы ережеп айы қашан басталады?

2017 жылы ережеп айы қашан басталады?

Құран Кәрімде: «Алла Қағбаны – қасиетті үйді адамдарға тірек етті, сондай-ақ қасиетті (харам) айды, құрбандыққа әкеле жатқан және алқа тағылған құрбандық малдарды да (құлшылық етуге негіз етті)»[1], – делінген. Харам айларға соғысуға, қан төгуге тыйым салынған құрметті айлар жатады. Олар: зулқағда, зулхижжа, мухаррам және ережеп айлары.

Бұл жылы ережеп айы 8 сәуірде басталып, 7 мамырға дейін жалғасады. Исламда ережеп айының өзіне тән ерекшеліктері бар. Ережеп – Алланың айы, шағбан – менің айым, Рамазан – үмметімнің айы, – деген хабар бар. Сондықтан, бұл айлардың қадірін біліп, Алланы көбірек еске алуға, біліп-білмей істеген қателерімізге кешірім сұрауға, тәубе етуге, уақытты пайдалы өткізуге асығу керек.

«Ережеп» сөзінің ұлықтау, құрметтеу деген мағыналары бар. Араб халқы Исламнан бұрын да бұл айды ерекше ұлықтап, қадірлеп, жаман іс-әрекеттерді тоқтатуға тырысқан. Тіпті бұл айда жылдап жалғасып келе жатқан соғыстар, араздықтар тоқтайтын. Ал, Ислам келгеннен кейін ережеп айының мәртебесі тағы да көтерілді.

Ережеп айында исра және миғраж оқиғалары өткен, бұл айда рағайып түні бар. Ол туралы сенімді деректер Құран мен хадисте көп. Биыл миғраж түні 4 пен 6 мамыр күндеріне сәйкес келеді. Рағайып түні айдың алғашқы жұмасында өтеді. Рағайып намазы туралы айтылған сөздер нақты дәлелденбеген.

Кейбір деректерде ережеп – суы сүттен ақ, балдан тәтті және мұздан салқын бір жұмақ өзенінің аты және бұл мөлдір бұлақтан тек осы айда ораза ұстағандар ғана ішеді делінген. Шариғатта, әрбір мұсылман ережеп айында ораза ұстауға міндетті, деген үкім жоқ. Бірақ ұстаған оразасы жерде қалмайды, оның марапаты беріледі. Әркім өзінің жағдайына, тақуалығына қарай, қаласа, бір-екі күнмен шектеледі, қаласа, одан көп ораза ұстайды.

Мужибә әл-Бахилия әкесі немесе ағасынан риуаят етеді: «Ол (әкесі немесе ағасы) Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына барған. Сосын бір жыл өткеннен кейін жағдай-күйі өзгерген хәлде қайтып келеді де:

– Уа, Аланың Елшісі! Мені танып тұрсыз ба? – дейді.
– Әбден жүдеп кетіпсің ғой. Бұрын жап-жақсы болатынсың, – дейді Алланың Елшісі.
– Сізден кеткен соң түнде ғана тамақ жедім (ораза ұстадым), – дейді әлгі адам.
– Өзіңді неге қинадың? Сабр (рамазан) айында толық ораза ұста, ал қалған айларда бір күннен тұт, – деп бұйырады оған пайғамбар.
– Тағы қосыңыз, оған менің күшім жетеді, – дейді ол.
– Олай болса, екі күннен ұста, – дейді Алланың Елшісі.
– Тағы біраз қосыңыз, – деді ол.
– Үш күннен ораза ұста, – дейді пайғамбар.
– Тағы біраз қосыңыз, – дейді әлгі адам.
– Қасиетті (харам) айларда ораза ұста, сосын тоқтат, қасиетті (харам) айларда ораза ұста, сосын тоқтат, қасиетті (харам) айларда ораза ұста, сосын тоқтат, – деп саусақтарын бүгіп-ашып көрсетеді Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)»[2].

Ислам діні келмей бұрын ережеп айында құрбандық шалу рәсімі бар еді. Ислам келіп, оның үкімін жойды. Бір адам пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біз жаһилиятта ережеп айында (осы айдың құрметіне) құрбандық шалатын едік. Енді бізге не бұйырасыз?», – деді. Ол. «Алланың жолында қайсы айда болса да құрбандықтарыңды шала беріңдер. Алла үшін жақсылық жасаңдар. Тамақтандырыңдар»[3], – деді.

Алғашында исламдық ұстанымдар адамның өміріне ақырын, бірте-бірте кіріп келген. Алдымен ақида, діни сенімге қатысты мәселелер талқыға түскен. Кейін әдеп-ахлақ істері жолға қойыла бастады. Кейінгі кезеңде қазіргі ғұрып-әдеттер түзетіле бастады.

Хақ Тағала баршамызға ережеп айының игілігі мен берекесін нәсіп еткей!

[1] «Маида» сүресі, 97-аят.
[2] Әбу Дәуіт, Ахмад және Насайи риуаят еткен.
[3] Әбу Дәуіт пен Насайи риуаят еткен.
Хасан ТАШАЙҰЛЫ,
Павлодар қаласы,
«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы
дереккөз
Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:

KZ

Іздеп көріңіз:
2017 жылы ережеп айы қашан басталады, ережеп айы 2017 қашан басталады 2017, ережеп айы 2017 кесте, ережеп айы 2017 қашан басталады, ережеп айы 2017, қашан басталады, ережеп айы, 2017

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]