Күз. Түн. Қараңғы көше. Мейірғұлдың айдарын Нұраның салқын самалы сыйпап өтті. Осы желдің әсері болар, Мейірғұл өзен жаққа қарап, терең ойларға шомды. Қайран, Нұраның сағындырған самалы! Сенімен қауышуды әскер қатарында жүргенде қанша уақыт асықтым деп сұрасаңшы, жарықтық - Нұра!? Бірақ қалай сұрарсың!? Бұл фәниде тіл тек қана гомосапиенс аталатын жаратылысқа ғана тән. Ал сенде, Нұра, жан жоқ. Тіл жоқ. Сен бұдан адасың. Сені Тәңір өзен қылып жаратты. Суың талай жылдар осылайша бір қалыппен ағып, Сайын Сарыарқаның сар даласының сан шақырымын кезіп иә кесіп өтеді. Күндіз де, түнде де, ыстық болсын иә суық болсын сен үнсіз ғана өз арнаңмен аға бересің, аға бересің... Аталған арнаң – сенің өмірлік жолын, күре тамырың. Бұл жол ешқашан өзгермек емес. Ол – бірқалыпты. Ал, адам баласының жолы – қиралаң-қиралаң, бұрылыстары көп кездесетін жол. Оны сүрінбей өту - біздің қолымызда. Бұл жолдың қызығы менен шыжығы, қайғы-қасіреті қатар жүреді. Жын-шайтан деген пәле мен періште сынды пәкиза жаратылыстар кездеседі. Ал үстімізде әманда Алла тұрады. Тәңір және оның пәк, күнәдан ада періштелер і бізді тура жолға бастағысы келсе, Ібіліс пен оның шайтандары бізді азғырып, ақ жолдан тайдырып, қадамымызды қате бастыруды армандайды. Көрдің бе, адамның қандай тосыны көп жолы бар!? Бұл жолдың аты -
өмір екенін сенде сезетін шығарсың, асыл өзенім!? Сенің толқындарында, тілсіз суында қандай сыр жасырылу тұр екен, ол маған беймәлім! Сенің жағалауында нешеме жігіт ат суарып, талай бұрымды қыздар шелектерін арқалап, бір-бірімен танысып, бақытты
отбасы құрған болар! Ол, әрине, қуаныш. Ал сенің суына қанша адам баласы батып, о дүниелік болған ? Сенің жағалауына қанша пенденің көз жасы тамған!? Сенің суын қанша баланы әкесіз қалдырған екен, ол әрине, беймәлім нәрсе. Мен ессіз сәби, жөргекте жүрген кезімде сенің суына әкем батқан еді. Қайран әкем, балықшы еді. Сол мақұлықтардың әлеміне кетті ғой! Әрбір бос уақытын осы балық аулаумен өткізетін. Әрине, бұл қайғылы жағдай. Ондайдан құдай сақтасын! Дегенмен, саған оның келіп-кетері жоқ. Сен естімейсің де, көрмейсің де. Баяғы қалпыңмен үнсіз аға бересің, аға бересің... Осы кезде Мейірғұл жаурағанын сезді. Терең ойларға батқан бойы Нұраның жағасында келіп тұрғанын байқады. “Айлы түнде сен қандай сұлу едің, Нұра!? Бұрынырақта қалайша байқамаған едім?” – деп, тағы да бір ойлады Мейірғұл. .....