«Киниктер» философиялық термині ежелгі грек тілінің «кюникос» - «иттік» деген сөзінен шыққан. Осыдан «иттік философия» және «иттік
мектеп» ұғымдары пайда болды. Бұл термин кинизмнің негізін қалаушысы Антисфеннің толыққанды афиндық болмауына (әкесі – афиндық, анасы – фракияндық, толыққұқылы афин азаматы болу үшін әкең де, шешең де афиндықтар болуы тиіс еді) және Афины қаласының сырт жағында Геракл ғибадатханасының жанында орналасқан өзі сияқты әлеуметтік қысым көрген балаларға арналған гимнасияда білім алуына, одан кейін сол гимнасияда ұстаздық етуіне байланысты шыққан еді. Бұл гимнасия Киносарг деп аталды, қазақ тіліне «Қырағы ит» немесе «Ақ ит» деп аударылады. Бұл мектептің оқушыларын олардан сәттірек оқушылар иттер деп мазақтауы да мүмкін.Антисфен болса, бұл кемсітетін лақап атты мақтаныш ретінде қабылдады.
«Киник» терминінің шығу тегінің басқа түсіндірмесі киниктердің философиялық болмысынан бастау алады. Киниктер өз қажеттіліктерін шектегендігі соншалық, олар иттер сияқты тіршілік етті. Эллинизм дәуірінде және кейінірек киниктердің экстравагантты жүріс-тұрысы олардың дүниетанымынан шыққан және философияда ең басты тіршілік етудің формасы болғандығы сонша, оны жай ғана
өмір салты ретінде қабылдап, кинизмде философияны көруге бас тартқан адамдарды естен тандыруды жалғастырды. Шынында да, киниктер ауызша жоққа шығарушылықтан гөрі практикалық дәлел күштірек деп ойлады. Яғни, «барлығын да іспен дәлелдеу керек» (Кинизмнің антологиясы. М., 1984. 164 б. Осыдан кейін – Анткин. 164 б).
Антисфен б.з.д. 444 жылы Афины қаласында туып, б.з.д. 368 жылы дүниеден өтті. Ол риторикалық білімін өзінің ең алғашқы ұстазы Горгийден алды. Содан кейін Сократтың шәкірті болды. Ежелгі деректерге қарағанда, Антисфен Сократты тыңдау үшін күн сайын Пиреядан Афиныға баратын (олардың арасы 8км). Ксенофонттың айтуы бойынша, Сократтың тірі кезінде Антисфен әрқашан оның қасында болатын.
Антисфен - өскелең жазушы. Кейін скептик Тимон кинизмнің негізін қалаушысын мазақтап, көптеген шығармалары үшін «мылжың» ( ДЛ. VI, 1) деп атайды. Лаэрттық Диоген Антисфен еңбектерінің үлкен тізімін келтіреді. Бұл тізімде алпыстан астам шығарманың аты бар. Солардың ішінде «Табиғат туралы» еңбегімен қатар филологиялық-риторикалық, гносеологиялық-логикалық және саяси-этикалық тақырыптарына жазылған
шығармалар басым. Антисфеннің еңбектері біздің күнімізге дейін жетпеген. Олардың аттары ғана сақталды. Олар – жоғарыда аталған «Табиғат туралы» және де «Ақиқат», «Заң туралы», «Тәрбие туралы», «Еркіндік пен құлдық туралы», «
Музыка туралы», «
Өмір мен өлім туралы», «Игілік туралы», «Буын туралы», «Үстеу туралы» және т.б.
Антисфен өзінің жалпы және жеке туралы ілімін сократтық ілімінен өрбіткен. Яғни, шынайы білім деп тек ұғымдармен ғана сипатталатын білімді атауға болады. Осы бағытпен келе жатып Антисфен философия тарихында алғашқы болып түсінікке анықтама беруге талпынды. Бұл анықтама бойынша ұғым заттың не екендігін немесе қандай түрде болатындығын ашып көрсетеді ( ДЛ. VI, 1). Аристотельдің айтуы бойынша Антисфен қандай да бір заттың анықтауының мүмкіндігін және жекенің жалпыға жақындауын жоққа шығарды. Сонымен қатар, кинизмнің негізін қалаушысы заттың қандай да бір қасиет пен белгіні анықтау мүмкіндігін де теріске шығарды. Оның ойынша, әрбір пайымдау субъектісі туралы ол деп, оның не екендігін ғана айтуға болады. Мысалы, «Сократ – ол Сократ», бірақ «Сократ – философ» деп пайымдауға болмайды. Антисфен ілімінің бұл жағы туралы Аристотельден белгілі болды. Антисфеннің пайымдауынша, «бір нәрсе туралы бір ғана ой, яғни оның атауын ғана айтуға болады(логос)» (Метаф. V, 29) Осыған орай Аристотель Антисфеннің «өте акңқау» болғандығын айтады.
Антисфеннің «Сократ – ол Сократ» сияқты тавтологиялық пікірлері киниктердің қарама-қарсылық философияның түсінігімен байланысты. Бірақ, біз ненің неден шығатынын білмейміз: қарама-қарсылық ілімі пайымдау ілімінен , әлде керісінше, пайымдау ілімі қарама-қарсылық ілімінен шыққан. Аристотель бойынша біріншісі дұрыс: Антисфеннің пікірінше заттардың тек атаулары мүмкін дегенді айта келе, ол «осыдан ешқандай қарма-қарсылықтың жоқ екендігі байқалады» деп қосады. ....