Әңгіме: Бердібек Соқпақбаев | Гүлбаршын
Екеуі екі жерде томсырайып отырған қызы мен әйелін көргенде, Төлеп оларға кезек қарап тұрып қалды. Түр келбеті бір - бірінен аумайтын дөңгелек жүзді, кішірек дөңес мұрынды бұл ана мен баланың бұртиысқан тым-тырыс мына күйлері кәзір ғана араларында құйын ұйытқып өткенін танытқандай.
— Иә, сендерге не болды? Сүзісетін қошқарларша мойындарынды ішке тығып алыпсыңдар?
Көк жібек халатқа оранып, капрон шұлықты аяқтарын астына жанша басып, семізше денесімен диванды жапыра салмақ салып отырған Гүлбаршын сампылдап сөйлеп кетті:
— Он жыл оқыттым мен мұны. Кимегенді кигіздім, ішпегенді ішкіздім. Ешкімнің баласынан кем қылған жоқпын. Жұрт қатарлы адам болудың ілгері талпынудың орнына, енді мынау — кері кетем деп отырғаны. Өзге жұрттың балаларына қарасаң бірі инженер, бірі дәрігер болып шығып жатыр. Бұнымен бірге бітіргендердің бірі институтқа, бірі университетке түсуге құлшынады. Ал бұл болса толғанып - толғанып келіп, енді бүгін күрек арқалап, жүмысшы болуға табан тірепті.
Керістің неден шыққаны, Төлепке бірден түсінікті болды. Баяғы сол Клараның кім болмағы, қайда барып оқымағы жайында. От басы, дастарқан үстінін бір айдан бері талқысында жүрген мәселе.
Шапылдаған көп сөзді жаратпайтын Төлеп төтесінен келді.
— Ол не айтып отырғанын? — деп сұрады Гүлбаршыннан.
— Өзінен сұра. Әй, айт мына әкеңе? Әлгі қара жұмысшы даярлайтын оқуыңның аты немене еді?
Клараның мінезі тік, бірбеткей. Шешесін бой, ой жағынан тез қуып жетіп, теңесіп кеткендіктен бе, онымен құрбысындай қатқыл да сөйлесе беретін әдеті.
— Қара жұмысшы болам ба, кім болам. Өз болашағыма өзім жауап беремін. Әйтеуір, сіз құсап біреуге масыл болмайтыныма көзім жетеді, — деп салды.
Гүлбаршынға мына сөз тәніне от түскендей әсер eтті.
— Қарашы, қарашы мынаның сөзін! — деді ол ашудан селк-селк етіп.— Мен масыл, арамтамақ деп отырғанын қарашы! Ой ұятсыз! Мен сен құсап он класс бітірген жоқпын!
— Он класс бітірмегендер еңбек етпесін деп пе?
— Доғар, салғыласпай! Қарашы, бұның ұялмай менімен салғыласуын! Қара жұмысшы болмаса, одан әрі! Маған десең колхозшы бол. Шошқа бақ!
Гүлбаршынның арманы қалай еткенде де Клараны жоғары оқу орындарының біріне түсіру. Мал-дүниені түгел сарқып жұмсаса да, осы мақсаты жүзеге асса дән риза.
Ал Клара болса, әкесі мінездес сақ ойлап, сабырмен топшылайды. Өзге түгіл өзіне де турашыл. Институтқа түсу бұл күнде аса қиындап кетті. Тәуекелмен кеткендердің еңселері түсіп, жыл сайын кайтып келіп жүр. Өз шамасын таразылап көреді де, Клара солардан артықпын деп ойламайды.
«Одан да әлім келетін өзіме тұштық бір мамандықтың тізгінін ұстасам, сол абзал емес пе?» Клараның ойы осы.
Клара кеше газеттен Алматыда әр кәсіп бойынша маман жұмысшылар әзірлейтін бір жылдық техникалық училищелер ашылатыны жайында оқыды. Жатын орын, киім-кешек, тамақ — бәрі қазынадан. Ойлап-ойлап келді. де, ол осыған баруға бел байлады. Сол шешімін әлгінде шешесіне білдіріп еді. Гүлбаршын еріп баурына алып, жат та кеп тулады.
Төлеп бір-ақ ауыз сөз айтты.
— Барғысы келсе барсын, — деді.
Гүлбаршын одан бетер сұрланып, күйеуінің бетіне шатынай қарады:
— Ана иттің ұлы Байқотан түсіп оқып жатқан институттың біреуіне түсіруге шамаң келмей ме?
— Қашан мен қабылдау комиссиясының председателі болам. Сонда түсірем.
— Өзге жұрт қалай түсіріп жүр екен балаларын? Соның бәрі не емес шығар... комиссияның председателі емес шығар. Толып жатқан жолдас-жораларың бар Алматыда. Барып айтсаң, солардың бірі болмаса бірінің қолынан келеді. Адал жолмен оқуға түсіп жатқан бұл күнде ешкім де жоқ. Бәрі де сол. Тамыр - таныстықпен, сүйемелдеумен түседі. Дым сезбейтін баласын Күзенбай былтыр ақшаның күшімен орналастырмағанда, қайтып орналастырды?
Төлеп қолын бір-ақ сілтеді.
— Қысыр сөзді қайтесің. Әкел тамағыңды.
Тамақ ішіп болған соң темекі шегіп отырып:
— Мен колхозға кызметке баратын болдым, — деді Төлеп.
Гүлбаршын оның жүзіне селт етіп қарады. Аудан белсенділерінің бір тобын колхоздарға қызметке жібергелі жатыр деген сөзді ол естіген, анық-қанығына көзі жеткен болатын.
— Шын айтасың ба?
— Көшудің қамын істей бер, — деді Төлегі.
Гүлбаршын қолындағы шай құйған кесені тарс еткізіп алдына қоя салғанда, кесенің түбі аз-ақ ойылмады.
— Жақсы бопты. Бар. Дұрыс жолға енді түстің. Құлдыра! Сен де кері кет. Сенімен катар кызмет істей бастағандардың алды осы күні Алматыда ЦК - да отыр. Ал сенің маңдайына енді райкомның белім бастықтығы да сыймағаны ғой. Сол керек!
Алты жасар Ермек осы кезде:
— Дөт – де - дөт! Дет! Дө - дөт! — деп, жіп таққан ойыншық машинасын сүйретіп, сыртқа шығып бара жатыр еді. Гүлбаршын оған да дүрсе қоя берді.
— Таста, салдырлатпай! Қолы-басы сатпақ-сатпақ қылып, тағы да келмексің ғой. Түк таппағандай бұ неме де кешке дейін шофер болып ойнайды... Нәсілі жасық неме...
* * *
Арада екі айдай уақыт өтті. Күз келді. Күн бұлыңғыр, сәске түстін шамасы. Дағарадай кен бөлменің бір бұрышында төсекте Гүлбаршын әлі тұрмай жатыр. Ол оянғалы қашам. Бірақ тұрар ниеті жоқ.
Соңғы уақытта бұл семьяда елеулі жаңалықтар болды. Клара өзінің қалаған оқуына —техникалық училищеге кетіп тынды. Кеткеніне айға жуық уақыт өтсе де, әлі хат жазбайды, тым-тырыс.
Төлеп те мұнда емес. Осыдан отыз километр жердегі «Комитерн» колхозында парторг болып істеп жүр. Бұрын да болса жұмысбасты жан еді, анда-санда бір-ақ келіп кетеді.
Келген сайын көшу жайын сөз етеді. «Көшпеймін. Колхоз ішіне барып жырғамай - ақ қойдым! Ұнаса, өстіп өзің салт жүре бер!» — деп Гүлбаршын табандайды.
Осыдан екі-үш күн бұрын келгенде де ол күйеуіне осыны айтқан болатын. Төлеп дауласпайды. «Жарайды. Өз еркің» дейді.
Қаршадай Ермектің әкесінен қалғысы келмейді. Шешесіне бой бермей өткен жолы да Төлептің машинасынан түспей отырып алып, бірге кеткен. Үш бөлме оңаша үйде Гүлбаршын кәзір жападан-жалғыз өзі.
Бұрын дағдыланбаған тып-тыныш мелшиген көңілсіздік Гүлбаршынның еңсесін күнде жаншады. Бүйтіп табандап бергенмен не тындырам? Жұртта қалған күшіктей жападан -жалғыз осым да өмір болып па? Осы тәрізді ойлар Гүлбаршынды соңғы күндері жуасытуға бет алған. Оңашада осыған табанын тірегенмен, Төлепті көріп бетпе-бет әңгімеге тірелгенде, әйелдік өзімшілдігі асқақтап шыға келеді. Ақылға, сабырлы сөзге келтірмейді.
Гүлбаршын міне тағы да өкінгендей болып жатыр. Өткен жолы келгенде Төлепке: «Машина әкел. Көшеміз, — деуі керек еді. Дайындап қойған сол сөздің орнына ол тағы да «көшпеймін» деді. Төлеп те оны бұрынғы әдетімен, қолқаламады. «Өз еркін!» деп, қайыра тартып отырды.
Жоқ, құрсын бүйткен өмірі. Енді Гүлбаршын бір күн де шыдай алмайды. Молада жатқан адамдай қалайша жалғыз жата бермек, Оның табандауынан Төлеп тіпті де қиналып жатқан жоқ. Алданышы — қызметі, өмір бойы өстіп жалғыз жүрсе де жүре береді. Оның мінезі сол. Үндемей, қарсы келмей жүріп жеңеді.
Гүлбаршын енді Төлепке «машина әкел, кешеміз» деп, өзі телефон соғайын десе, бұнысын жеңілгендік көреді. Тулап-тулап, бостан-босқа арам тер болып келіп, сылқ ете түскендік. Оған менмендік ер мінезі және жібермейді.
Ал енді Төлеп өзі қашан келмекші? Бұны жобалап білу мүмкін емес. Жұмысбастылыққа ұшыраса, жарты ай бойына келмеуге де бар. Бір сылтаумен тілдесіп, шақырып алудың ретін Гүлбаршын тағы да таппайды.
Аралда қалған адамдай Гүлбаршын өстіп басы қатып, тұйыққа тіреліп жатқанда, сыртқы есік шиық етіп ашылды. Үйге Қойшыбай көршінің кішкентай баласы Асқаржан кірді.
— Тәте, сізге хат бар.
Гүлбаршын төсектен басын қалай жұлып алғанын өзі де білмей қалды. Хатты алып жатып, баладан именіп, көрпе шетімен кеудесін қымтады.
— Рахмет, шырағым.
Бала кетіп қалды.
Хат Кларадан екен. Гүлбаршынның өзегінен ыстық бір сезім жүгіріп өтті. Оқи бастады. «Қымбатты мама, папа!» — деп бастапты. Гүлбаршын түрегеліп отырып оқуға кірісті. «Жаным, алтыным», деп хат иесін аймалап, күбірлеп те қояды.
Оқуға қабылданып, жатақханаға орналастым. Амандық болса, бір жылдан кейін құрылыс десятнигі болып ауылға жетіп барам деп жазыпты Клара.
— Кім болсаң сол бол, алтыным.
— Гүлбаршын тез түрегеп, киініп те үлгерместен «Коминтерн» колхозына телефон соға бастады:
— Алло! Маған Дүйсеновті. Әй, мен ғой бұл. Мен деймін. Гүлбаршынмын. Немене, басын мәңгіп, мұрныңнан су кетіп отыр ма? Кларадан хат келді. Оқуына түсіпті. Соны айтайын деп едім. Сонан соң... әлгі Ермек қайда? Ол плащын да кимей кетіпті. Жауында кайтып жүр? Суық тиіп қалмасын. Сен оны анда-мұнда сүйрелеп, ауыртып алма. Сонан соң... Әй, келмейсің бе? Кларажанның хатын оқымайсың ба? Соны оқысын деп, телефон соғып тұрмын. Кел, қашан келесін? Әй, сонан соң... Сен қандай машинамен келмексің? Бәрібір емес, әлгі үлкен машинаңмен кел. Жүк тиейтін адамдарыңды ала кел. Қайтер екен десем, өзіңнің жайың тым жарасып барады ғой. Бір басыма жылы орынды таптым деп жүрмісің? Қоярмын мен сені сайрандатып!.....
Әңгімелер