Әңгіме: Тоқаш Бердияров | Бөтелке құдіреті

Шопанның әңгімесі

Осы бір аяғы түскір түніменқақсап, көз ілдірмеді. Бұл аяқты жігітшілік күрес сайысында немесе көкпар тартысып жүріп мертіктіргем жоқ. Бұл кемістік — кешегі Германия соғысынан жабысқан пәле Мал бағып, ат үстінде жүргендіктен, бізге протез дегеніңіз тым қажет нәрсе. Сол жасанды аяғым тозып қалып, бұл күнде ит қорлықты көріп жүргем. Әй, өз аяғыңа қайдан жетсін!..

Осыдан үш ай бұрын қаладағы протез заводына заказ берген едім, аяқ орнына қол салып жіберіпті. Өзім бармасам іс бітер емес. Бір отар қойды бәйбішем мен балама тапсырдым да, ала қоржынымды арқалап жолға шықтым.

Үлкен жолдың үстінде қарақшыдай қақшиып тұрмын. Бұ жақта автобус жүрмейді. Оқта-текте зу-зу етіп жүк машиналары ғана өте шығады. Қол былай тұрсын, аяқ көтерсең де тоқтайтын емес.

Көксоқыр шоферлардың көңілі кейде көл, кейде шөл ғой. Әсіресе, олар бүгін ашулы сияқты.бәрі де қатайып алған, тіпті, бұрылып та қарамайды. Қаншама уақытым босқа өлді-ау! Ала кетсе машинасының майы таусылатындай, қап мына шіріктердің бәлсінуін-ай! .....
Әңгімелер
Толық
0 0

Әңгіме: Тоқаш Бердияров | Жаңалық

Гүлайна апай отарға ерте оралды. Қызымды сағындым деп күні кеше Алматыға аттанған-ды. Тұңғышы — Зіреш қалада пединститутта оқитын еді. Зіреш қысқы, жазғы демалысын көбіне совхоз орталығындағы нағашыларының үйінде өткізіп жүрді. Айлар бойы өз қызын көрмеген ана сағынбағанда қайтсін? Перзент десе, ана жүрегі алып ұшады емес пе!

Киіз үйдің ішінде қымыз ішіп отырған Нұртай ақсақал, аттан түсіп жатқан бәйбішесін көріп ойға қалды. «Тәуба, қызыма барам деп менімен күні-түні керілдесіп, мазамды алушы еді, мұнысы несі?! Ерте оралғанына қарағанда бір гәп бар сияқты. Әйтеуір, жамандық болмағай!..»

Ол тысқа шықты. Болдырып келген аттың ертұрманын ағытып, тыныштық па дегендей бәйбішесінің жүзіне телміре қарады. Гүлайна аса көңілді, ауыл жаңалықтарын айтып, сарнай жөнелді:

— Талқанбайдың ала сиыры екі бұзау туыпты. Екеуі де инеліктей әншейін, қарындары қабысып тұр. Әлгі қу тоқал енесінің сүтін қақтап сауып алады екен. Уызға жарымаған бұзаулар қайтып мал болсын? Обалдағы-ай, обалдағы-ай!..

Нұрекең ер-тұрманға жамбастай кетті де, қарсы алдында шөкиіп отырған бәйбішесінің, әңгімесін ұнатпаған шыраймен:

— Қызыңа бардың ба, соны айтшы,— деді.

.....
Әңгімелер
Толық
0 0

Әңгіме: Бердібек Соқпақбаев | Әріппай мен көкжал қасқыр


— О, Әрекеңнің басынан не кешпеген. Бәрі де кешкен. Әй, Әреке, Әреке - тай, мына балаларға жас кезіңізде өзіңіздің басыңыздан кешкен қызғылықты уақиғалардың бірін әңгімелеп, айтып беріңізші?

Әрекен бәлсінбейді. Электр ұстарамен күнара тықырлап қырып жүретін көктұқыл сақалын күлімсірей сипалап, сәл ойланып отырады да:

— Жарайды, айтсам, айтып берейін — дейді.

— Қай әңгімеңізді айтасыз?

— Жапан дүзде көкжал. қасқырға кездесіп, қалай аман қалғанымды айтып бepeйін.

— Дұрыс, соны айтыңыз.

— Біріншіде оқимын ол кезде, кішкентаймын, — дейді Әрекең.— Әке-шешем колхоздың қойын бағады. Поселкеде өзімнің Күлімхан дейтін жеңгемнің үйінде жүрем.

Күлімханды сен білесің, мінезі күрт, тілі ащы адам еді ғой. Бірақ оған да кінә жоқ. Күн бойы колхоздың жұмысын істеп, шаршап келеді. Оны күтіп, бітпей жатқан үй ішінің тіршілігі және көп. Міне соның арасында қитығына біз де тиіп қоямыз. Сосын ол қалай ашуланшақ болмасын.

Бір күні ойынның қызығымен жүріп, қызыл бұзауды байлауды тарс ұмытыппын да кетіппін. Бір қарасам қоңыр сиыр түк білмегендей үйдің қасына маңқиып келіп тұр. Қызыл бұзау құдай тілеуін беріп, оны рақаттанып еміп тұр. Ойынды тастай салып ұмтылдым. Дәл сол кезде ар жақтан аюдай ақырған Күлімхан қоса көрінді.

Бұзауға қабат жеттік ол екеуміз.

Жеткенмен не пайда. Қызыл бұзау өз шаруасын тындырған. Қоңыр сиырдың желініндегі күні бойы сыздықтап жиналған, бүкіл үй ішіміз боп үміт артып отырған бар сүтті қарнына қотарып құйып алған. Сиырдың желіні ішінен желі шыққан допқа ұқсап боп-бос. Ызасы қайнаған Күлімхан бір қолымен қызыл бұзауды бұйдасынан сүйрей - мүйрей, маған ұмтылды.

— Ойында басың қалғыр, жүгірмек!

«Жүгірмекте» кінә мол. Мойнын ішіне тығып, жасқанғанды ғана білді ол. Күлімханның жұдырығы балғадай ауыр келетіні және мәлім. Шойын жұдырықтар көк желкемнен аямай түйіп - түйіп етті.

Және ұрады екен деп, құламасам да әлгі араға құлай кетіп бақырдым. Ойындас жолдастарым анадайдан бұның бәрін көріп тұр. Жоқ, жатқан үстімнен төмпештеп ұрған жоқ жеңгем, Бірақ зәрі ұрғанға бергісіз ащы сездерін аямай айтып, енді қызыл бұзауды түйгіштеп кетіп бара жатты.

Ал таяқ еттен, сөз сүйектен өтетіні белгілі. .....
Әңгімелер
Толық
0 0

Әңгіме: Бейімбет Майлин | Айымкүл


Оған көп жыл болды.

Ыбырай қызын ұзатайын деп жатыр деген соң тойына бардық. Айымкүл өзі теңдес қыздардың ішіндегі көрікті, ақылды, салмақтысы еді. Елдегі боз балалардың ішінде Айымкүлге көңілі кеткендер көп болған. Бірақ Ыбырай бір ұрт кісі: "Қызымды орынды жерге беремін" деп талайдың атының басын қайырып, ақырында Бурабай деген байдың қатыны өлген баласына берген.

Айымкүл бұған риза емес, бай баласы Рақымды "жасы 40-тан асып кетті, кәрі" дейді, "өзімнің сүйгеніме тиемін" деп айтады деген лақап соңғы кезде ел арасына шашылып жүрген. Сондықтан бұл тойға баруға кім болса да құмартып еді. Бұрын-соңды күйеуге берілген қазақ қыздары әке-шешесінің дегенінен шығып кете алмайтын болса да, Айымкүлде өзгеше бір күш бар, Айымкүл көнбейтін секілденуші еді...

Жалтыр көлдің басы қоралай қонған қалың ауыл. Бір-екі күннен бері Ыбырайдың тойы болып, елдің боз баласы, қатын-қалашы сол үйдің маңайында топтанумен жүр... Той тартыс өткен. Бүгін мерекенің ақырғы күні. Енді бірер сағатта Айымкүл Рақым мырзаның некелі қатыны болмақшы. Бірақ жұрт аузында бір суық сөз бар. "Айымкүл бармаймын деп жылап жатыр екен... әке-шешесі ұрсыпты. Ағасы ұрарманға келіпті..." дегенді айтып, жұрттың көбі жағасын ұстап жүр.

.....
Әңгімелер
Толық
0 0

Әңгіме: Ілияс Жансүгіров | Бадырақ

I тарау

Таң анық атқан жоқ. Айдың аяққы қараңғысы. Таң алдына шейін талықсып келіп, бой жасаған өлетін адамның көзіндей ажарланып бағжиған жұлдыздар жерді албастыдай басып тұрған меңіреу қараңғылыққа әр жерден өштесіп, өжеттенгендей. Бірақ өздері еңкейіп батып бара жатқам сияқты.

Осы қараңғылықпен араласа әр ауылдың қонысында түйенің анда-санда бақ еткен дауысы естіледі. Жылқы кісінейді. Тәрізі бұл өңірдегі ауылдар көшіп жатыр. Жер салқынмен көшпесе бүгінгі кештегі қозы-лақ жете алмайтын кер баланың шеліндей бір бұйрат құм еді.

Сондықтан қатындар сүтті пісіріп, ұйытпай тұрып тұлыпқа құйып, іңірден бастап үйді жыққан. Қомның арқаны тесін қысқан түйелер бақырады.

Бір жерден қызғыш құс ұшты, ойқыр демей біреу жортып, бірнәрсе қарап келе жатқандай. Қызғыш осыдан ұшып еді. Бұл бала күреңге тоқым салып жайдақ мініп, байдікіне қонған екі қонақтың атын іздеп жүрген қойшы еді. Қойшының аты Бадырақ. Қойшы көшіп келе жатқан ауылдың жанындағы қоңыр белеске таман келіп, күреңінен топ етіп түсіп, жантайып жата кетті.

Бадырақ — байдың жалшысы. Жасы жиырманың екеуінде, орта бойлы, дембелше, жауырыны қақпақтай, жас жігіттің алыбы еді. Төбесі биіктеу, шекесі торсықтай, бүркіт қабақ есті жігіт. Арысқа түсіп алысқанда жауырыны жерге тимей жүрген, кеудесі есіктей, балтыры бесіктей бал улы, құлама жарлауыт кабак астына оты ойнай біткен қой көзі кедейліктің неше алуан езгісінен, жалшылықтың жаншуынан жасқанып, қылау құрлы көретін емес. Өзгеше бір отты қайрат қайраулы тұрғандай. Неге салсаң соны жалбыратып түсетін өткір алмас.

Бұл әке-шешесі жасында өліп жетім, панасыз қалған Қоянбай деген бала еді. Бір жұт жылы мұның шешесі болғанда қой таба алмай, қояннан қалжа жеген екен. Сондықтан мұның атын Қоянбай қоя салыпты. .....
Әңгімелер
Толық
0 0

Әңгіме: Рахмет Өтесінов | Алыптың арнасы

Гурьев облысындағы Эмба мұнайлы ауданы революциядан бұрын Баку, Грозныйлармен қатар ашылып, көп жылдар бойы жас совет халық шаруашылығының отын көзі болып келгені мәлім. Бұған осыдан сәл кейінірек Башкириядағы Ишимбай мұнай кен орны қосылды. Отан соғысына дейін және соғыс уақыттарында да елімізді жанар-жағар майлармен қамтамасыз етіп келгендер де осы кендер болатын. Бірақ, бұлардың өндіріс көлемі қазіргілермен салыстыруға мүлде келмейді. Ол жылдары жылына 20 миллион тоннаның маңайында мұнай өндіріліп жүрді. Партиямыздың XXIII съезінде мұнай өндірісіне ерекше маңыз берілген болатын. Онда елімізде мұнай өнімін жылына 30 миллион тоннаға жеткізуді нысана еткен еді. Совет мұнайшылары туысқан партияның бұл тапсырмасын абыроймен орындап шықты. Геологиялық барлау жұмыстарын, оның ішінде де, әсіресе, терең бұрғылауды өрістете отырып, Ұлы Отан соғысының қызу жүріп жатқан уақытының өзінде-ақ Волга бойынан мұнай көздерін аша бастады, ал 1944 жылы еліміздегі сол уақыттағы екі ірі кен орындарының бірі - Тоймаза кәсіпшілігі ашылып, іске қосылды.

Бұл бұған дейінгі мұнай қоры жөніндегі кейбір көзқарастарды түбірінен өзгертті. «Жер шарында мұнай көздері тек үш-ақ жерде. Олар: Каспий теңізі, Парсы шығанағы және Америкада - Мексика шығанағы жағалауларында. Басқа жерлерде мұнай болуы мүмкін емес» деген қате пікірді жоққа шығарды. .....
Әңгімелер
Толық
0 0

Әңгіме: Мұқағали Мақатаев | Өзгермепті

...Оқытушы барлығын да білуі керек қой, әкем-ау, барлығын да

А.П. Чехов

Аңдып жүрген адамдай, дәл осы бір жайсыз көріністің үстінен шығармын ба...

Қалыңдығы бір елі көгілдір төртбұрышты әйнекке "Учительская" деп шебер жазылған есікті қағып тұрмын.

Есіктің ар жағында әлдекімнің дөрекілеу зекірген даусы естіледі.

— Сендер кім деп жүрсіңдер мені, хайуандар! Танытайын мен сендердің әк... — дей берді де, менің тықырымды естіген болуы керек, бір секунд кідіріп, үзіліс жасаған соң, сол арынымен: — Да! — деп қалып еді, құлағым шың ете түсті.

Есіктің кіреберіс оң жағында, кітаптар тұрған шкафқа арқасын бере екі оқушы тұр. Екеуі де маған жалт қарасып, қайтадан мойындары босап, салбырап қалды.

Иә еденге, иә омырауларындағы түймелеріне қарап тұрғаны белгісіз. Ал менің іздеп келген адамым осылардың қарсы алдында тұр екен. Піріне мініп алған. Ашулы реңін сәл-пәл өзгерткен боп, жымиғансып:

— О!.. Мұқыш! Келуіңмен! — деп, қолын беріп сәлемдесті. Оқушылармен оның оңаша отырғанын көріп, шыға тұрайын деген ишарат білдірдім.

— Отыр! Отыр! Мен қазір... Мыналармен... Бір минут... — деп, табуретканы ұсынды да:

— Түсір, ей, қолыңды! Мүләйімсуін қара малғұнның! — деп барып, саусақтарын уқалап тұрған оқушының қолын қағып жіберді. Жасықтау бала екен, көзін сығымдап- сығымдап қалып еді, көз жасы ытқып-ытқып кетті.

— Сабақта тыныш отырамысың енді?

— Отырамын, — деді оқушы кепкасымен көзін сүртіп.

— Бар, есіңде болсын! Ал сен тұр осылай бедірейіп. Өй, жалмауыз! — деп, екі жағынан тозаңы шыққан қайсар баланың иығынан бір жұлқып, бұрышқа тақаңқырап қойды. Қанша уақыт өткенін аңғармай да қалыппын. Әйтеуір, Әбен (оның аты осылай еді) қайсар оқушыға шүйіле бастағанда-ақ мен үстелдің үстінде тұрған глобусты әншейін айналдыра беріппін. Әбенім әлгі оқушының мойнының ұзындығын, мұрнының кішілігін, Мереке деп қойылған атының оған лайықсыз екенін, ақыры соңында әкесінің ауқаттылығын, соған Мерекенің мастанып жүргенін айта келіп: .....
Әңгімелер
Толық
0 0

Әңгіме: Асқар Алтай | Қызбейіт

Бұл әңгіме маған сондай ыстық. Арада жиырма бес жылдай уақыт өтсе де ешқайда жариялай қоймаппын. Балалық шақтың бақытты да бал күндері өткен Алтайдағы әйгілі Қызбейіт жайлауы — ол туралы айтыла салатын аңыз әңгіме арқауы осы бір шағын шығарманың дүниеге келуіне себепші болып еді...

Кейде жазушыларға оқырман “Шығарма қалай туады?” деп сауал қойып жатады. Қызбейіт жайлауы аңызы — осы бір әңгіменің жоралғысы. Ал бірақ бұл аңызға бергісіз әңгіме уақыт өте келе ой-қиялыма тереңнен ұя салып, жан-дүниемді жаңаша толқыта түсіп, “Алтай балладасы” (Алтайдың алқызыл модағайы) романының тууына жол ашты.

Бұған оқырман түгілі өзім де қайран қалам!

Автор.

Аю мұрнын желге беріп, жас күлімсі иісті сезініп тұр. Маңай қалың қарағай мен шырша. Іңір қараңғылығы енді түскен шақ. Ауа дымқыл. Төңірек тыныштыққа иіген. Сәл самал желмен тербелген биік тау шөбі, шыршалардың теңселген ұшар басы мен ұшқаттың ұсақ жапырақтары қосылып ақырын ғана сыбдырлайды.

Әбден күшіне келіп толысқан еркек қоңыр аю екі аяғымен түрегеліп, тағы да тереңнен тыныс ала иіскеді. Иістің жақын маңда екенін сезінді. Қалың шөпті жапырып, анда-санда басын көтере иіскеп қойып жүріп келеді. Алаңқайға шықты. Алдында биіктеу біткен жалаңаш төбе. Иіс сап тыйылған. Аю екі аяғымен адамша тік тұра қалып, тіміскілей тағы иіскеді. Олай-былай тік жүріп те көрді, бірақ аюдың құмарын қоздырған тұщынарлық иіс сезілген жоқ. Ол қарағай, шыршасыз етекті сипар шөп басқан жалаңаш төбе басына көтерілді. Бір отар қой сыярлық төбе басында қарағайдан қиып салынған зират қарауыта қалған. Аю сескеніп қалды. Бұл қайдан пайда болған дегендей жанарын тігіп тұр. Көзіне қарай түскен шашын самал желпіп өтті. Мұрнына танауын жарған күлімсі тағы келді. Тұмсығымен тұщына иіскеді. Күлімсі иіспен бірге мұның зәресі ұша қорқатын екі аяқтылардың да иісі келгендей. Сол-ақ екен тұла бойын түсініксіз бір қорқыныш билеп өткен. Сонда да орнынан қозғала қойған жоқ. Ет жүректі емес пе, орман тағысы жойдасыз табанын басайын десе – жүрегі шыдамай, жалт беріп кетейін десе – күлімсі иісті көңілі қимай тұра берді...

Аздан соң төрт құлағы қалқиған бейітке де, одан шыққан иіске де, тіпті жалаңаш төбені қоршаған қалың орманға да бойы үйренгендей болған. .....
Әңгімелер
Толық
0 0

Әңгіме: Рабиндранат Тагор | Судья


Кхирода ел ақтап жүріп, ақырында осы бір жігіттің құшағында сая тапқандай болып еді. Міне енді ол да мұны қаңғыртып жіберді.

Күн көру үшін тағы біреудің құшағына іздеуді қайтып ойлағысы да келмеді оның, жирене қарады. Жасы болса жер ортаға келіп те қалды.

Жастық шақтың дәурені өткеннен кейін де өмірдің бір тамаша кезеңі болады. Ол кезең — жарқын жүзді күздің шуақ күніндей тыныш та тұңғиық, тұнық бір кез. Осы тұсқа жеткенде өмір бағының бар жемісі толықсып пісіп, көкорай шалғыны ұзарып жетіледі. Жастықтың елең-алаңында албырттықпен шалыс басқан аяқ енді ерсі көрінетін болады. Бұл дүниеде жасарымызды жасап, шығар биігімізге шығып болғандай сезінеміз. Өмір жолында бастан кешкен жақсылық-жамандығымыз, қайғы-қуанышымыз біздің ақыл-ойымызды біржола суарып шыңдап болады. Біз енді көкжиекке қол создырған тәтті қиялдың соңына еріп, адасудан бой тартамыз да, өз шамамыздың тар шеңберінде ғана өмір сүруге мойынсұнамыз. Жарқ еткен жаңа махаббаттың жалынына ұрынудан гөрі, үйреншікті сыр мінез серігіміздің болғанын артық көре бастаймыз. Бұл кезде жастық шақтың уылжыған өңіне әжім түседі. Бірақ көңіл шіркін қартаймайды. Ұзақ жыл отасқан өмірден кейін көңіл күйінің көрінісі бет пішінімізден, көз жанарымыздан сезілетін болады. Адамның даусы да, күлкісі де, көзқарасы да оның ішкі табиғатымен үйлесе бастайды. Қол жетпесті арман етіп елегізу енді қалады, бізді тастап кеткендердің артынан қайғыру жоқ та, алдап кеткендерге кешірім көп болады. Қиыспасыңмен айырылысудың зарын тартып болып, алай-дүлей бұрқаған өмір дауылының бәрін басыңнан өткізген шақта қасыңда қалған адал дос өзіңді жақын тартып, сүйіспеншілік білдірсе, сен де соған бар махаббатыңды ұсынып, құлындай түсесің. Өмірдің осынау бір іңір қараңғысы шағында ежелгі сыр мінез, сенімді серігіміздің қасында болсақ, сонда ғана жанымыз жай тауып, рақатқа батады. Ал бұл кезеңде жаңадан үйір болар жан іздер күйге душар болсаң, құдайдың ұрғаны. Кештетіп келгеніңде тыным аларлықтай боп үйіңде шамың жағулы, төсегің салулы тұрмаса, сорыңның қайнағаны. .....
Әңгімелер
Толық
0 0

Әңгіме: Әбіш Кекілбаев | Бәйгеторы

Бәйгеторы Сейісті бірден таныды. Сейіс бірақ осы ауылдың бота-тайлағына таланып, жал мен құйрықтан атымен ада боп сүңкі кеткен бұны қапелімде тани алмай қалды. Жалтыр сауыры көк масатыдай күлің-күлің еткен көк ала дөненді көлеңдетіп ортадағы ақ үйге барып түсті. Сосын баяғы әдетінше, тұсап жатып, атының тірсегін, шашасын, тұяғын түгел тінтіп қарап шықты. Көлеңкеде қарш-қарш шыбын қағып жатқан қара ала төбетті қуып жіберді.

Арса-арса қабырғасындағы қатпар жарасына тиісіп, қара ала төбетті діңкелеткен көк шыбын енді көк ала дөненнің мазасын алар деп сескенді. Асыққа таласып қызыл шеке болып жүрген екі баланы да: «Қасына бармаңдар, асау, теуіп кетеді», — деп қорқытып қойды. Ақ үйге сосын барып кірді. Жаулығының ұшын толарсағына жеткізіп, шұбата тартқан ақ үйдің әйелі қолына қара шәйнек ұстап, жерошақ басына беттеді. Бәйгеторы Сейістің шамалы уақытта шыға қоймасын білді.

Жерге басын салып еді, жаншылып қалған кесірткедей жер бауырлаған тарамыс жусан арасы сиреп селдіреп қалған тісіне ілікпеді; өзінін бір түрлі көңірсіген сілті иісі бар екен. Бәйгеторы басын көтеріп алды. Екі көзінің арасында ұшып-қонып жүрген сары пәлені көрді, мүкіс тартқан құлағы ызыңын да естімепті. Басын шұлғыса, ту сыртына барып қонады. Өне бойын дір-дір шіміріктіріп, тызылдатып шағады. Құйрығын бұлғап еді, бар қылынан айырылған бір тұтам қылта ауада ербеңдеп қалды. Одан бөгелек қайдан үріксін? Бәйгеторы шыдай алмай шапшып көрді. Шапшығанда да қайда барарын білмеді. Ауылдың желкесіндегі машинамен су әкеліп құятын тоғанның қасына барса, темір астаудан опыр-топыр су ішіп жатқан қозы-лақ бұған бәрібір жол бермейді, осы ауылдың бар бота-тайлағы да со маңда жүр. Боталары мен қозы-лағына су жеткізе алмай жаны күйіп жүрген қатындардың қақ маңдайдан салып қалуы да мүмкін. Әне бір екі-үш бөшкені қалқалап қойған тақтай күркенің көлеңкесіне барып тұрар еді, құжынаған көк шыбынын шұбыртып қара ала төбет жатып алыпты. .....
Әңгімелер
Толық
0 0