— Әлі есімде,— деп бастады Ермек сөзін,— бұрнағы жылы тісіме нан тиіп кеп кетіп еді, отыз тісім зар қақсап жүріп берді. Содан кәне тамақ іше алсамшы. Біреу ыстық, біреу суық іш деп басымды даң-даң қылды. Бәрінің де айтқанын істеп үлгердім. Бірінен болмаса екіншісінің емі қонып қала ма деген оймен айтқанды мүлт жібергенім жоқ. Тіпті тойғанымша чеснок та жедім. Көбірек жеп қойсам керек, ішімді ауыртып бәлені салғаны бар емес пе? Тістің емін іздеймін деп екі ортада ішімді ауыртып, «қайдан жедім бауырды, ішім жаман ауырдының» керінің келгенін көрдіңіз бе?
Енді емі қонып қала ма деп әлі де әркімдердің айтқанын істеп жүрмін. Кесеге ыстық суды құйып алып, ішіне бір уыс қаратікен тұзды салып, ұрттап та көрдім. Ауырғаны қояр емес, қақсағаны былай тұрсын, енді сыздап та бәлені салды. Көп емшінің бірі, ашутас пен тотияйынды күйдіріп ыстықтай тісіңе бас дегенді айтты.
Баяғы қазақ: «Жолаушы үйден қырық қадам ұзап шыққасын-ақ басына мүсәпірлік түседі» депті. Кім біледі, қазіргідей алдында алақанын тосып, ас-суын әзірлеп күтіп тұрған қонақ үй болмағасын сыбай-салтаң шыға қалған салт атты жолаушы үйінен қырық қадам ұзап шыққасын күні мүшкіл болса болатын да шығар. Айтса да: атына жем керек. Талықсып кеп тоқтаған жерде өзіне де бел шешіп қонатын, түстенетін баспана керек. Бір қырдан ассақ тағы сондай бір қырық алдыңнан тосып тұратын осынау ақыраған сары далада жалғыз атты жолаушыға жөні түзу жолдас кездесе ме? Бұйрат арасынан бұлаң еткен бір сүрлеуге түссең бас еркің қолына тигесін бұйдаңнан жетелеп әрі-бері тәлкек қылады. Жапан түзде жолыққан жалғыз кісіні о да басынып, қылжақтап мазақтайды, мазақтайды да, ақырында бір шағылдың шетіне келгесін көк көдеге құйрығын шаншып алып ырғалақтаған ақ ши арасына сып беріп кіріп ізінен адастырады да кетеді. Сен ат үстінде ақырып тұрасың да, тебініп қайта жүресің.
Жә, бір кезде солай болған. Ал, қазір ше? Жапан түзде жалғыз жорытқан кісінің көңіл-күйін құлазытып бітетін жұтаң сезім қазіргі жолаушылардың басында бола ма екен?
Рас, біздің ата-бабаларымыздың заманында адам баласының аяғы қысқа болды. Үйде де, түзде де мешеулік басына түсе бергесін қыс — қыстаудан, жаз — жайлаудан ұзап шықпаған. Ат жетпес, атан жетпес алысқа жалғыз-жарым кісі болмаса, қалған қазақ мал өрісінен аспапты ғой. Ілгеріректе жасаған бір атамыз айтыпты деген бір сөзді осы жұрт әлі күлкі қылады. Сол атамыз дүние салар шағында мақүлдасуға жиналған ағайын-тумасына қарап отырып: «Өмірде арманым жоқ, тірлікте мен бейбақ не көрмеді дейсің?! Бұл ағаң жер түбіндегі Аралға да қыста тоң балық тасыған кірешілермен ілесіп барып қайтты ғой», — депті. Ол кезде бақұлдасуға жиналған кісілердің бәрі «рас қой, рас қой» деп мақұлдап-шұлғыпты дейді. Ал, қазір күледі. Неге? Заман заманға күле ме? Адам адамға күле ме? Әлде бұрынғы ұрпақтың басындағы мешеулік пен мүшкілдік бүгінгі болған-толған шақтағы мырзам сыған жандардың жүрегін аяныш шақырудың орнына менмендік оята ма? Өткеннің бәріне күле қарау болған-толғанның белгісі ме? .....
Қазақ тарихында Шақшақ Жәнібек деген атпен белгілі Жәнібек Қошқарұлы 1693 жылы Торғайдың Тосын құмында дүниеге келген. Абылай ханның сенімді серігі болған. 1740-41 жылдары Абылай жоңғарларға тұтқынға түсіп қалғанда оны құтқаруға барынша күш салған осы Жәнібек болатын. 1748 жылы 11 шілдеде императрица Елизавета Петровнаның жарлығы бойынша Тархандық атаққа ие болған. Дәуітбай Жәнібекұлы 1712 жылы Торғайдың Тосын құмында дүниеге келген. Жасөспірім бозбалалармен бірге «мың бала» жасағында соғыстарға қатысқан. Әкесі сияқты, Абылайдың сенімді серігіне айналып, хан саясатын жүргізуде маңызды қызмет атқарды. 1759 жылы мұрагерлік жолмен «Тархандық» атаққа ие болған. 1783 жылы қайтыс болып, өзінің туған жерінен топырақ бұйырады. Батырдың жатқан жері Дәуітбай қорымы деп аталады. Дәуітбайдың төртінші ұлы Мұса 1746-1747 жылдар шамасында дүниеге келіп, 1820 жылы дүниеден озған. Сырым Датұлы көтерілісіне қатысқан .Бұл 1790 жылдары, яғни көтерілістің 3 кезеңі болатын. 1793 жылы тархан атағына мұрагерлік жолмен ие болады. Шеген Мұсаұлы 1785 жылы Торғайдың Тосын құмында дүниеге келген. .....
Бозала таңнан қара кешке дейін үйдің жанына жапсыра жиналған бір мая шөптің күнгей жағына отырып күн шуақтайтын Томардың күндегі әдеті еді. Жасы жиырмаға келсе де қарекетсіз, бекерден қолы тимейтін байдың боркемік баласының бар бітірері шөп төсеп алып бір көзін ашып, бір кезін жұмып көктемнің өткір күнінің кезіне сығырая қарап отыру. Ол ешкіммен әңгімелеспейді де, оны ешкім керек етпейді де, бұл дүниеде оның бары-жоғы бәрі бір, оны ешкім жоқтамайды да. Күндегі әдеті осы. Сәресіні ішкен соң-ақ қыстай үстін қар басып кіріккен маядан бір құшақ шөпті уыстап-уыстап зорға суырып, жұлып алады да, оның түстік жағына төсеп, үстіндегі қоңыр тонын шешіп, етегін астына баса желбегей жамылып отырады. Күн қызуы маңдайдан өткен кезде кейде қалғып та кетеді. Екі аяғын екі жаққа талтайтып көсе тастап, бір кезек ұйықтап, әлде жараған бураша есінеп күн өткізеді. Осылай отырған Томар тамылжыған күн маужыратып енді көзі жұмылып бара жатқанда екі атты кісінің сөйлесіп тұрғанын байқады. Әлдеқалай манаурап отырған оның ұйқысы ашылып кетті. Тобыршақ торыға мінген қара жігіт шабдар жорғалыға қарап: .....
Әбітай төсекте сұлық жатады. Бұл бір тыншыған кезі. әйтпесе ояу болса, екі жағынан екі кісі қолын басып отырады. Босанса тұра қашады. Ондай жағдайда жолында не тұрса да қаймықпайды, соғып өтеді. Бірде жанында отырған әйелдердің шамасы келмей қалып, тұра қашып, ұста дүкенінің алдында жатқан, арбаның шенін тартатын диірмен тасты сүзіп жатқанда ұстап алдық. Ол кезде кіресілі-шығасылы есі бар болатын. Есі бір кіріп кеткенде, мені құшақтап «Балбақ, мен қор болдым-ау», — деп жылап жібергенде сай-сүйегім сырқырады. He дейін, «Әлі-ақ жазылып кетесің». — деп жұбатқан болдым.
Әйелдер демекші, ұлы Отан соғысы жүріп жатқан қырық төртінші жылдың қысында оның жанына отырғызатын еркек табылмайды. Күші күн асқан сайын тебіндеп-кернеп келе жатқан он алты жасар жас жігітке әйелдердің әлі жетуі қиын. Әйелдерді отырғызғандағы амалымыздың аяғы жоғарыдағы, екі әйелді екі сілкіп, қашып кетеді. .....
Үш кезеңнен тұратын «Кембридж бағдарламасының міндеті – Қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибелерін жетілдіру мен бағалауға көмектесу» (Мұғалімге арналған нұсқаулық, 12-бет) деп көрсетілгендей менде өзге мұғалімдер секілді тәжірибемді жетілдіріп, өзгеріс енгізу мақсатында Ақтөбе облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының үшінші базалық деңгейлі курсына оқуға келдім. Курстың Бірінші «Бетпе-бет» кезеңінде тренерлер көшбасшылығымен топтасып жұмыс жасауға дағдыландық. Бірлесе жұмыс жасау мақсатымыз топта ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырумен қатар, кездескен.......
Жеңгесі өзінен төрт жас кіші. Бірақ «жасым кіші» деп жүрген ол жоқ, таңертеңнен құлақ етін жеп, шегелеп тұрып айтқан. «Бүгін Зейнеппен жолықтырамын, ешқайда қашып кетпе. Кешкісін Әскердің үйі босайды. Бала-шағасымен Көлбұлаққа кетеді екен. Қызды сонда әкелеміз. Қиқаң-сиқаңды қой. Бүгін не бүк, не шік болып шық» деп салмақ сала сөйлеп, дік-дік басып шығып кеткен. Жеңгесінің аты — Әсел, осы ауылдың қызы. Мұның екінші атадан қосылатын ағасы Мінуарға тұрмысқа шыққанына он екінші жыл. Жасы отызға осы көктемде ғана толса да, Әсел ажары тозып-ақ қалған. Тозбай қайтсін, бірі етегіне, бірі жетегіне жармасқан төрт баланы бағып-асырау оңай болып па?
Мінуар ағасы Әселге үйленгенде Ғұмыр әскерден жаңа келіп еді. Өзінен төрт сынып төмен оқыған қыздың келбетін әуелде көз алдына келтіре алмай-ақ қойған. Дегенмен екеуі жеңге-қайны болып тез табысты. Ғұмыр Әселдің ашықтығын, ақкөңілділігін жақсы көреді. Ашуының зілі жоқ, дүңк еткізіп айта салады да, артынан өзінің не айтқанын ұмытып қалады. Қазір есіне түсірсе, Әсел келін болған он екі жыл ішінде ол тек Ғұмырға қалыңдық іздеумен күн өткізген сияқты.
Ғұмыр — бір үйдің жалғыз ұлы. Жасы биыл отыз төртке шықты. Әлі бойдақ. Әсел жеңгесі мұның бойдақтығын жасықтығынан, жуастығынан көреді. Ғұмыр шынында да тым жуас. Момын. Үндемес. Төрт әпкесі де күйеуге тиіп кеткен соң қарт ата-анасына қарап үйде қалған. Оқыған жоқ. Өзінің талабы да болмады. Білетіні — жазда қолына ұстайтын шалғысы, қыста — айыры......
Төменгі Сарытауқұмды мекен етіп келген Балташтың кәсібі — киіз үйдің үй ағашын жону еді. Оның колхозға барғысы келмей, кежегесі кейін тартты да тұрды. Тіпті жанында туған-туысқандарынан да ешкім қалмай, тегіс колхозға көшіп кетсе де, оның барғысы келмеді. Осылай жалғыз үй жүріп-ақ күнелтемін ғой деп топшылады ол. Бірақ Балташ пен оның зайыбы Ұмтылғанның ойы бір жерден шықпады.
Таңертең Балташ белін буынып, жеңін сыбанып асыға басып тағы да ешкіталдан үйағаш кесуге тоғайға кетіп қалды. Үйде жалғыз қалған Ұмтылған бірер сағат үй ішіндегі күйбең-күйбең жұмысты аяқтаған соң, іші пысып отыра алмады. Ара-тұра әңгімелесіп, сыр шертісетін абысын-ажынның бәрі колхозға кетті. Істеуге жұмысы жоқ, сап-сау адамға күннің батуы қандай қиын болады десеңізші. .....
Әкесі елу тоғызға шыққалы бері Адалдың қатты мазасы кетіп жүрді. Әйелінің әр сөзі дұрыс та болса, оған инедей қадалады. Өсіп, алды он беске, арты беске келген үйелмелі-сүйелмелі жеті бала жақындап жанына әкелеп келсе, оларды да маңына жолатпады. Несіне жолатады? Өзін апарып жардан лақтыратын, өзінің ажалы солардың бірінің қолына екенін біле отырып оларды қалай жақсы керуге болады. Әкесі болса бар шаруаны тындырады. Мұның табанына кірген шәңге менің маңдайыма қадалсын дегеннен басқа байқұс шалда не жазық бар еді. Бірақ хан жарлығы солай, «алпысқа келген атаңнан ақыл сұрама!» Бұл ойын біреуге тіс жарып айтуға болмайды, оны зәушайтан біреу-міреу біле қойып жеткізер болса, ертесіне-ақ әлде тура, әлде қайқы қылыш көтерген жасауылдардың жетері хақ. Сонан соң жаның жаһаннамға кетті дей бер. Басың алмадай домалап көкжендет алдында жатады. Міне, жыл тез етіп барады. Енді біраздан кейін Адал әкесімен біржола қоштасады. Өзі қолымен жардан лақтырып өлтіреді.
Байқұс Ақыл шал да соңғы күндері өзінен өзі шөжіп, торы еттен ажырап, тамақты татып алмайтын болды. Кемпірі қазанға толтыр ұйытқан, қасық тік тұратын қой қатығының бетін сыпырып әкеп шал алдына қояды. Қазандағы айранның қаймағын келін сыпырып алып қарашұнақ балалардың біріне беріп қоймауы үшін таң рауандап к еле жатқаннан тұрып, зар қағады. .....
Бұйырғынды бел ақбұйраттанып, Арқаның апай-топайы бітеу күртіктеп тастаған қаңтар басы еді. Күңгейдегі қалың шұбардан ығыстап шыққан көк бөрі күйлі болса да кәрі тақыс-ты, бірақ құлан шабысты. Соңынан түсер қуғынды сезген ол қары жұмсақ қараған арасынан сытылып, теріскейге қарай тартқан.
Бел-белегір жоны — жұқа сере. Қозы жонға көтеріле соңына бұрыла қараған. Бірі ат, бірі моторлы шана мінген екеу шұбардың шетіне шығып, әлдеқалай аял құрыпты. Құйрығы қар сызған аң бөрібүлкекке салып, жөней берді. Беті — қиыстағы құла орман иірімі.
Бөрі көп ұзамай, тап маңдай алды — бұлдыраған орман басын шала инеліктей ілмиген пәлекет қылт ете қалғаны. Талайды көрген тақыс тарлан тікұшақтан бірақ ыға қойған жоқ, одан қауіп те күтпеді, төтелей тарта берді. Төбесінен қыранша құлдилай келіп, жел үйіріп өте шыққан немеге ептеп қана езуін ыржитып, бұлдыраған көкжиектегі орманға қарай қиыстай түсті. .....