Әңгіме: Сүлеймен Баязитов | Айдарбектің қасиетті Бала қыраны

Әңгіме:  Сүлеймен Баязитов | Айдарбектің қасиетті Бала қыраны

Ертеде өмірі өкінішпен, өксікпен өтіп жатқан Айдарбек атты кедей болыпты. Кедей болғанда да байғұстың өмір бойы табағы майланбаған. Тақымы атқа тимей, нағыз сіңірі шыққан кедей болса керек. Жан дегенде жалғыз жары Қатшадан басқа оның қараша үйіне кіріп-шығып, сырласып мұңдасатын да ешкімі болмаған екен. Қыстың ұзақ, жаздың қысқа түндерінде: «Құдай бізді өмірден баз кешіп, ұрпақсыз өтуге жазған ғой, әйтпесе...» – деп ол жары Қатшаға мұң шағатын. Мұндайда Қатша: «Олай демеңіз, отағасы, Құдай жазса, біздің отбасымызда да қуанышты күндер болар. Біз де ел қатарлы сәби сүйіп, шаттыққа бөленерміз», –дейтін.

Тек сол бақыт, шіркін, жыл өткен сайын бұлардан жырақтап бара жатқандай көрінетін. Бір күні ол қолына қармағын, садағын алып, өзін сандаған жылдар бойы асырап келе жатқан Ақкөлге қарай аяңдап келе жатты. Сәті түссе, балық аулап, құс атып қайтпақ. Кенет оның ойын әлдекімнің: «Ай-дар-беек, Ай-дар-беек!» – деп шақырған даусы бөлді. Ол айнала төңірекке жіті құлақ түріп, бажайлай көз тастады. «Мен мұндамын, мен мұндамын», – деген дауыс, қарсы алдында өсіп тұрған қалың қарағанның арасынан шығып жатты. Айдарбек жүгіре басып, қарағанның арасында тырбаңдап жатқан қызыл шақа бүркіттің балапанына көзі түсті. Өлдім-талдым деп әрең алып шыққан Айдарбек балапанның қатты жарақаттанғанын байқады.

– Айдарбек, –деді ол адамша тіл қатып. – Анау шыңның басындағылар менен күдер үзіп, «мына тұрған қара тасқа соғылып өлсін!» деп лақтырып жіберді. Ал мені Алла сақтаған болар. Тасқа соғылмай осы араға топ ете түсіп, тірі қалдым. Сен мені алып кетіп, жарамды емдеп жазып, аман алып қалсаң, менде бір кәдеңе жарармын. Ал қалдырып кетсең... Бір сөзбен, менің тағдырым сенің қолыңда.

Балапанның осы сөзі жан-дүниесі ізгілікке, мейірімге толы, кімге де болсын көмектесуге әзір тұратын Айдарбектің жүрегін қатты тебіренткен еді. « О, не дегенің?!» – деп оны шапанына орап, үйіне алып келді. Қолы емсек еді. Жаралы балапанды аз күнде-ақ емдеп жазды. Ол бірте-бірте күй алып, темір қанаттана бастады. Үй ішіндегілер оның айбат шегіп, саңқылдаған даусына, қанат қаққанда қырық жамау киіз үйді көтеріп кетердей қуатына тәнті еді. Көңілдері балапанға ауған кемпір мен шал жалғыз-жарым күн кешіп жатқан тірліктерін де, тіпті балаларының жоқтығын да естерінен шығарғандай еді.

Күндердің күнінде сырттан әлдекімнің: «Үйде кім бар?» – деп әкіреңдеген даусы естілді. Үйден ата шыққан Айдарбек пен Қатша өздерін баяғыда ауылдан тентіретіп қуып жіберген Быртық байды, оның жандайшаптарын бірден таныды. Олар да бұларды танып: «Өй, сендер өлген жоқ па едіңдер? Байекең сендерді «қасқыр талаған қойларының құрбандығы болсын, әр сайда сүйектері шашылып қалсын» деп тентіретіп жібергені қайда, ұятсыз немелер? Тіпті кейбірі қамшы үйіріп, қандарын сол арада шашпақ болған.

– Жә, – деді бай, – бұлардың жазасын қайтар жолда берерміз. Ал қазір жолдан қалмайық, – деп атын тебінген. Иіндеріне су кетіп отырған қос мұңлыққа тұғырда тұрған Бала қыран:

– Аға, бүгін киіз үйдің түндігін ашып тастарсыз. Менің көкке көтерілуім керек. Мен көкке көтерілсем, бай және оның жандайшаптары сіздерге түк те істей алмайды.

Сол түні ол ашық қалған түндіктен ұшып шығып, жұлдызы жамыраған көк аспанға найзадай шаншылып қанат қақты. Ұшқан сайын өне бойы жеңілдеп, жүрегін әлдебір белгісіз шаттық меңдеді. Бір мезгілде оның есіне өзін өлімге байлаған шың басындағылар сап ете түсті. Соларға өзінің тірі екендігін әйгілеп, олардың мұны көргенде қандай күйге түсетінін білгісі келген. Енді ол шыңға қарай бет бұрған. Кенет оның құлағына жүрек қылын шертердей мейірімге толы әйел даусы келген: «Текті қыран кекшіл болмайды. Өзгелердің қателігін, қиянатын кешіре білмесең, сен қалай қыран болмақсың?». Тәңірім-ау, мынау сондағы мені Айдарбекпен табыстырған жарық дүниедей жалғыз қамқорымның даусы ғой, – деп ойлаған. Ол:

– Дұрыс айтасыз, апа. Тек мен қайда барарымды білмей дал болып тұрғаным.

– Сен басқаны қоя тұрып, Айдарбекке берген уәдеңді орындау қамына кіріс. Уәде – Құдай аты екенін ұмытпа, алтыным!

– Апа, қалай істесем екен?

– Ол үшін сен қыран бабадан бата алуың керек.

– Мен оны қайдан іздеп табамын?

– Мына төбеңде төніп тұрған аспан ел аузында жеті рахат көк деп аталады. Соның үшінші қабатында қыран бабаның мұз сарайы бар. Ол сонда отырады. Оған қыранның қыраны ғана ұшып барады. Талайлардың тауы шағылып, қанаты қайырылған, – деп терең күрсінді. – Ал сен тәуекел етуіңе тура келеді.

– Әрине, апа. Тек сіз маған соған барар жолды сілтеңізші.

– Тоқтамай, талмай ұшуыңа тура келеді. Ол үшін қойылатын үш талап бар. Оның біріншісі – сергектік, екіншісі– қырағылық, үшіншісі – өжеттік. Осы айтқандар есіңде болсын. Осы үш кедергіден өтерде және мұз сарайға кірерде «Қыран баба, өзің қолдай гөр!» деуді ұмытпа. Ал енді жолың болсын!

Бала қыран аз ұшты ма, көп ұшты ма бір тұста тағы да таныс дауыс құлағына келген: «Сен көп жұлдыздардың арасында жарық жұлдызды көріп тұрсың ба? Негізгі бағытың сол, содан айрылып қалмауға тырыс». Сол сәт бұл көзге түрткісіз қараңғылық құшағына ене берген. «Қыран баба, өзің қолдай гөр!», – деуі мұң екен жаңа ғана жамырап тұрған жұлдыздарды жер жұтқандай еді. Ең қиыны қарсыдан соққан алапат жел сан рет аударып тастай жаздаса, тынымсыз жарқылдаған найзағай көзін қарықтырған. Кейде жарық жұлдыз қалың бұлттан көрінбей кететін.

Ақыры, жарық жұлдыздың қасынан самғап өте берген. Сол сәт таныс дауыс құлағына келген: «Қатар-қатар тізіліп тұрған мұз тауларды көріп тұрсың ба? Саған солардың арасынан өтуге тура келеді. Батыл бол!». Ол сүмектеп жауған жаңбырдың арасында ұшып келе жатып арагідік қас қағым сәтке болсын мұз таулардың арасында жік пайда болатынын байқаған. Жауған жаңбыр қанаттарына қалың мұз боп қатып, ұшу барған сайын қиындай түсті. Соған қарамастан ол жылдамдығын еселей түсті. Мұз тауларға жақындаған тұста қыран: «Қыран баба, өзің қолдай гөр!», – деп мұз таулардың арасында пайда болған иненің жасуындай жікке қарай батыл ұшқан.

Сол кезде мұз таулар қақ айрылып, алдынан алаулай жанған қызыл шоқ көрінді. Тағы да таныс дауыс: «Саған осы қызыл шоқты жарып өтуге тура келеді». Бала қыран соңғы күшін сарқа самғай қанат қақты. Қызыл шоқтың ортасына ене берген тұста тағы да: «Қыран баба, өзің қолдай гөр!», – деді саңқ етіп. Сол мезетте жаңа ғана бет шарпып тұрған қызыл шоқтың қызуы сәл басылғандай еді. Осының өзі Бала қыранның сарқыла бастаған күшін еселей арттырған. Алда – мұз сарайы. Тағы да таныс дауыс: «Сен енді мұз сарайының алдына қонып, «Қыран баба, өзіңізді іздеп, бір кезде өзіңіз түлеп ұшқан қырдан сізге арнайы сәлем бере келдім» деп дыбыста. Ештеңеге назар аударма, артық ауыз сөйлеме», – деген. Бала қыран солай істеді. Тақта отырған Баба қыран бұған сүйсіне көз салып: «Адал мен арамды, дос пен қасты ажырата біл. Кемел бол, кең бол», – деп бата берген. Бұл есік көзіне жақындаған тұста: «Досыңа қастық жасағысы келгендер қазір менің әміріммен адасып жүр. Өзің аман-сау оралған соң, «адасқанның алдын жөн, арты соқпақ» деп оларды қайтарарсың, жолың болсын!» – деген еді.

Ақыры, ол жерге қайтып оралды. Оны қарсы алған Бүркіт апа биік қара ағашқа қондырды. Дем алып, өзіне-өзі келген сәтте, оның есіне Қыран баба айтқан «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген сөзді қайталауы мұң екен көп күттірмей, байдың да қарасы көрінді.

Бай қасындағы нөкерлерге: «Шал мен кемпірді ана шыңнан лақтырыңдар!» – деді. Айдарбек: «Құрғыр-ай, құрғыр-ай!», – деп айғайлай жөнелді. Дәл сол мезетте аспанда алаулап жанған қызыл шоқ пайда болып, жер-дүние қызыл шоққа оранғандай көрінді. Мұны көрген байдың адамдары жер бауырлап жата кетіп: «Алла, өзің сақтай гөр!» – деп жалынып-жалбарынумен болды. Ал ат үстінде тұрған байды әлдене ат-матымен көтеріп алып, шыңға қарай ұша жөнелді. Бай: «Айдарбекжан, менен бір ағаттық өтті, бала-шағам бар еді, – деп көз жасын көлдете бастаған. Байдың « бала- шағам» деген сөзі көңілін босатқан Айдарбек: « Қыраным, кешірім етейік», – деген сәтте-ақ бай ат-матымен жерге топ ете түсті.

Бала қыран өзіне пана болған Айдарбектің киіз үйінің шаңырағына барып қонды. Мұны көрген бай мен оның жанындағылардың үрейлерінің ұшқандықтары соншалық – бірімен-бірі жарыса Айдарбекке ендігәрі қастық ойламауға ант-су ішісті. Киелі Бала қыранның айтқан алғысы Айдарбекке құт боп дарып, бірер жылдан соң шаңырағында шаттыққа бөлеген сәби даусы естіліп, аңсаған армандарына жетсе керек.

Сүлеймен Баязитов


Доп      


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Іздеп көріңіз:
әңгіме Сүлеймен Баязитов Айдарбектің қасиетті Бала қыраны туралы ангиме казакша рассказ на казахском, рассказ Сүлеймен Баязитов Айдарбектің қасиетті Бала қыраны на казахском языке ангиме скачать бесплатно, қызықты әңгімелер балаларға арналған, кызыкты ангимелер балаларга арналган, интересные рассказы на казахском языке

Пікір жазу

  • [cmxfinput_gallery][cmxfinput_youtube]